ҮЗДІК АУЫЛ МЕКТЕБІ

Уақыты: 26.09.2023
Оқылды: 2715
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

«Мұғалім ісі сырттай қарапайым болғанымен тарихтағы ең ұлы істің бірі» ­­­  деген халық даналығы бекер айтылмаса керек. Осы ұлағатты ұстаздардың арқасында оқып жатқан білім ордасы мектептің шуағы шашылып тұратыны анық. Ал мектеп – өскелең ұрпақтың ой-қабілетін қалыптастыру шеберханасы деп айтсақ қате емес.

Талдықорған қаласындағы № 27 орта мектеп-гимназиясында  облыс әкімінің қолдауымен «Үздік ауыл мектебі» байқауы ұйымдастырылды. Аталған сайыстың негізгі мақсаты шығармашылықпен, озық инновациялық режимде жұмыс істейтін білім беру ұйымдарын анықтап, тәжірибесін насихаттау.

Байқауға Талдықорған қаласынан 1 мектеп және 8 аудан қатысты. Жеңімпаздың жүлде қоры 1 млн., 2 орын  500000 теңге, 3 орын  300000 теңге. Өзін-өзі таныстыру, білім беру ұйымының моделі мен мекеме жетістіктерінің электронды портфолиосы сынды 3 кезеңнен тұратын жарыста Облыстық білім басқармасының басшысы  Марат Сүлейменов бастаған топ қазылық етті. Әр ұжымның сайысқа тиянақты әрі үлкен дайындықпен келгені көрінді. Мектептің өзекті мәселесінің оқу үрдісінде іске асырылуы, педагогтер мен оқушылардың жетістіктері, білім сапасы жайлы толықтай сараптама жасалды.

Байқауда жүлделі 1 орынды Көксу ауданы Жетіжал орта мектебі иеленді. 2 орынды Панфилов ауданы Әулиеағаш орта мектебі алса, 3 орынды Кербұлақ ауданы Сарыөзек орта мектебі қанжығасына байлады. «Мектептің білім беру қызметіндегі инновациялық жоба» номинациясы бойынша Ақсу ауданының, І.Жансүгіров атындағы орта мектебі мадақталса, «Шығармашыл мектеп» номинациясы бойынша Алакөл ауданы, Достық орта мектебі марапатталып, қаржылай жүлде 100000 теңгеден табысталды.

Өз кезегінде байқауды қорытындылаған, қазылар алқасының төрағасы Марат Бекбосынұлы сөз алды:

 Қазіргі таңда өңіріміздің мектептері  көркеюде. Оны өз мектептеріңіздің намысын қорғап келген сіздерден байқауға болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу аса жауапты әрі күрделі міндет», деп атап өткен-ді. Педагогтер қауымы осы жауапкершішілікті түсінгеніміз жөн. Сапалы білім бере отырып, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін, елі мен жерін сүйетін ұлағатты ұрпақты тәрбиелейтінімізді естен шығармауымыз керек. Бүгінгі күні мектеп басшылары мен қызметкерлері мемлекет тарапынан беріліп жақтан қолдауды ата-аналарға жеткізе білуі шарт. Тәрбие сағаттарына да көп көңіл бөлініп, оқушыларды білім нәрімен сусындатып, үлгілі, өнегелі, ұлағатты ұстаз болуыларыңызға тілектеспін!

Айғаным ӘБІЛТАЙҚЫЗЫ