КОЛЛЕДЖ, МЕКТЕП, САЯБАҚ АШЫЛДЫ

Уақыты: 02.09.2023
Оқылды: 910
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Білім күні қарсаңында Қаратал ауданында төрт бірдей жаңа нысанның ашылу салтанаты өтті. Гуманитарлық колледждің,  Кемел Тоқаев атындағы мектеп пен саябақтың, Кәлпе ауылындағы орта мектептің пайдалануға берілуіне облыс әкімінің орынбасары Рустам Әли, облыстық білім басқармасының басшысы Марат Сүлейменов қатысып, аудан жұртшылығының қуанышына ортақтасты. 

Алдымен аймақ басшысының орынбасары Үштөбедегі колледждің ашылу салтанатына барды.

– Биылғы жаңа оқу жылы қараталдықтарға зор қуаныш сыйлап отыр. Ауданда екі бірдей мектеп пен колледж есігін айқара ашты. Өркениетті ел ең әуелі жастардың болашағына күш салады. Бұл ретте білім шаңырақтарының атқарар рөлі зор. Міне, бүгін ауданда тұңғыш рет колледж ашылып, келешекте түрлі маман иелері қанат қаққалы отыр. Заман талабына сай мектептер бой көтеріп, оқушылардың оқуға деген ынтасы артпақ. Мемлекет басшысы білім саласына ерекше көңіл бөліп отыр. Осында оқитын оқушылар заман талабына сай жақсы, терең білім алады деп сенім білдіремін, – деді Рустам Әли.

Осыдан кейін ардагер педагог Бауыржан Нүсіпбеков, жаңа колледждің 1-курс студенті Жұлдызай Исаханова құттықтау тілектерін айтып, заманауи білім ұясында оқуға мүмкіндік берген ел ағаларына алғыс білдірді. 

Мұнан соң жаңа ғимараттың лентасы қиылды. Мерекелік шараға келген қадірменді қонақтар колледждің ішін аралап, сапалы жұмысқа көңілдері толып, ақжарма тілектерін айтты. Колледж құрылысы былтыр қараша айынан басталған. 100 талапкерге арналған білім мекемесінің 30 орынды жатақханасы бар. Биылғы оқу жылында  «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту», «Бастауыш білім беру педагогикасы мен әдістемесі» мамандықтары бойынша  50 білім алушы қабылданды. Білім ошағына педагог-зерттеуші, педагог-сарапшы, педагог-модератор сынды біліктілігі бар ұстаздар жұмысқа орналасыпты. Колледжде заманауи үлгідегі 17 оқу кабинеті, 40 орынды асханасы мен 1 спортзалы бар. Сонымен қатар, ерекше білім беруді қажет ететін балаларға да жағдай жасалған.  

Келесі кезекте облыс әкімінің орынбасары   Кемел Тоқаев атындағы саябақтың ашылу салтанатына қатысып, аудан жұртшылығына жайдарман жаңалықтар көп болсын деп ізгі тілегін білдірді. 

Осыдан кейін Кемел Тоқаев орта мектебі мен Кәлпе орта мектебінде «Мектебім – мейірім мекені» тақырыбында салтанатты шара өтті. Қос білім мекемесі күрделі жөндеу жұмыстарынан кейін оқушыларға есігін айқара ашты. 

Үштөбе қаласында 840 орынды мектептің құрылысы былтыр басталған. Тапсырыс беруші – Жетісу облысының құрылыс басқармасы, мердігер мекеме – «BI Groupe» ЖШС. Аталған мектеп кітапхана, тренажерлық, спорт, акт залы, мультимедиалық кабинет, IT кабинет, медиатека, VR  кабинеттермен жабдықталған. Оқу ордасында биыл 74 оқушы 1-сыныпқа қабылданды. 

Ал Кәлпе ауылындағы мектептің құрылыс-жөндеу жұмыстарын «Sheberbuild» ЖШС жүргізді. Мектепте 234 оқушы, 30 мұғалім бар. Биыл 21 оқушы мектеп табалдырығын аттады. Жалпы Кәлпе орта мектебі 1970 жылы салынған, жобалық қуаттылығы 960 орынға арналған. Мектеп ғимаратын тиімді пайдалану, балалардың бос уақытын дұрыс ұйымдастыру мақсатында 50 орынға шағын орталық (толық мерзімдік) және 640 балаға арналған балалар шығармашылық орталығы ашылды. Орталықта көркемсөз, домбыра, музыка, сурет, еркін күрес және компьютерлік графика үйірмесі ашылды. Мектепте асхана, спорт және акт залдары, жеке спорт алаңдары бар. Сонымен қатар, мектеп аумағында 50 орынды балабақшада пайдалануға берілді. Өткен оқу жылында жаңа модификациялы физика, химия, биология кабинеттері жабдықталып, кітапхана жаңғыртудан өткен. 

Айдар ҚАЛИЕВ
Қаратал ауданы