АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ АЗАМАТТАРДЫ ЖЕКЕ СҰРАҒЫ БОЙЫНША ҚАБЫЛДАДЫ

Уақыты: 22.07.2022
Оқылды: 1440
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев жергілікті тұрғындарды қабылдап, талап-тілегін, өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады. Азаматтардың пікірін толыққанды ой елегінен өткерген аймақ басшысы күрмеуі қиын мәселелер жедел түрде шешімін табатынын айтып, жауапты мамандарға арнайы тапсырма берді.

Жиында алғашқы болып сөз алған Кеген ауданына қарасты Жылысай ауылының тұрғыны, тыл ардагері, 87 жастағы Бекетай Мамытов  баспана мәселесін көтерді. Ақсақалдың сұрауымен өңір әкімдігі бұрнағы жылдары аудан орталығы Кеген ауылынан пәтер берген. Дегенмен, балаларының қасында, өзі туған ауылда тірлік кешуді қалаған ақсақал берілген пәтерден бас тартыпты.

– Тұмасы тұнық, ауасы саф туған ауылымда, көзкөргендерім мен бала-шағамның ортасында өмір сүргім келеді. Кеген ауданынан ауылыма қатынаудың әуресімен жүргім келмейді. Денсаулық жарамайды, кәрілік де жар бермейді, – деген ақсақалға аймақ басшысы Марат Елеусізұлы мәселенің мән-жайын жіті зерттеп, облыс, аудан әкімдігі тарапынан сұранысқа нақты жауап берілетінін ескертті. Алдағы тамыз айында болатын Кеген ауданы халқымен кездесу сапарында аталған мәселенің нақты байламы ақсақалға баяндаталынын тілге тиек етті.

Талғар ауданына қарасты Панфилов ауылының тұрғындары Гуля Тахметова мен Айжан Сосин өздері тұрып жатқан 4 қабатты тұрғын үйге газ бен жылыту жүйесін орнатып беруін сұрады. Мұндағы тұрғындар өз қалталарынан қаражат бөліп, ақылы түрде жылыту жүйесін тарттырайын десе кейбір заң шеңберінде кедергіге ұшыраған. Көпқабатты үйдің маңындағы тұрғын үйлерге жеткен газды тарта алмай отырмыз деген азаматтар бұл мәселені әкімнің өз назарына алуын сұрады. Сонымен қатар, тұрғын үй ауласы, жолы жөндеуден өтпегенін де айшықтады.

Әкім қабылдауында болған Жамилия Иманбекова Қарасай ауданына қарасты Іргелі ауылындағы Жетісу көшесіне жөндеу жұмыстарын жүргізіп беруінсұраса, тағы бір қарасайлық азамат Әбілтай Айтқазин «КазМис» саяжайында тұрып жатқан жергілікті халықтың мұңын арқалап келгенін айтып, аталған елді мекеннің батыс бөлігіндегі қалаға шығатын жалғыз жолды Үлкен Алматы айналма жолы құрылысын жүргізіп жатқан түрік компаниясы жауап тастағанына наразылық білдірді. Аталған жол жабылған соң оқушылар мектепке бара алмайтынын ескертіп, тіпті, қарапайым халықтың өзі ары-бері шыға алмай, саяжайда қалғанын жеткізді.  Ал, Іле ауданының тұрғыны  Сабыржан Бибатжановты тұрып жатқан үйінен шығарып тастаған. Сот шешіміне  наразылық білдірген азамат осы мәселенің мән-жайын тегіс баяндап, аймақ басшысына жәрдемін тигізсе деген өтінішпен келіпті. Тағы да тұрғын үй мәселесі бойынша әкім қабылдауына келген Іле ауданына қарасты Түймебай ауылының тұрғыны Жеңісгүл Дәулетова билік тарапынан көмекке зәру екенін айтып, сонымен қатар қолөнер орталығының құрылысына жәрдемдесуін сұрады.

Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Баубақша саябағының тұрғыны Өрікгүл Илданова аталған саяжайда 100-ге жуық отбасы тұратынын, онда алаяқтықпен сатылған жер учаскелеріне заңсыз үй түсіп жатқанын ашына толғады. 3 мыңнан 6 мың долларға дейінгі сомада 7,5 соттық жерді сатып алып, алаңсыз үй соққан, 3 ай көлемінде құжаттарыңды заңдастырып беремін деген азаматқа сеніп, аяғында аһ ұрып қалғандарын айтты. Өйткені, үй түскен жерлер 2022 жылдың қаңтар айынан бастап егістік жер деп танылған. Заң бойынша егістік жерлерге үй салу қарастырылмаған.

Міне, осындай жайттармен танысқан облыс әкімі қабылдауына келген азаматтардың арыз-шағым, талап-тілегі ескерусіз қалмайтынын жеткізді. Жиын барысында басқарма басшылары мен аудан әкімдеріне, орынбасарларына арнайы тапсырма берген облыс басшысы М.Сұлтанғазиев кейбір мәселелер аудан шеңберінде жауабын табуға тиіс екенін ескертті.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Фото - Аслан ҚАЖЕКЕ

Қонаев қаласы,

Алматы облысы