ЖАРКЕНТТЕ "АУЫЛ" ПАРТИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ БЕС ОТБАСЫНА ҮЙ ТАРТУ ЕТТІ

Уақыты: 09.11.2021
Оқылды: 1117
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Алматы облысында «Ауыл» партиясының депутаты төрт отбасына баспана сыйлады. Бұл туралы "Жетісу" газеті "Қазақпаратқа" сілтеме жасап хабарлады.

«Ауыл» партиясы Панфилов аудандық мәслихатының депутаты, кәсіпкер Олжас Жапарқұл төрт шаңыраққа баспана кілтін тапсырды. «Ернар» шаруа қожалығына жетекшілік ететін кәсіпкер бұған дейін 6 отбасына үй әперген болатын. Бұл отбасылардың барлығы - аталған қожалықтың жұмысшылары.

Бес бөлмелі бір үй 114 шаршы метр аумықты алып жатыр. Іші толық жабдықталып, жер телімдерімен қоса берілген. Келісімшартпен жұмыс істейтін қожалық қызметкерлеріне қосымша жалақы да төленеді.

«Біздің «Ауыл» партиясы ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай 30 игі іс бастады. Сол шара біздің ауданнан басталғанына қуаныштымын. Бұл отбасы - біздің қожалықтың қызметкерлері. Бала-шағасы бар. Баспанасыз жүрген. Бүгін көппен бірге үйдің кілтін тапсырдық. Мұндай істер әлі де жалғасын табады», - дейді үй сыйлаған азамат Олжас Жапарқұл.

Қазіргі сәтте шаруа қожалығында 126 қызметкер бар. Аграрлық және мал шаруашылығымен айналысатын қожалық басшысы бұдан бөлек аудандағы көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға тұрақты қол ұшын беріп келеді. Жалпы, Панфилов ауданында 4058 тұрғын баспана кезегінде тұр. Жыл соңына қарай тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Нұркент ауылында 120 отбасына баспана кілті тапсырылмақ.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"