БАЛАНЫҢ БОЛАШАҚТАҒЫ БЕТАЛЫСЫ БАСТАУЫШ БІЛІМГЕ БАЙЛАНЫСТЫ

Уақыты: 29.03.2021
Оқылды: 1115
Бөлім: РУХАНИЯТ

Жас ұрпаққа уақыт талабына сай білім беріп, тәрбиелеуде мектептің алатын орны айрықша. Алтын ұя білім ошағы бүлдіршінге жаңа әлемнің есігін ашып, жан-жақты қалыптасуына негіз қалайды. Бұл ретте тәрбиенің алғашқы баспалдағы болып табылатын  бастауыш сыныпқа зор міндет артылады.

Бастауышта бала әріп танып қана қоймайды, дүниетанымын арттырып, тәрбие мен тәртіп, жақсы әдет-дағдыны меңгереді. Өйткені, баланың жекебас қасиеттері, көпшілік ортада өзін ұстауы, белсенділігінің қалыптасуы осы бастауыш сыныпта жүзеге асады. Демек, бұл оқушының жеке тұлға ретінде қалыптасуының негізі қаланып, рухани әлемі, ерік-жігері, шығармашылық қабілеті, жалпы мүмкіндіктерінің ашылар кезеңі. Баланың ары қарайғы беталысы осы бастауышта берілген білім мен тәрбиеге тікелей байланысты. Сондықтан да «Бастауыш – білімнің бастауы» деп жатамыз.  

Бүгінгі таңда білім саласына қойылып отырған талап жоғары. Жаңартылған білім беру мазмұнына сай білімді дайын күйінде бере салмай, баланың өздігінен ойлауын, сыни көзқарасын дамытуға басты көңіл бөлінеді. Демек, функционалдық сауаттылығы жоғары, мектепте алған білімін өмірде қолдана алатын, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеп шығару міндетіміз. Осы орайда ұстаз білім берушіден бұрын, баланың өздігінен ізденіп, ойлануына бағыт сілтеуші бола білуі тиіс. Ол үшін мұғалім білім беру әдіс-тәсілдерін, жаңартылған білім мазмұнын шебер меңгеріп, оқушыларға тура жол сілтеп, даналықпен тәрбие беретін тұлға болуы керек.

Оқушыларға тек білім беріп қана қоймай, оларды халықтық педагогиканың нәрлі қайнарымен сусындату да аса маңызды. Бала бойына ұлттық мінез-құлықты дарытып, адамгершілік, сыпайылық, кішіпейілділік қасиеттерін қалыптастыруда, қазақ халқының әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін меңгертуде тағылымды тәрбие сағаттарын өткізіп тұрамыз. Күн сайынғы тәрбие барысында да баланы ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеу жағы қамтылған.

Жалпы, бала жаны жаңалыққа құштар. Әр нәрсенің сырын білгісі келіп тұратындықтан оқушының бойындағы осы қасиеттерін дамытуға көңіл бөлуі тиіс. Бұл орайда баланы бастауыш сыныптан ғылыми жұмысқа баулуға баса назар аударылады. Өнерлі балаларды қолдау мақсатында түрлі мерекелік шаралар өтіп тұрады.

Өйткені, бастауыш білімінің негізгі міндеті – жеке тұлғаны жан-жақты дамытып, оның оқуға, өнерге, ғылымға, спортқа деген қызығушылығын қалыптастыру. Бастауыш сынып ұстаздары осы мақсатты жүзеге асыруда талмай еңбек етуде.

Анара БАЛЫҚБАЕВА,

«М.Жұмабаев атындағы №19 орта мектеп-гимназиясы мектепке дейінгі шағын орталығымен» КММ бастауыш сынып мұғалімі

Талдықорған қаласы

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан