Жөндеу жұмысы бітпеген мектеп пайдалануға берілді

Уақыты: 02.09.2023
Оқылды: 903
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Өткен жылғы маусым айының басында «Құрылысшы - ТБС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мердігер компаниясы Сарыөзек ауылындағы № 49 орта мектебін күрделі жөндеуден өткізуді бастады. 

Бұл жұмыстарды жүзеге асыруға барлығы 780 519 300 теңге қаражат бөлінді. Оның бүгінге дейін 726 670 300  теңгесі игеріліп, пайдаға жаратылды. Аталған құрылыс жұмыстарының бүгінде 90 пайызы аяқталып, қазір абаттандыру жүргізілуде. Келісімшарт бойынша жалпы бұл құрылыс өткен жылдың қыркүйек айының соңына дейін толық бітеді деп көзделген. Алайда, күрделі жөндеуді жүргізу кезінде жоба бойынша қарастырылмаған бірқатар жұмыс анықталып, құрылыстың уақытылы аяқталуына кері әсерін тигізген. Яғни, ол мектеп жертөлесін жерасты суы басып, қолданыстағы құдықтар мен сыртқы су құбыры және кәріз жүйелері су астында қалған. 

«Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңының 45-бабы, 2-тармағы, 7- тармақшасына сәйкес келісімшарт мерзімі 2023 қаржы жылына  өзгерді. Дренаж жұмысына да қомақты қаражат бөлініп, күрделі жөндеуге қосымша жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, биылғы тамыз айында мемлекеттік сараптаманың қорытындысы шығарылды. Қазіргі уақытта қосымша келісімшарт осы жылдың 15 желтоқсанына дейін жасалды. Ал қалған дренаж бен абаттандыруды осы қыркүйек айының ортасына дейін аяқтау жоспарлануда.

Биылғы 31 тамыздағы № 389-1 бұйырығына сәйкес 1 қыркүйектен бастап Сарыөзек ауылындағы № 49 орта мектеп пайдалануға қабылданғанға дейін оқушыларды оқытуға берілді. Осы орайда, балалардың мектеп ауласындағы қауіпсіздігі қатаң бақылауға алынып, кезекшілік ұйымдастырылды.

Айгүл Байжұмақызы
Кербұлақ ауданы