ЖАҢА МЕКТЕП САЛЫНСА...

Уақыты: 08.07.2022
Оқылды: 1508
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Жаркент қаласындағы Жамбыл Жабаев атындағы орта мектеп 1972 жылы 600 балаға арналып салынған. Бүгінгі таңда оқушылар саны 1900-ге жетіп, олар қысылып-қымтырылып екі  ауысымда оқуда. 

Осыған орай шешімін күтіп отырған екінші мәселе – мектеп жанынан жаңа білім ошағын салу. Бұл мақсатқа қоршаған ортаға зиянды қалдықтардың бөлінуіне байланысты 2013 жылы жабылып қалған крахмал-сірне зауытының бос тұрған жерін пайдалануға болады. Ол үшін жекеменшіктегі жер мемлекет қорына қайтарылуға тиіс.
Ал мектеп балансында тұрған спорт алаңына үлкен футбол, мини-футбол, баскетбол, волейбол алаңдарын, 400 метрлік жүгіру жолдары мен қос трибуналы стадион салу жобасы 2008 жылдан бері екі  рет дайындалған болатын. Жаңа мектеп, спорт алаңын салу туралы ұсынысты Алматы облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ж.Сүлейменоваға да жеткізген болатынбыз.  Алайда оған жауап ретінде «Бүгінгі күнге Жаркент қаласындағы Жамбыл атындағы орта мектептің спорт алаңына ағымдағы жөндеу жұмыстарына қаражат қарастырылуда» – деген хат жолдаған екен. «Домбырам не дейді, мен не деймін» дегендей, бұл екі мәселе де шешілмей келеді. Десек те, Жамбыл атындағы орта мектепке қатысты осы жайт облыс басшылығының назарына алынып, оң шешімін табады деген үміттеміз.

Сұлтанғазы ҚОҚАБИ, 
Жамбыл атындағы орта мектептің  футбол үйірмесінің
оқытушы-жаттықтырушысы
        Панфилов ауданы
        Жетісу облысы
Сурет ғаламтордан алынды