"МЕРЕЙЛІ ОТБАСЫ" ҰЛТТЫҚ БАЙҚАУЫНА ҚҰЖАТ ҚАБЫЛДАУ БАСТАЛДЫ

Уақыты: 20.05.2022
Оқылды: 1348
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Алматы облысында өнегелі құндылықтарды жаңғырту және отбасы мен некенің (ерлі-зайыптылықтың) жағымды үлгісін көрсету, отбасы мәртебесін арттыру мақсатында «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы өткізіледі.

Конкурсқа әкімдіктердің аудандық (қалалық) комиссияларына 15 мамыр мен 15 маусым аралығында өтінім беру арқылы, өзін-өзі ұсыну жолымен, сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдардың, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркелген заңды тұлғалардың ұсынуы бойынша үміткер отбасылар қатыса алады.

Конкурсқа отбасы мүшелерінің еңбектегі, спорттағы, шығармашылықтағы, зияткерлік және ғылыми саладағы жетістіктері жоғары, сондай-ақ, қоғамдық пайдалы қызметке белсенді қатысатын (волонтерлік, қайырымдылық, меценаттық, тәлімгерлік) отбасылар жіберіледі.

Қазақстан Республикасының аумағында тыйым салынған ұйымдардың құрамында қызмет ететін немесе бұрын сотталған мүшелері бар отбасылар конкурсқа қатыса алмайды.

Конкурс екі кезеңде жүргізіледі. Бірінші кезең – аудандық (қалалық), екінші – облыстық деңгейде.

Конкурсқа қатысу үшін қағаз және элек-трондық нұсқада аудандық (қалалық) комиссияға келесі құжаттар тапсырылады:

1)ата-аналардың (қорғаншылардың, қамқоршылардың) жекебасын куәландыратын құжаттардың көшірмелері, балалардың туу туралы куәліктерінің көшірмелері;
2)асырап алушы (қорғаншы) отбасылар үшін жергілікті уәкілетті органның кәмелетке толмаған балаға қорғаншылықты (қамқоршылықты) белгілеу туралы шешімінен үзінді көшірме;
3)неке қию туралы куәліктің көшірмесі;
4)ата-аналарының біреуі қайтыс болған жағдайда, қайтыс болу туралы куәліктің көшірмесі (болған жағдайда);
5)балаларды тәрбиелегені үшін алған көтермелеулердің, белгілі бір жетістіктері үшін алған көтермелеулердің бар екенін куәландыратын құжаттардың көшірмелері;
6)заңды және (немесе) жеке тұлғалардың ұсыным хаттары (кемінде екі);
7)отбасы мүшелерінің еңбектегі, спорттағы, шығармашылық, зияткерлік, ғылыми жоғары жетістіктерін куәландыратын құжаттардың көшірмелері;
8)дербес деректерді жинауға және өңдеуге келісім.

Құжаттарды көрсетілген мерзімнен кейін ұсынған үміткерлер конкурсқа қатысуға жіберілмейді.

Аудандық (қалалық) комиссияға ұсынылған құжаттар қайтарылмайды.

Барлық мәліметті аудандық (қалалық) ішкі саясат бөлімінен алуға болады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"