ШЕРТЕРДЕ ОЙНАЙТЫН ЖАСТАР КӨБЕЙДІ: БАҒЛАН БАҒЫНДЫРҒАН БЕЛЕС

Уақыты: 22.03.2021
Оқылды: 1289
Бөлім: РУХАНИЯТ

Бүгінгі таңда «Отырар сазы» академиялық фолькорлық-этнографиялық оркестрі ұлтымыздың айнасына айналды. Шығармашылық ұжым қазақтың музыка өнерін жас ұрпақтың бойына дарытып қана қоймай, оны айдай әлемге паш етіп жүр. Сол айтулы оркестрдің құрамында біздің кейіпкеріміз, шертерші Бағлан Жетпісбаева да бар.

Бағлан – Жетісудың перзенті. Кеген ауылының тумасы. Кішкентай кезінен-ақ музыкаға бейім болып өсті. Өйткені, оның әкесі Сержант Тәменұлы белгілі музыкантшы. Сержант аға кезінде Кегендегі музыка мектебіне жетекшілік етті. Ауыл балаларының талантын шыңдап, өнер әлеміне жол сілтеді. Одан кейін аудандық мәдениет бөлімін басқарды. Қазір зейнет демалысында.

Әкесінен дарыған өнер Бағланға жұғысты болды. Ол ауылдағы музыка мектебін тамамдағаннан кейін, Алматыдағы Чайковский атындағы колледжге оқуға түседі. Осында қасиетті домбыраның қыры мен сырына қанықты. Шертпе күйдің шебері Біләл Ысқақовтың дәрісін тыңдады. Республиканың түкпір-түкпірінен келген жас дарындардың ортасы оны одан сайын шыңдады. Бағлан аталған өнер шаңырағын ойдағыдай аяқтады. Енді оның алдында әр музыкантшының арманы болған консерватория тұрды.

- 2002 жылы Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияға құжат тапсырдым. Қарасам, домбыраға баратын абитуриенттердің саны өте көп. Бір орынға бәленбай адам тіркеліпті. Жастардың арасында жүлдегер атанып жүрген домбырашылар – Нұркен Әшіров, Данияр Байжұманов, Біржан Әлиевтерді көзім шалды. Домбыраға түсу тым қиын екенін іштей сезіндім. Сөйтіп терең ойға батып тұрғанымда тізімдегі «шертер» деген жазуға көзім түсті. Мына қызықты қараңыз, ол аспапқа ешкім құжат тапсырмапты. Шертер туралы сырттай білгеніммен, бұрын-сонды қолыма ұстап көрмеген аспабым. Сол сәтте маған бір ой келді. Ешкім бармаса, онда мен барамын дедім іштей. Сөйтіп шертердің арқасында консерваторияның студенті атандым, – дейді Бағлан Сержантқызы.

Бағлан бүкіл курс бойынша шертер аспабында оқитын жалғыз студент атаныпты. Оның ұстазы ҚР Мәдениет қайраткері Зәмзәгүл Ізмұратова жас қыздың талабына риза болады.

- Менің осы дәрежеге жеткеніме ұстазым Зәмзәгүл Ізмұратованың сіңірген еңбегі зор. Шертер – үш ішекті аспап. Домбыра мен қобызға ұқсас. Шанағы жартылай терімен қапталған. Одан қоңыр дауыс шығады. Студент кезімде шертердің шебері Нұрлан Абдрахманов жасап берген аспабым әлі күнге дейін қолымнан түскен емес, – дейді Бағлан өткен күндерге көз жіберіп.

«Ұстазы жақсының, ұстанымы жақсы» деп бекерге айтпаған ғой. Бағлан алғашқы еңбек жолын «Гүлдер» ансамблінен бастайды. 2005 жылы «Отырар сазы» оркестріне қабылданады. Күні бүгінге дейін ол осында жемісті еңбек етуде.

– Біздің ұжым бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай тату-тәтті. Кезінде Нұрғиса Тілендиевпен бірге оркестрде өнер көрсеткен домбырашы Серік Қойлышев, баяншы Сағат Кәртенбаев, дирижер Жалғасбек Бегендіков, домбырашы Салтанат Бөленовалар бір-бір мектеп десем қателеспеймін. Ол кісілердің өнегесі мен тәлімін тыңдаудан еш жалыққан емеспіз. Асылдың тұяғы Дінзухра Тілендиеваның ұйымдыстырушылық, дирижерлық қабілетіне тәнтіміз, – деді Бағлан.

Бағлан Жетпісбаева «Отырар сазы» оркестрімен талай елдерді аралады. Бірақ солардың ішінде оның есінде ерекше сақталғаны 2010 жылғы Мекке мен Медина қалаларына жасаған сапары екен. Сол елдің билігі концертке риза болғаны соншалық, бүкіл оркестр мүшелерін қасиетті Умра қажылығын өтеуге мүмкіндік тудырыпты.

– Қазір шертер аспабында ойнайтын жастар көбейіп келеді. Ұлттық құндылықтарға деген көзқарас өзгерді. Қазақтың даласы ән мен күйге бөлене берсін, – деп әңгімесін аяқтады шертерші қыз.

Болат МӘЖИТ

Алматы қаласы