КӘСІП БАСТАҒЫҢЫЗ КЕЛСЕ

Уақыты: 28.02.2023
Оқылды: 1581
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

«Самұрық Қазына» АҚ қолдау көрсететін «Табысты отбасы» қайырымдылық жобасы Жетісудағы 36 қатысушыға сертификат табыстап, арнайы құрал-жабдық тарту етті. Бұл өңірімізде білім алып, іс үйреніп, кәсіп ашамын деген жобаға қатысқан екінші толқын. Осының алдында оқығандар цех ашып, өз кәсібін дөңгелентіп отыр.

Талдықорғандағы Жастарға қызмет көрсету орталығында өткен шараға арнайы келген қонақтар қатарында «Табысты отбасы» жобасының авторы Айжани Нұрланова, «SamrukKazyna Тrust» директорының орынбасары Серғожа Қалиасқаров, «Самұрық Қазына» экономика және жоспарлау департаментінің директоры Мират Өтепов болды. Олар жоба аясында білім алып, іс үйренуге ынталы жандарды қолдап, тілеулестік білдіріп, жылы сөздерімен қанаттандырды.

Былтыр желтоқсанда Ұлытау, Абай, Жетісу, Түркістан және Ақтөбе облыстарында бастау алып, аталған 5 өңірге 300 грант бөлінген. Жетісуда жоба қолдауымен алғаш 24 түлек (8 әлеуметтік желі маркетингі, 5 аспаз, 5 тігін ісі және 6 сұлулық салоны маманы) сертификат алып, іс бастап кетсе, екінші толқынмен қабылданған 36 қатысушыға (16-сы бьюти индустрия, 5 кондитерлік іс, 5 тігін ісі және 10 SMM бағыты) заманауи тігін машинасы, соңғы үлгідегі кондитерлік маманға арналған құрал, әлеуметтік желі маркетинг маманына ноутбук табысталды. Оқып қана қоймай, іс бастауға жәрдемдесіп жатқан жоба авторларына қатысушылар рахмет айтып, «Табысты отбасының» өміршең болуын тіледі. «Табысты отбасы» жобасы – азаматтар үшін өз ісін сенімді бастап, кәсіпкерлікке жол ашып, тұрақты табыс көзін табуға мүмкіндік береді.

«Табысты отбасы» жобасына көпбалалы және аз қамтылған, толық емес отбасылардың мүшелері, сондай-ақ, ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған және табысы төмен отбасылардан шыққан жастар қатысады. Жоспар бойынша сәуірге дейін жалғасатын жоба әлі де талай жанның кәсіп бастауына көмектесіп, дамуына сеп болмақ.

Қали АСҚАР