ДИЗЕЛЬ ОТЫНЫ ЖЕТПЕЙ ЖАТҚАН ЖОҚ, КЕРІСІНШЕ, ДҰРЫС ИГЕРІЛМЕЙДІ

Уақыты: 19.08.2022
Оқылды: 2149
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Көп ұзамай диқандар үшін аса жауапты кезең де келеді. Жаз бойы төккен тердің нәтижесі шығады. Бел жазбай өсіріп, өндіргендерін уақтылы жинау үшін шаруаларға дизель отыны қажет. Осы мәселе қазір қалай шешімін тауып жатқанын талқылау мақсатында «дөңгелек үстел» ұйымдастырылды.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Коюмчан Омаровтың төрағалығымен өткен жиында арзандатылған дизель отынының тапшылығын туғызбау, бағасының орынсыз өсуіне жол бермеу, оны бөлу, тарату, игеру және орын алған кемшіліктерді заң аясында шешу жолдары қарастырылды. Осы орайда, шаруалар мен мамандар пікір алмасып, ұсыныс-тілектерін ортаға салды, сұрақтарына жауап алды. 

Басқосуда Алматы облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Бақытжан Төлеуов, жедел басқарма басшысы Ерлан Ақынбаев пен оның орынбасары Ғалымжан Байбосын пікірлерімен бөлісті. Мемлекет басшысының және ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің тапсымасына сай Алматы облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне бөлінген дизель отынын кепілденген бағамен бөлу заңдылығына талдау жүргізіп, жеңілдікпен берілетін дизель отынын жоспарлау және бөлу заңмен реттелмегенін анықтапты.

Өткен жылғы егін егу жұмыстарына барлығы 29,5 мың тонна дизель отыны бөлініп, АШТӨ 15,3 мың тоннасын немесе 51,8 пайызын игерген. Биылға 24,5 мың тонна дизель отыны бөлініпті. Оның ішінде көктемгі егін жұмыстарына берілген 14,4 мың тонна дизель отынының 6,9 мың тоннасы ғана пайдаланылған. Ал күзгі жиын-терінге бөлінген 10,1 мың тонна дизель отыны кестеге сай игерілуде. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің талап етпеген дизель отынының көлемін кейіннен оператор өз қалауы бойынша нарық құнының шегінде өткізеді. Осы дерек бойынша жеңілдетілген ресурстарды пайдалану кезінде заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды