ҚАНАТ БОЗЫМБАЕВТЫҢ КЕЗЕКТІ ЖҰМЫС САПАРЫ ІЛЕ АУДАНЫНДА ЖАЛҒАСТЫ

Уақыты: 10.12.2021
Оқылды: 1421
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Іле ауданы – Алматы облысының ең іргелі аймағының бірі. Алматы мегаполисімен шекаралас ауданды дамытуға инвесторларды көптеп тарту керек. Бұл ретте бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі алдыңғы орында тұруы тиіс. Іле ауданына жасаған жұмыс сапары барысында Алматы облысының әкімі Қанат БОЗЫМБАЕВ аудан әкімдігінің алдына осындай міндеттер қойды. Бұл туралы "Жетісу" газеті Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

Сапар барысында Қанат Бозымбаев Өтеген батыр ауылындағы Сервистік әкімдік ғимаратының халыққа қызмет көрсету мүмкіндіктерімен танысты. Қосөзен ауылында биылғы оқу жылында қолданысқа берілген №50 орта мектепті де аралап көрді. Мұнда  жалпы саны 630 бала оқиды, соның 300-дейі ауыл маңындағы 12 саяжайдан келіп білім алады. Мектепте балаларға сапалы білім беруге барлық жағдай жасалған.

Сол сияқты Қанат Алдабергенұлы толық іске қосылғанда 84,8 млрд.теңге инвестиция тартылып, 1 мың тұрақты жұмыс орнын ашатын «Сокол» спорттық техникалық кешенінде де болды.

Өтеген батыр ауылындағы аллеяға атбасын тіреп, мұнда елді мекенді абаттандыру жоспарымен танысты. Аудан әкімі Бағдат Қарасаев тұрғын үйлердің аулалары мен балалар ойын алаңдарын абаттандырудың эскиздік жобалары, көп қабатты үйлердің қасбеттері мен шатырларын жөндеу жұмыстары жайлы айтып берді. Яғни осы аллеяның бойындағы үйлердің қасбеттері бір сәулеттік келбетке келтіріледі. Сол сияқты көп пәтерлі үш үй мен 100 коттедждің, аудандық мәдениет үйі мен спорт кешенінің жобалары таныстырылды.

Аудан әкімі Іле өңіріндегі саяжайлардың инфрақұрылымдық мәселелерін шешудің жоспар-жобаларына жеке тоқталды. Оның айтуынша, биылғы жылы 234 млн. теңгеге 18 саяжай бірлестігіне апаратын 6,9 км жол жасалған. «Жомарт» және «Черемушки» саяжайларына ауыз су және электрмен қамту жүйелерін күрделі жөндеудің жобалық-сметалық құжаттары дайындалуда.

Бұл мәселеге облыс әкімі Қанат Бозымбаев аудан активімен кездесуінде ерекше мән беріп, жиын барысында келелі проблемаларды талқылады. Және ең басты міндет – Президенттің халыққа Жолдауынан туындайтын міндеттер мен мемлекеттік бағдарламаларды нәтижелі орындау екенін атап өтті.   

Алдымен аудан әкімі Бағдат Қарасаев өңірдің 10 айдағы даму көрсеткіштері мен алдағы міндеттер жайлы баяндама жасады. Бұдан соң облыс әкімі Қанат Бозымбаев азық-түлік өндірісінің төмендеуіне жол бермеу, медицина мамандарының жетіспеушілігін болдырмау үшін шаралар қабылдау, мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде тұрғын үймен қамтамасыз ету арқылы үй кезегіндегілер санын азайту, саяжайлардағы әлеуметтік мәселелерді шешу сияқты бірқатар проблемаларға қатысты аудан әкімі орынбасарларының жауабын тыңдады.

- Іле ауданы – іргелі аудан. Мұнда 310 мыңға жуық адам тұрады. Соның 60 мыңнан астамы - саяжай тұрғындары. Саяжайда тұратын адамдарға қолайлы өмір сүру жағдайын жасауымыз керек. Ол үшін 3-4 жылға арналған стратегиялық жоспар болуы керек. Онда әрбір саяжай массивін газ, су, электр жарығы, жол сияқты инфрақұрылыммен қамту, әлеуметтік нысандар салу – барлығы да қамтылуы керек. Саяжай массивтерінде тұратын азаматтардың мәселелерін шешу жергілікті атқарушы органның маңызды басымдығы болуы тиіс, - деді Қанат Бозымбаев. Сонымен қатар, ауданға инвесторларды көптеп тарту керектігін ескертті. Бұл орайда бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі алдыңғы орында тұруы тиіс.

Жиын барысында облыс басшысы Қанат Бозымбаев аудан әкімдігінің алдына халықтың әл-ауқатын арттыру бағытындағы басқа да маңызды міндеттер қойды.

Үш ауысымды мектептерді жою үшін ұсыныстар енгізіліп, бұл істе мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігінің мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану қажет. Жаңа жұмыс орындарын құруды ширату, қайта өңдейтін өндірістер ашуды жандандыру, коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу, әлеуметтік мәні бар азық-түлік бағасының көтерілуіне жол бермеу, жастар мен балалардың бос уақытын тиімді өткізуге жағдай жасау тапсырылды. Сол сияқты Алматы қаласы мен Іле ауданы арасындағы жолаушы көлігі қатынасы және жолақы төлеміндегі жеңілдіктер мәселесіне қатысты туындаған қиындықтарды алдағы уақытта қала басшылығымен кездесіп, талқылайтынын айтты.

* * *

Сапар аясында ГМО-сыз (генетикалық модификациялық организм) соя өсіру мүмкіндіктері жайлы жоспарлар да талқыланды. Жұмыс сапары кезінде Қанат Бозымбаев сояны терең өңдеумен айналысатын «Аgritech» ЖШС-да болып, өндіріс процесімен және зауыттың мүмкіндіктерімен танысты.

Белгілі болғанындай, зауыттың қуаттылығы жылына 6,5 мың тонна соя үгіндісін шығаруға жетеді. Бұл өнім тамақ өнеркәсібінде кеңінен пайдаланылады. Бүгінгі күні экспортқа бағытталған кәсіпорын өз қуаттылығының 70 пайызына шыққан. Жобаның жалпы құны - 3,7 млрд. теңге. Өнім жергілікті нарыққа шығарылады, шұжық өнімдерін дайындауда пайдаланылады. Қазіргі кезде нанотехнологияны қолдана отырып, ферменттелген соя белогын өндіретін желі іске қосылды. Соның арқасында  оның ағзаға сіңірілуі жақсартылды, яғни оны балаларға арналған және спорттық тағамдарға пайдалануға болады. Өндіріс кезінде тек ГМО-сыз, сапасы жоғары соя ғана қолданылатынын атап өту керек. Өзімізде өсірілетін соя тек мал азығына арналғандықтан, әзірге сояның азық-түлікке пайдаланылатын тұқымы Ресейден әкелінуде.

- Біздің өңірдің соя өсірудегі тәжірибесі мол. Сондықтан сіздерді жергілікті шаруашылықтармен байланыстыру керек, егер оларды сапалы тұқыммен қамтамасыз етсеңіздер, ГМО-сыз соя өсіру ісін осы аймақта да қолға алуға болады. Сонда шикізатты сырттан әкелудің қажеті болмайды. Сондай-ақ ирригациялық жүйелерді жаңғырту бағытындағы жоспарларымыз ауқымды. Сондықтан бұл жағынан мүмкіндіктеріміз мол, - деді Қ.Бозымбаев кәсіпорынға барған кезінде.

Сол сияқты Қанат Бозымбаев зауыттың алдағы даму жоспарлары туралы сұрап білді. Кәсіпорын басшысының айтуынша, зауыт жұмысын ілгерілетуде сатылас интеграцияға басымдық беріліп отыр. Облыс әкімі электр энергиясының үзіліспен берілу мәселесін шешуге, өндірістегі буға қажетті екінші резервтік қазандық сатып алуға қолдау көрсетілетінін айтты.

Ауданға іссапары барысында Қанат Бозымбаев Gate city серіктес қаласын дамытудың жобаларымен танысты.

Серіктес қаланы дамыту жоспары, атқарылған істер, жүргізілген инфрақұрылым және туындаған проблемалар туралы «Алатау» АҚ басшысы Асқар Тұтұбаев баяндады.

Спикердің сөзіне сүйенсек, қазіргі кезде жалпы алаңы 2370 га болатын Gate city бірінші серіктес қаласының жобасы іске асырылуда. Жобадағы қала халқының саны – 90 мың адам. Мамыр айында жалпы алаңы 43 мың шаршы метр болатын 10 үйдің құрылысы басталды. Барлық магистралдық желілері бар, негізінен өмір сүруге қажетті инфрақұрылымның бәрі жүргізілген. Дегенмен газ бен су жетіспеушілігі туындауы мүмкін, тұрмыстық және өнеркәсіптік нысандарда кәріз жүйесінің де мәселесі бар.

Осыған байланысты барлық нысандардың техникалық тексерісін жүргізу керек. Қажет болса күрделі жөндеу жүргізіп, іске қосып тексеріп көру керек. 

Баяндаманы тыңдап болған соң Қанат Бозымбаев жер учаскелері бойынша есеп беруді тапсырды.

- Бірінші кезекте бас жоспарды тағы бір рет егжей-тегжейлі қарау керек. Ол үшін облыстық комиссия құрылып, барлық жер учаскелері иелерінің қатысуымен жер мәселесі кеңінен талқылануы тиіс. Олардың жер учаскелерін дамытуға мүмкіндіктері бар ма, жоқ па, анықтауымыз керек. Содан кейін барып тиісті шаралар қабылдаймыз, - деді облыс әкімі.

Мұнан соң Қанат Бозымбаев «Даму» индустриалды-логистикалық орталығында және оның аумағында орналасқан сорғы құралдарын шығаратын «Wilo» зауытына барды. «Wilo» зауыты - Алматы облысында іске асырылып жатқан 9 трансұлттық компания жобаларының бірі. Бұл жоғары технологиялы, экспортқа бағытталған кәсіпорынның сорғы стасасын жинақтауда жоғары деңгейлі автоматтандырылған жүйесі бар.

Мұнда шығарылатын өнімнің басты ерекшелігі – ең озық технологияны қолданатындығы, электр энергиясын пайдаланудағы үнемділігі. Мәселен, қазірдің өзінде кәсіпорында сұйық магнитті сорғылар қолданылады. Өнім Қырғызстан, Өзбекстан, Монғолияға экспортталады. Жылына 500 бірлікке дейін өнім шығарылады. Компания кеңсесі Нұр-Сұлтан, Өскемен, Атырау қалаларында бар.

Өнеркәсіп цехында және дайын өнімдер қоймасында болған Қанат Бозымбаев өнім ассортименттерімен танысып, сорғы стансасын жинақтап қана қоймай, өндіруді де қолға алу туралы ұсынысын айтты. Бұл ретте кәсіпорынға барлық қажетті қолдаулар көрсетілетін болады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"