АШЫҚ ӘРІ СЕНІМДІ

Уақыты: 23.09.2023
Оқылды: 681
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Қазақстан Республикасының жинақтаушы зейнетақы жүйесі мен барлық қаржы және ақпараттық ағындарының бірыңғай әкімшісі және операторы – «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамы. Қордың басты мақсаты – зейнетақы жинақтарын сенімді есепке ала отырып, әрбір салымшыға қолжетімді, сапалы зейнетақы қызметтерін ұсыну. Қор әр салымшының жиған-тергенін тиынынан теңге құралғанына дейін жіті қадағалап отырады. Салымшылар мен алушылардың өз шоттарын бақылауы, сервистерді одан әрі автоматтандыру, қызмет көрсетудің белсенді форматын дамыту бағытында міндеттерін адал атқарып жатқан «БЖЗҚ» АҚ Жетісу облыстық филиалының бір күндік тыныс-тіршілігімен жақынырақ танысу мақсатымен біз де аталмыш мекемеге арнайы ат басын бұрдық.

Облыстық филиалдағы жұмыс жүйелі әрі талапқа сай жүргізіледі. Таңертең 9.00-де айқара ашылған есіктен кірген бетте салымшылар мен алушылар бірден арнайы нөмір басылған талон алып, күту залына жайғасып, электронды тақтадан өз кезектерін күтеді. Мекемедегі қызмет көрсету бөліміндегі білікті мамандар салымшының барлық сұрағына жауап беріп, қызмет көрсетуге қашан да дайын отырады. Жауапты мамандар әр адамды жылы жүзбен қарсы алып, аз уақыт ішінде-ақ, барлық мәселесін шешіп беріп, қосымша ақпараттық түсіндіру жұмыстарын да ұсынып үлгереді. Филиал кеңсесіне келушілер қатары тым көп. Аталған мекеме қызметкерлері дүйсенбі мен жұма яғни, бес жұмыс күнінде келушілерге үзіліссіз қызмет көрсетеді. Қызметкердің бірі келушімен бетпе-бет жүздесіп, тілдессе, енді бірі телефон байланысы арқылы салымшы жұмысының толық орындалуына көмектеседі. Ал байланыс бөліміндегі қызметкерлер үздіксіз түсіп жатқан қоңырауларға жауап беріп, зейнетақы қоры, міндетті төлемдер, құжаттарға байланысты қойылатын барлық сұраққа толыққанды жауап береді. Басшылықтың жиынынан кейін басталатын бір күндік жұмыста өз ісін жетік меңгерген қызметкерлер мыңдаған адамға қызмет түрін ұсынады. Облыстық филиал директоры Қанат Исаев қызметкерлерден әрбір тұтынушыға күнделікті сапалы қызмет көрсетумен қатар зейнетақы заңнамасына енгізілген өзгерістерді, қызметтерді толық түсіндіруді талап етеді. Сондықтан да болар мекеме табалдырығын аттаған әрбір салымшы мен алушының қойған сұрақтарына мамандар тыңғылықты жауап беріп, барлық мәселесін шешіп, мінсіз қызмет көрсетеді. 

– Мемлекеттік құрылымдармен өзара ақпарат алмасудың нәтижесінде БЖЗҚ зейнетақы қызметтерін көрсету кезінде өтініш білдірген адамнан көшірмені талап етпейді. Бұл – БЖЗҚ заңнамасының талаптарына сай жедел және тиімді қызмет көрсетіп, алаяқтық деректерін жойып отыру үшін тиімді. «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деп батыр Бауыржан Момышұлы атамыз текке айтпаған. Біздің қызметтегі басты талап – адалдық пен жауапкершілік. Қорда қызмет ететін әрбір қызметкер барлық салымшы мен алушының жинағындағы қаржының тиынына дейін жауапты. Сондықтан  сенім артқан миллиондаған халықтың сеніміне селкеу түсірмеуіміз керек,– дейді филиал директоры Қанат Исаев. 

Облыстық филиалға қарасты 10 бөлімше қазір әр аумақта халыққа сапалы қызмет көрсетіп келеді. Мұнда өте білікті, білімді мамандар қызмет етеді. Сонымен қатар,  «Өз дерегімді тексергім келеді» деген салымшы үшін арнайы өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы да іске қосылған. Компьютерде Қордың арнайы ресми сайты тіркелген. Әрбір салымшы немесе алымшы  ЖСН нөмірін енгізу арқылы порталға кіріп, Жеке кабинеттен өзіне қажетті барлық ақпаратты тез ала алады. Бұл заман талабына сай жасалған қызметтің озық түрі. 

Қордың кейбір салымшылары зейнетақы қорында қанша ақша барынан хабарсыз болып жатады. Олардың басым көпшілігі зейнетақы шотын ұялы қосымша арқылы тексеріп, ондағы жиналған қаржысын біле алмайды.  Ал бүгінгідей жаңа технология қарыштап дамыған тұста әрбір адам қаржылық тұрғыда сауатты болуға міндетті. Мекеме қызметкерлері әрбір салымшы мен алушының жағдайын толық қамтамасыз етіп келеді. Оған филиалдағы барып қызмет көрсету бөлімінің жүйелі әрі нәтижелі жұмысы дәлел. Барып қызмет көрсету бөлімінің жауапты қызметкерлері бір орында отырмай, көмекті қажет ететін азаматтардың шаңырағына арнайы көлікпен барып, қажетті ақпараттарын беріп отырады. Арнайы мобильді кеңсе құрылып, қала, аудан, ауыл азаматтарынан келген  өтінішті  қанағаттандырады. Қор мамандары байланыс орталығы, «Chat2Desk» (WhatsApp, Telegram, Viber мессенджерлері және Facebook пен В Контакте әлеуметтік желілері), БЖЗҚ веб-сайты мен ұялы қосымшасы (кері байланыс қызметтері, онлайн-кеңесші, Басқарма төрағасының блогы) және тағы да басқа байланыс арналары арқылы түрлі тақырып бойынша мәселелерді жылдам әрі оңай шешеді. Біздің бұл сөзімізге Қор ғимаратына келіп отырған салымшы Гаухар Ордағұлованың: «Тиыннан теңге құралады». Осы сөздің шынайы дәлелі – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры деп нық сеніммен айта аламын. Қаншама жылғы еңбегіміздің бір тиынын ысырап қылмай, шашауын шығармай жинап, көбейтіп отырған Қорға айтар алғысым көп. Жинағымның жеткілікті шегінен асатын бөлігі барын біліп, жауапты мамандарға жолығып, барлық ақпаратты алған соң, тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында өз пайдама асырдым. Бұл – маған үлкен көмек болды», – деген пікірі дәлел болды. 

Жалпы Қор қысқа уақытта көпшіліктің қажеттілігін ескере отырып, өз қызметтерінің көп бөлігін онлайнға ауыстырды. Зейнетақы қызметінің сапасын арттырудағы бағыттардың бірі – электрондық және қашықтан қызмет көрсету форматын дамыту. Бұл ретте БЖЗҚ сайты мен ұялы қосымша, e-gov порталы мен  оның ұялы нұсқасы, әлеуметтік желілер арқылы түскен өтініштерді орындауға электрондық форматта көрсетілетін зейнетақы қызметтерінің ауқымын кеңейтті. Қазіргі уақытта БЖЗҚ қызметтің 93 пайызын электрондық форматта көрсетеді. Қор сайтында және ұялы қосымшасында салымшылар кез келген уақытта және кез келген жерде жеке зейнетақы шотынан үзінді-көшірме алып, деректемелеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, сондай-ақ, ерікті зейнетақы жарналары бойынша зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтініш беріп, төлем алу туралы өтініштің мәртебесін қадағалай алады.

«Жетісу облыстық филиалына түскен әрбір хаттың артында бір адамның тағдыры тұр» деген қағидаға филиал қызметкерлері ерекше көңіл бөледі. Шынында да кіріс-шығыс хатқа бақылау жүргізіп, пошта арқылы өзге аудандарға таратып, жауапты мамандармен байланысып, хатқа кері жауап қайтарылғанға дейінгі істің басы-қасында жүретін қызметкерлердің жауаптылығы мен тиянақтылығы қуантады. 

Әр тоқсан сайын филиал ғимаратында дәстүр бойынша Ашық есік күні өтеді. Халыққа бір ай бұрын шара жайлы хабарландыру беріледі. Дәл сол күні келушілер қатары да көбейеді. Міне, Қорда осындай көзге көрінбейтін, бірақ аса жауапты қызмет түрі де бар. Бұл – Қордың санға емес, сапаға қызмет көрсететінін аңғартады. 

– Біздің Қор өз жұмысында ашықтықты, шынайылықты, тазалықты ұстанады. Атқарылған әрбір жұмыс ашық көрсетіліп отырады. Оның бәрі зейнетақы қорының «enpf.kz» ресми сайтында жарияланады. Білікті мамандар тұрғындардан сауалнама жүргізуді де назардан тыс қалдырмайды. Осылайша БЖЗҚ қызметінің қаншалықты дұрыс атқарылып жатқандығын тікелей халық үніне құлақ аса отырып, көз жеткіземіз. Кеткен кемшілік болса, дереу жою үшін жұмыс істейміз. Қор өзінің заңнамалық міндеттерін іске асыру кезінде салымшылар, олардың сенім білдірген адамдары және заңды өкілдерінің дербес деректерін қамтитын ақпараттық жүйенің операторы саналады. БЖЗҚ-дан қызмет алмас бұрын салымшы заңды өкілге деректерін жинауға және өңдеуге келісімін береді. Заңнамада көзделген қызметтерді көрсету кезінде БЖЗҚ тек мемлекеттік органдар және мемлекеттік заңды тұлғалардың ақпараттық жүйелерімен дерек алмасады. Егер салымшы жеке куәлігін жаңартқан болса, онда бұл дерек уәкілетті органдармен дерек алмасудың арқасында БЖЗҚ ақпараттық базасында автоматты түрде өзгертіледі. Салымшының деректері жеке тұлғаларға берілмейді. БЖЗҚ ақпараттық жүйесіндегі өтініш білдірген адамның жекебасын куәландыратын құжаттың деректемелері уақытында жаңартылғандықтан жарамды саналып, жеке тұлғаның деректері құпия сақталады – дейді филиал директоры. 

Облыстық филиалдың әрбір жұмысы көпшіліктің көңілінен шығып келеді. Сонымен қатар, биыл 1 шілдеден бастап елімізде Әлеуметтік кодекс күшіне енді. Бұл құжат адамға туғанынан бастап, қартайған шағына дейін әлеуметтік қолдау көрсетеді. Яғни, ол жұмысқа орналасу, еңбек қауіпсіздігі, әлеуметтік сақтандыру, өмірлік қиын жағдайлар туындаған кезде көмек беру секілді мәселелерді қамтиды. Әлеуметтік кодекс зейнетақы жүйесіне қатысушы салымшылардың инвестициялық мүмкіндіктерін де арттырады. Соның бірі – салымшылар өз активтеріндегі басқару құқығын кеңейте алады. Нақтырақ айтсақ, енді салымшылардың міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен зейнетақы жинақтарының 50%-дан аспайтын бөлігін инвестициялық портфельді басқарушының (ИПБ) сенімгерлік басқаруына беру мүмкіндігі бар. Ол үшін ең төменгі жеткіліктілік шегі ескерілмейді, басқарушы компанияны да салымшы өз бетінше таңдай алады. Ал ерікті зейнетақы жинақтары бар салымшылар зейнетақы жинақтарының 100%-ға дейін ИПБ-ға бере алады. Бұл ретте мемлекет зейнетақы жинақтарының сақталу кепілдігін жинақтардың ҚР Ұлттық Банкінің қарамағындағы бөлігіне ғана беретінін атап өткен жөн. Ал жеке басқаруға берілетін зейнетақы жинақтарының сақталуына және олардың табыстылығына салымшы таңдаған компания жауапты болады. Сондықтан зейнетақы жинақтарының бір бөлігін ИПБ-ға сенімгерлік басқаруға аудармас бұрын, нарықтағы басқарушы компаниялардың қолданыстағы тізбесін қарап, олардың БЖЗҚ сайтындағы инвестициялық декларацияларын, инвестициялық қызметтеріне жасалған шолуларды зерделеп, таңдалған жеке компанияның тәжірибесі және жұмыс нәтижелерімен танысып, ықтимал тәуекелдерді мұқият ескерген жөн. 

Филиал директорының айтуынша, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап БЖЗҚ-ның міндеттеріне жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын (ЖМЗЖ) тарту қызметі қосымша жүктеледі. ЖМЗЖ тек 1975 жылғы 1 қаңтардан кейін туған жұмыскерлер үшін жұмыс берушінің өз қаражаты есебінен жүзеге асырылатын болады және жұмыскердің ай сайынғы табысынан: 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап 1,5% мөлшерінде белгіленіп, 2028 жылы 5%-ға жеткенге дейін жыл сайын 1% ұлғайып отырады. ЖМЗЖ-ны осылай кезең-кезеңмен енгізу жұмыс берушіге түсетін жүктемені жеңілдетуге мүмкіндік береді екен.

«БЖЗҚ» акционерлік қоғамының Жетісу облыстық филиалы атқарған жұмыс осылайша жүйелі де нәтижелі жүргізілуде. Ең бастысы – сенімді қаржы институтына айналған Қор мінсіз қызметінің нәтижесінде көптің алғысын алуда. Ендеше  білікті мамандардың еңбегіне біз де береке тілейміз.

Еңлік КЕНЕБАЙ