ТАЛДЫҚОРҒАНДА ТЕАТРІШІЛІК ФЕСТИВАЛЬ ӨТІП, ЖЕТІ ҚОЙЫЛЫМ ҰСЫНЫЛДЫ

Уақыты: 29.03.2021
Оқылды: 1277
Бөлім: РУХАНИЯТ

Халықаралық театр күніне орай Талдықорғанда бірінші театрішілік фестиваль өтті. Бикен Римованың құрметіне орай өткен шара аясында өнер ұжымы театр сыншыларына 7 қойылым ұсынды. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Алғаш рет ұйымдастырылып отырған фестиваль өнер ұжымының шығармашылығын шыңдап, бұдан да биік белестерді бағындыруға ынталандыруды мақсат етеді.

- Көрермендерге театр өнерінің қасиетін ұғындырып, көрермен мен әртіс арасында алтын көпір орнату - мақсатымыз, - дейді Б.Римова атындағы драма театрының директоры Руслан Сеңкебаев.

Байқау аясында жеті жүлделі номинация тағайындалды. Жас әртістер «Үміт» номинациясына ілігу үшін бар өнерін ортаға салды.

Орта және аға буын «2-ші пландағы ер мен әйел бейнелері», «Үздік ер адам және әйел адам», «Сахна шебері» номинацияларына таласты. Ал Бас жүлде ретінде Бикен Римова атындағы сыйлық ұсынылды.

Бұл құрметті жүлдеге театр актері Базарбек Тоқымтаев ие болды. 45 жылдық тарихы бар өнер ордасының шығармашылық ұжымы Алматы облысы әкімінің, облыстық мәдениет басқармасының Алғыс хаттарымен марапатталды. Марапатталғандардың қатарында әріптесіміз, "Жетісу" газетінің тілшісі, театр тақырыбында қалам тербеп жүрген Асыл Сұлтанғазы да бар.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"