АЛҒЫС: "ҚАРАЕКЕТКЕ" БЕРЕКЕТ БЕРСІН

Уақыты: 20.02.2023
Оқылды: 1313
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Жүрек жанының құтысы секілді. Сол құтыға өмірден татқан күйінішіңнен үзілген кермек жасты, тілден аңдаусыз төгілген заһарды құйып, мехнат шеккен кезеңдеріңдегі өкініш пен уайымның сығындысымен толтырсаң, уақыт өте оның түбіне қақ тұрады. Ал, ақ иығыңды талдырған зілмауыр жүкті арқалап жүріп, тірлікте көрген қуанышың мен жұбаныш тұтқан дүниелеріңе шынайы шүкіршілік ете біліп, әлгі құтыға мөлдір дүниелерді ғана жинасаң – асыл мүшең бақытты, берекелі ғұмырға жетелейді.

Мен осынау толғамды тағдырдың таразысына салынған шақта көңілімнен қотардым. Өмірде үлкен сынақтың артында телегей тарту барын ұғындым. Сондықтан да осылай тебірене сөз бастауыма тура келді.
Әуелінде аспанымды қара бұлт қаптап алғандай, рухани әлемімнің шаңырағын ұстаған бақандар бырт-бырт сынып, ортасына түскендей жан қамақта жанайқайымды ышқына шығарып жүрдім. Оған себеп – баспанамның әп-сәтте отқа оранып, тұтастай күлге айналып кетуі еді.
Иә, «аштықта жеген құйқаның дәмі кетпейді» деп текті қазақ бекер мәтелдемесе керек. Ескіріп, әбден тозып кеткен электр желісінің салдарынан құрқылтайдың ұясындай болса да өзім үшін, әсіресе, үш балама кең сарайдай көрінетін баспанам бір сәтте лап етіп жанды да, іргетасы ғана арса-арса күйінде көзге қораш болып қала берді. Етегіме тығылған үш баламның кішкентай жүрегін тулатқан өкініштен менің көзімнен атқылаған жас артық болды дей алмаймын. Сол күннен бастап менің бар уайымым баспана мәселесіне ойысты.
Қарабұлақ ауылындағы баспанам өртенгенде өзегімді өрт алғандай қуардым. Қамықтым, тағдырыма налыдым. Бірақ қайырымды жандардың көмегімен еңкейген еңсемді қайта тіктедім. Сан жүректі қуантқан, көптеген отбасына тағдырдың үлкен сыйын тарту еткен «Харекет» қайырымдылық қоры жыл аумай жатып баспана кілтін ұстатты. 

 

Өткен жылдың 29-шы желтоқсанында Б. Римова атындағы Талдықорған драма театрының сахнасында салтанатты түрде Текелі қаласынан  2 бөлмелі пәтер кілтін «Өнер қырандары» театрының директоры  Мадияр Серікбаев мырза табыстады. Жанарымнан аққан жасты, сол кездегі кеудемді кернеген қуанышты сезімнің әсерін сөзбен айтып жеткізе алмаспын. Өйткені бүгінгідей туысы бауырына селбесе алмай, өз тіршілігін күйттеп кеткен, нарық билеген уақытта мен осындай көл-көсір қуанышқа кенелемін деп ойлаған емеспін. Сонда барып ел шарапатының шалқар екенін шындап ұғынғандай болдым. 
Шынына келгенде «жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған» деп қазақтың жомарт көңілін, тектілігін бейнелі түрде айтып жатады ғой. Бұл сөз үнемі көгілдір экранның арғы жағындағы тұлғалардың аузынан, газет-журналдарда ой тербеген қаламгерлердің жазбаларынан таныс. Бәлендей салмақ салмаған бұл бейнелі сөздің астарын «Харекет» қоры сыйлаған қуаныштан кейін терең ұғынғандай болдым. Жаны жомарт елім барда мейірімге шөліркеген, иығын тұрмыстың қамыты қажаған жандар да ел-жұрттан кем болып, көштен қалмайтынына көзім жетті. Үш баламды елдің ұланы етіп өсіріп, текті қазақтың құндылығын құнттайтындай тәрбиелеу ендігі аналық борышым деп білемін. Осы орайда «Харекет» қайырымдылық қорына өзінің ақ-адал еңбекпен тапқан ақшасының бір бөлігін аударып, рухани қордың жандануына атсалысып жүрген, соның арқасында біз секілді жандардың жүрегіне шаттық ұялата білген жаны жомарт қазақ халқына, оның әрбір азаматына алғыс айтқым келеді. 

 

Толғамымның соңында, 1 наурыз – Алғыс айту күніне орай шапағаты шалқар, мейірімі телегей Алаш жұртына білдірер алғысым алабөтен екенін тағы бір мәрте айшықтасам артық етпес. 

Назым ЖОЛТАЕВА,
Текелі қаласының тұрғыны