Жетісу облысының үздік оқушылары мен педагогтары марапатталды

Уақыты: 10.06.2023
Оқылды: 1001
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Талдықорғандағы Салтанат сарайында Жетісу облысының үздік оқушылары мен педагогтарын марапаттау рәсімі өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Рустам ӘЛИ қатысты.

Алдымен аталмыш сарайдың фойесінде қолданбалы өнер бұйымдарының, картиналардың, сондай-ақ, облыс оқушыларының ғылым, өнер, ақпараттық технологиялар және робототехниканың түрлі саласындағы жетістіктерінің көрмесі ұйымдастырылған. Салтанатты шараға қатысушылар алдымен осынау көрмемен көзайым болды. Ал жоғары қабаттағы залда зияткерлік олимпиадалардың, түрлі шығармашылық байқаулардың, республикалық және халықаралық жарыстардың 70-тен астам жеңімпаздары жиналды. Кездесуге қатысушылар «Ел болашағы – дарынды жастар» атты фильмді тамашалады.

Жиын барысында алғашқы болып сөз алған аймақ басшысының орынбасары Рустам Әли бас қосып отырған күннің маңызына тоқталып, осы уақыт республикамыз үшін ерекше сәт екенін атап өтті. Дәл 1 жыл бұрын осы күні ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа аймақтарды, оның ішінде Жетісу облысын құру туралы Жарлыққа қол қойғанына тоқталды. Сонымен қатар, елімізде білім саласына көп қолдау көрсетіліп келе жатқанын, соған қарай  өткен жылы зияткерлік олимпиадалар мен ғылыми жобаларға 130 мыңнан астам оқушы қатысқанын, олардың 77-сі республикалық және халықаралық жарыстарда бақ сынағанын жеткізді. Оған қоса, аймақ үздік олимпиадалық команда атағына ие болғанын ерекше атап өтті.

– Мұнымен тоқтамаңыздар. Сіздердің арман-мақсаттарыңыз неғұрлым жоғары болса, соғұрлым алар асуларыңыз биіктей бермек. Баршаңызды облыс әкімінің атынан құттықтаймын. Ғылым, өнер, спорт, жаңа технологиялар болсын, қай саланы таңдасаңыздар да табысқа жету үшін маңдай терді шүмектетіп еңбек ету керек. Сол арқылы елдің, Отанның көркеюіне, дамуына үлес қосатын боласыздар, – деген Рустам Әлиұлы жуырда Алакөлде ашылатын лагерде қайталай жүздесетінін де жеткізді.

Аймақ басшысының орынбасары үш тілде сөйлеген сөзінде облыс жастары математикадан халықаралық Азия-Тынық мұхиты олимпиадасында, «Central Asia FIRST Championship 2023» робототехника турнирінде, «AUES INTERNATIONAL AEROSPACE COMPETITION» I-ші Халықаралық ғарыш форумында, Францияда регби, Дубайда джиу-джитсу бойынша өткен жарыста Жетісу жерінің намысын сәтті қорғағанын атап өтті.

Бұдан әрі Р. Әли аймақтағы 70-тен астам үздік оқушыны құттықтады. Мерейленген оқушылар арасында тек түлектер ғана емес, ән, би, өнер және спортта өзін көрсеткен дарынды балалар да болды. Марапатталған жас жеткіншектерге  диплом, ақшалай сертификат және естелік сыйлық табысталды. Өз кезегінде шәкірттерін жетістікке жеткізіп жүрген тәлімгер-ұстаздар мен  Талдықорған қаласындағы №8 орта мектебі, М. Арын атындағы №24 дарынды балаларға арналған мектеп-лицейі секілді облыстың үздік білім беру мекемелері де марапатталды.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ