ҰРПАҒЫ ТӘРБИЕЛІ ЕЛДІҢ ТҰҒЫРЫ БИІК БОЛАДЫ

Уақыты: 13.02.2023
Оқылды: 852
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Жетісу облысының орталығы Талдықорған қаласында жасөспірімдер тәрбиесі бойынша алқа өтті. Оған облыстық білім басқармасы мен құқық қорғау ограндарының қызметкерлері қатысты. 

Мұнда бүлдіршіндер мен жасөспірімдер арасында қылмыс санының өсіп кеткені, оның алдын алу жайы, тәрбие барысы сөз болды. Жасөспірімдер арасындағы суицидті болдырмау және жат қылықтардың алдын алу мәселелері қаралды. Жиынды облыстық білім басқармасының басшысы Айжан Адамбекова жүргізді.  Биылғы қаңтар айында облыста жасөспірімдердің араласуымен 9 қылмыс жасалған.  Оның бірі – адам өлтіру. Төртеуі ұрлық, біреуі алаяқтық, тағы бірі – тонау. Сондай-ақ, жыл басынан бері ішкі істер органдары 16 жасөспірім, 22 қолайсыз отбасын тіркеуге алған. 
Жиында Жетісу облысы  полиция департаментінің полиция полковнигі  Қайсар Мұхметов кәмелетке толмағандар арасында қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша жүргізілген жұмыстар туралы баяндама жасады. Полиция полковнигінің айтуынша, қазіргі кезде барлығы 197 жасөспірім мен 222 қолайсыз отбасы қадағалауда. Ағымдағы жылы балалардың қатысуымен 4 жол-көлік оқиғасы орын алған. Оқиғаның салдарынан кәмелетке толмаған              4 бала жарақаттанған. Балалардың жол ережесін сақтамауы да өміріне қауіп төндіруде. Осыған орай, құқық қорғаушылар ақпан-наурыз айларында «Бала және бағдаршам» жобасын ұйымдастыруда. Баяндамашы барлық білім беру мекемелерінде жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыруға және олардың арасында заңға бағынушылықты қалыптастыруға  бағытталған құқықтық тақырыптағы лекциялар,  ата-аналармен жиналыс өткізіп, бала тәрбиесіне байланысты жұмысты жандандыру керек екенін айтты.  
Тәрбие – баршаға ортақ. Бұл орайда, оқу орындары, ата-ана, құқық қорғаушылар ұл-қыздың тәрбиесіне баса көңіл бөлетінін  қадағалаудан-ақ байқап келеміз. Құқық қорғаушылар түнгі уақытта жасөспірімдердің ойын-сауық орындары мен көшеде бей-берекет жүруіне тыйым салған. Көңіл көтеретін орындарға жиі рейд жүргізгенімен қылмыс азаймай отыр.  Қыз балалардың бір-бірін таяқтап жатқаны  әлеуметтік желіде тарап,  елдің алаңдаушылығын тудырғаны мәлім. Бүгінде сол қыздар да оқудан шығарылды. Қоғамнан аластатып тастау тәрбиеге, жанашырлыққа жата ма? Керісінше, тәрбиелік жұмыстар жүргізіп, ортаға тарту керек емес  пе еді?! Оқуын аяқтатпай білім орнынан аластату, оның өміріне біржолата балта шабу ғой деген ой туады. Ондай жаза қолданбаса, ертең қатарына басқа қыздарды да тартып, жаман әдетті жалғастыра беруі де мүмкін. Сол үшін талбесіктен басталатын тәрбиеге аса мән беруіміз керек. Бұл күнгі басқосуда облыс прокурорының орынбасары Әлішер  Аешов те баяндама жасап, қылмысты болдырмау жөніндегі өз ұсынысын жеткізді. Білім беру мекемелері тәрбиелік жұмысты жақсарту үшін құқық қорғау орындарымен бірлесіп жұмыс істеуді күшейтетінін айтты. Бұл орайда мектептердегі жағдайға мониторинг жүргізіліп отырады. Қылмысқа бейімді балалардың бос уақытын тиімді пайдалану ұйымдастырылады. 
Алқа мәжілісінде бала тәрбиесіне байланысты көптеген ұсыныс айтылды. Мектеп, колледж директорларына нақты тапсырмалар берілді.

Гүлжан ТҰРСЫН