ҰЛАҒАТ ИЕЛЕРІ МЕРЕЙЛЕНДІ

Уақыты: 07.10.2023
Оқылды: 832
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың қатысуымен өткен «Ұстаз аты – биік әрі мәңгілік» атты салтанатты шарада 100 шақты білікті маман, ұлағатты ұстаз марапатталып, көпшілік керім кештің куәгері болды. 

І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайындағы салтанатты жиыннан бұрын көпшілік «Жеңімпаздар аллеясы» сурет көрмесін тамашалап, «Білім әлеміне жол» атты әдеби-театрлық композициямен жанар суарды.

Өз кезегінде алғашқы болып сөз алған облыс әкімі Бейбіт Исабаев ұлт болашағының ең негізгі күретамыры білімде жатқанын айшықтап, ұлағат иелерінің мәртебесі мен міндеті туралы рух жанитын пікірін ортаға салды. Сонымен қатар ол:

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кешегі өткен республикалық педагогтар съезінде «Өскелең ұрпаққа тағылымды тәрбие мен озық білім беру – өте маңызды міндет. Бүгінде еліміздің болашағы жарқын болып, дамыған мемлекетке айналуы үшін мұғалімдер қауымы аянбай еңбек етіп жүр», – деп атап өтті. Бұл орайда соңғы жылдары мұғалімдердің қоғамдағы мәртебесі заң жүзінде айқындалып, жалақысы едәуір өскенін жақсы білесіздер. Биылғы оқу жылының басынан балабақша тәрбиешілерінің де еңбекақысы 30%-ға көтерілді.  Облыста білім беру саласының бюджеті осы жылы 109 млрд. теңгеге жетті. Оның 3,7 млрд. теңгесі білім нысандарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға, ауылдық мектептерді қайта жаңғыртуға жұмсалып отыр. Бұл – балалардың алаңсыз білім алуына, мұғалімдердің әлеуметтік, моральдық және материалдық жағдайын жақсартуға мемлекеттің ерекше назар аударып отырғанының айқын айғағы, – дей келе бүгінде облысымыздың білім саласында 20 мыңға жуық педагог қызмет етіп жатқанын, олардың арасында үздік нәтиже көрсетіп, дарынды шәкірт тәрбиелеп жүрген ұлағат иелері мен бүкіл ғұмырын ұстаздық жолға арнаған ардагерлердің есімін айрықша атап өтті.

Жылы лебізінен кейін аймақ басшысы білім саласының қызметкерлерін марапаттау рәсімін өткерді. Айталық, салтанатты жиында облыс әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хаты, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің салалық марапаттары табысталды. Сондай-ақ, «Еңбек ардагері» медалін Самархан Абдилдинов, Майра Ақанбаева, Заир Атабаев, Ләззат Базарқұлова, Парида Бекмұратова, Жакен Бершімбекова, Күлшар Букабаева, Бақытгүл Кәрібекова, Күлжамал Көптілеуова, Махаббат Чуйкенова, Несіпбала Молдабековалар өңіріне тағынды. 

Өз кезегінде облыстық «Үздік сынып жетекші» байқауының жеңімпазы Панфилов ауданы Ш. Уәлиханов атындағы орта мектебінің 9-сынып жетекшісі Жанар Кегенбаева 1 млн. теңгелік сертификатқа ие болды. Сол секілді, «Үздік балабақша», «Үздік ауыл мектебі», Үздік кәсіптік білім беру ұйымы», «Үздік қосымша білім беру мекемесі» байқауларының жеңімпаздары қараталдық «Балбөбек» балабақшасына,  көксулық Жетіжал орта мектебіне, Талдықорған жоғары политехникалық колледжіне, Көксулық «Өнер мектебіне» 1 миллион теңгенің сертификат табыс етілді. Ал, «Жетісу ұстазы» байқауының жеңімпазы Сарқан ауданы №1 мектеп-гимназиясының биология пәнінің мұғалімі Іңкәр Рахмановаға автокөлік сыйлады. Саналы ғұмырын білім саласына арнап келе жатқан әулеттер арасында өткен облыстық «Ұстаздар әулеті» байқауының жеңімпазы саналған кербұлақтық Байғалық  әулеті «Ұлағат жолындағы ұстаздар» аталымы бойынша, талдықорғандық Жапақовтар әулеті «Ұстаздықты ұлық тұтқан әулет» аталымы бойынша, жаркенттік Үмбетовтар әулеті «Өмірін ұстаздықпен өрнектеген әулет» аталымы бойынша мерейленіп, әрқайсысы 200 мың теңгенің сертификатына ие болды.

Еңбегіне қарай ел ықыласына бөленгендердің мерейлі сәтінен кейін Астана қаласында өткен республикалық падагогтар съезінің делегаты, №28 ІТ лицейі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Индира Байғожина сөз алып, ұлағат пен ұстаз тұрғысында тағылымды ой қозғап, лебіз білдірді. Көпшілікті кәсіби мерекемен құттықтады..

Салтанатты шара соңы облыс өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ
Суретті түсірген Жеңіс Ысқабай