ҚОНАЕВ ҚАЛАСЫНЫҢ БАС ЖОСПАРЫ ЖЕЛТОҚСАН АЙЫНДА БЕКІТІЛЕДІ - МИНИСТРЛІК

Уақыты: 10.11.2022
Оқылды: 1515
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Қонаев қаласының бас жоспарын әзірлеу биылғы жылдың желтоқсанында аяқталады. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мәлімдеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысына жасаған сапарында Қонаев қаласын экологиялық таза, өмір сүруге қолайлы «ақылды» шаһар ретінде қарастыратын жаңа бас жоспарын дайындауды тапсырған болатын. Сондай-ақ, облыс орталығы мен G-4 City аумағында арнайы экономикалық аймақтар (АЭА) құру жүктелді. Бұдан бөлек, Президент өңірге педагогика кадрларын және дәрігерлерді тарту үшін оларды баспанамен қамтамасыз ету шараларын қабылдау қажеттігін атап өтті.

«Қазіргі күнде Қонаев қаласының бас жоспарын «Урбостиль» компаниясы әзірлеп жатыр. Бұл жұмыстар биылғы жылдың 20 желтоқсанына дейін аяқталмақ. Кейін заңнамаға сәйкес облыс әкімдігі жобалық шешімдерді қала тұрғындарымен ашық талқылауды ұйымдастырады. Сонымен қатар, бүгінде арнайы экономикалық аймақтардың тұжырымдамасын даярлау жұмыстары жүргізілуде. Бұл орайдағы жұмыстар аяқталған соң министрлік бекітілген заңнамалық талаптарға сәйкес АЭА құруға кіріседі (эксперттік кеңес, жобаны мақұлдау)», - делінген министрлік мәліметінде.

Айта кетерлігі, бүгінде Алматы облысында тұрғын үй мәселесін оңтайлы шешудің тетіктері іске асырылуда. Атап айтқанда, жас мамандар «Алатау жастары» бағдарламасы арқылы баспанаға қол жеткізуіне мүмкіндік бар.

"АЛАТАУ-АҚПАРАТ"