Қарыз қайтарылуы тиіс

Уақыты: 23.05.2017
Оқылды: 1265
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Биылғы жылу беру маусымының аяқталғанына да санаулы күндер өтті. Алайда оның ақысын төлеуді естен шығарып алғандар да бар. Бұл жағдай әсіресе Текелі қаласында көп кездеседі. Мәселен, онда жалпы өтелмеген қарыз көлемі 156 миллион теңгеге жеткен. Аталған сома жеке кәсіпорындар мен көпқабатты тұрғын үйлердегі пәтер иелерінің төлемеуі салдарынан құралыпты. Соның ішінде ағымдағы төлемдер де бар.

Бұл туралы қала әкімі Бақтияр Өнербаевтың салаға жауапты тұлғалармен өткізген жиынында мәлім болды. Басқосуда аталған мәселенің мән-жайы талқыланып, шешу жолдары пысықталды. Онда белгілі болғандай, бұдан былай қарызға белшеден батып, жылу ақысын төлемей жүргендермен күрес күшейіп, қатаң шаралар қолданылмақ. Сөйтіп, нысандарына, пәтерлеріне баратын жылу жүйелері ағытылып, шектеу қойылады. Қарыздарын өтемейінше оларға жылу қосылмайды. Осы ретте жауапты тұлғалар күрмеулі мәселені шешуге бел буып кіріскен. Нәтижесінде мобилді топ құрылып, қазіргі кезде жұмыс жүргізіліп жатқан көрінеді. 
Мекеме қызметкерлері үйлерді аралағанда көбіне тұрғындардың берешекке белшеден батса да есік ашпайтынын немесе ондай үйлердің кейбірінде жалға алушылар тұратынын, тіпті, олардың кейбірінің жұмыссыз екендіктерін алға тартып, төлеуге мүмкіндіктерінің жоқтығын айтады екен. Олардың арасында ішімдікке салынғандар да бар. Сол себепті мамандар қарызды өндіре алмай, қиналуда. Қандай жағдай болса да қарыз қайтарылуы тиіс. Бақтияр Әлтайұлы борышкерлердің ішінде «Green House – Жасыл үй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін ерекше атап өтті. Мәселен, олардың қарызы 56 миллион теңгеге жеткен. 
Қазіргі кезде бұл кәсіпорын қарызын төлемегені үшін жылудан ажыратылыпты. Бұған қоса 2000 жылдан бері қарызын төлемей жүргендердің бар екенін және бұл ақшаны төлемесе тиісті шаралар қолданылып, сот шешімімен мүліктері тәркіленетінін, жалпы бұл жағдай мекеме қызметкерлерінің салдыр-салақтығынан туындаған мәселе болып отырғанын көлденең тартып, бұл істің бір ай ішінде оң шешімін табатынына сендірді.
Облыс әкімінің жылыту маусымын қорытындылауға байланысты өткізген жиынында берген тапсырмасынан кейін бірнеше мекемеден мәжбүрлі түрде он миллион теңге көлемінде ақша өндіріліп алынған. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасып, одан әрі күшеймек. Қалай десек те қыс ортасында жылусыз отыру мүмкін емес. Ал мұндай жағдайға тап болмас үшін жылу ақысын мерзімінен кешіктірмей, көппен бірге төлеген дұрыс. Бұл екі жаққа да тиімді болмақ.
А. БАЙЖҰМАҚЫЗЫ.
Текелі қаласы.