БҮГІН - ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТЕАТР КҮНІ: ТАЛДЫҚОРҒАНДАҒЫ БЕКЗАТ ӨНЕР БИІГІ

Уақыты: 27.03.2021
Оқылды: 1172
Бөлім: РУХАНИЯТ

Талдықорған өңіріндегі Б.Римова атындағы драма театры бүгінде репертуарының ауқымы кеңейіп, ұжымның ерекше қарқынмен жұмыс істеуі жаңаша деңгейде дамып келеді. Өнер жасаушыларға шынайы жанашырлықпен қарап, театрдың өсуіне, өркендеуіне барлық қажетті жағдайды ұсынып отырған шығармашылық топ еңбегі, театр басшылығының жаңа көзқараспен жұмыс жасауы, бекзат өнердің өлмейтіндігінің көрінісі іспеттес.

Өнер ордасындағы басшылық құрам мен алғыр ойлы азаматтар өнер өрісін одан әрі шыңдап, театрдың ыстығы мен суығына бірдей шыдап, қазақ театрының қарыштап дамуына атсалысып жатыр. Жарты ғасырға жуық ұлт мәдениеті мен руханиятына зор үлес қосып келе жатқан Б.Римова атындағы Талдықорған драма театрының шығармашылық жолы, даму бағытының соңғы жылын саралайтын болсақ, өнер ошағының 45-ші маусымының ашылуы көркемдік бағыт-бағдары мен тыныс-тіршілігін, сонымен қатар, жалпы театрдың шығармашылық келбетіне қанық бояу берген тәрізді.

Репертуар жыл сайын қазақ драматургтерімен қоса, орыс, әлем классиктерінің таңдаулы шығармалары бойынша қойылған тың дүниелермен толығып отырады. Жаңа драма жанрындағы әлемдік шығармаларды сахналау тәжірбиесі де жүзеге асқан. Бұған дәлел Жеңістің 75 жылдығына арнайы шақырылған Б.Шамбетовтың режиссерлігімен сахналанған, 45-маусымның шымылдығын ашқан «Нобель» сыйлығының иегері С. Алексиевичтің «Соғыстың сұрқы әйелге жат» реквиемі болды.

Елін сақтап қалу үшін соңғы демі қалғанша күрескен ерлердің қатарында нәзік жанды аруларымыздың қан майданда неміс фашистеріне қарсы шайқасып, соғыс даласында Отан үшін отқа түскен әйел-қыздардың сан-қилы тағдырының тапталуы, арман-мақсатының, күн сүйген келбетінің “күлге айналғаны” туралы сыр шерткен бұл қойылым көрерменнің көңілінен шыға білді. Артынша қазақ театрларының ішінде алғаш рет Шығыстың ұлы ойшылы, ғұлама-ғалым Әбу Насыр әл Фарабидің 1150 жылдығына орай «Аққан жұлдыз құласа» тарихи драмасының премьерасы өткізілді. Ал Абай бабамыздың 175 жылдығына орай Мұхтар Әуезовтің «Абай» қойылымы Қ.Қасымовтың режиссерлігімен жаңаша бағытта сахналанды.

Театр тамыр жайғалы репертуардағы тарихи тақырыпты арқау еткен қойылымдардың орны бөлек. Ұлттың даму жолындағы тарихи оқиғаларды көрсету арқылы болашаққа бағдар беру тұрғысынан бұл ұжым елеулі еңбек етіп келеді. Театр тарихын ғана емес ұлттық өнеріміздің, мәдениетіміздің тарихының бір бөлшегін толықтырған бұл еңбек бүгінгі күнге берері мол, ерекше шығармашылық дүние болары анық.

Жетісу халқын рухтандырып, жаңаша әсер сыйлаған қойылымдардың бірі «Орақты батыр» болды. Қойылымдағы режиссерлік шешім, актерлік құрам, сахна декорациясы кез келген көрерменді бей-жай қалдырмайды. Себебі, шығарма – өміршең, режиссерлік шешім – ұтымды. Қойылымның режиссурасы шымыр. Бұл тұрғыда жас режиссер Ерлан Кәрібаевтың ізденісі мен шеберлігін ерекше атап өткен жөн. Спектакль оқиғасы шымылдық ашылған сәттен бастап көрерменді еліктіріп әкетеді.

Бұл қойылым барысында Бикен апа театрының әрбір актеріне көрерменнің шексіз махаббаты байқалып тұрды. Ұлт драматургиясы – тағылымы мол, тарихы терең кемел әдебиетіміздің, халқы- мыздың алмағайып дәуірлерінің шындығы мен жүріп өткен жолының шынайы әрі көркем бейнелеушісі болуы керек. Тұл- ғаларымыз ұрпағымен жазба беттерінде ғана емес, сахнада жүздессе, ол – театр еңбеккерлерінің ұлт болашағының алдында орындаған өз миссиясының бірі деп білеміз. Тұлға болмысын аша отырып, ғұмырнамалық туынды ғана емес, көлемі кең тарихи спектакльдер халық пен театртанушы ма- мандар тарапынан лайықты бағасын алып жатыр. Театрдың творчестволық беталысын танытатын дүние – репертуар екені ақиқат.

Талдықорған театрының қазіргі репертуары белгілі мөлшерде осы қағидаға жауап береді десек артық емес. «Бір түп алма ағашы» – еліміздің бірнеше облыстық театрларында Ә.Оразбеков сахналап келе жатқан өміршең туынды. Әр спектакльден соң жанары жасаурап, туыс, бауырдың қадірін түсіну сезімдері артып шығатын көрермен соның дәлелі. Қазақ көрерменінің сұранысын қанағаттандыратын туынды Б.Римова атындағы драма театрынан да өз орынын тауып репертуардағы үздік қойылымдардың қатарын толықтырған. Шығармашылық биік белестерге көтерілуі, қаншама қиындықтарға қарамастан өнер тұнығын лайламай, театрдың дамуында актерлік құрамның атқарған еңбегі, үлесі зор. Жетісу театрының әрбір өнерпазы зерттеуге, шығармашылық келбетіне қалам тербеуге тұрарлық.

Театрдың талантты актерлері театр сахнасымен шектеліп қана қоймай, кино саласында да жұлдыздары жарқырап келеді. Әсіресе, театр ашылған уақыттан бері, қай кезеңде болмасын театрмен бірге болып, саф өнерге өлшеу- сіз үлес қосып жүрген аға буын әртістер ерекше атауға лайықты. Бүгінгі таңда театр ұжымы киелі қара шаңырақта тату-тәтті, шығармашылық байланыста ғұмыр кешіп келеді. Мәдениет пен әдебиеттің дамуына өзінше үлес қосуда. Қазіргі театр тіршілігі қарқынды дамуда, заман талаптарына сай, жаңа үлгідегі пьесаларды сахналауда. Жалынды, дарынды жастармен толыққан театрдың терезесі тең деп айтсақ артық емес. Кейінгі буынға жол көрсететін ақсақал ардагерлеріміз де жемісті еңбек етуде.

Бикен апа театрының алар асуы әлі алда, көрерменнің қошеметіне бөленіп, елдің алғысын алған өнер иелерінің де биікке қаққан қанаттары талмасын деп тілейміз.

27 наурыз - Халықаралық театр күні қарсаңында қасиетті де мәртебелі сахнаға шығып, көрермен алдында сан түрлі кейіпкердің кейпіне еніп, халықпен мұңдасып, сырласып келе жатқан сахна майталмандары мен театр ұжымын төл мерекесімен құттықтай отырып, шығармашылықтың шыңы мен бекзат өнердің биігінде қалықтауына тілегімді білдіргім келеді.

Әйгерім АЙДЫНБАЕВА,

Б.Римова атындағы Талдықорған драма театры әдебиет бөлімінің меңгерушісі

Алматы облысы