АУҒАН СОҒЫСЫНДА ХАБАРСЫЗ КЕТКЕН ҚАЗАҚ: ҚАРУЛАСТАРЫ ІЗДЕУ САЛДЫ

Уақыты: 01.04.2021
Оқылды: 970
Бөлім: РУХАНИЯТ

1979 жылдың 25 желтоқсанынан 1989 жылдың 15 ақпанына дейін 10 жылдан астам уақыт Кеңес әскерлері Ауған жерінде интернационалдық борышын өтеді. Сол бір қиын жылдары зұлмат соғыстың зардабынан талай бозбала қанды майданда қаза тапты. Он сегізінде от кешіп, тас жастанған батырлардың қаншамасы тұтқынға түсіп, із-түзсіз жоғалып кетті. Бауырлас елдің тыныштығы мен бақыты үшін өмірін арнап, Ауған жеріне барып, қайта оралмаған жанның бірі – Қуат БЕКБОЛАТОВ еді.

Ауған жерінде қаһармандық танытып, ұрыс даласында атой салған Қуат 1963 жылы Алакөл ауданында дүниеге келеді. Он сегіз жасында Отан алдындағы әскери борышын өтеуге Ауған жеріне аттанады. Жас болса да қазақтың қайсар баласы майдан даласында ерлігімен танылады. От пен оқтың, талай қантөгістің ортасында жүріп, бірнеше қызмет атқарды. Бауырлас елдің азаттығы үшін қолына қару алып соғысады, жараланған жауынгерлерді емдейді. Ауғанға барған жылы жүргізуші болады. Кейін БТР-ді тізгіндейді. Бірақ ерен ерлігімен танылып жүрген жас бала аяқасты сары-аурумен ауырып, Өзбекстанға госпитальға жіберіледі. Мұнан соң Алакөлге, туған жеріне қайтарылады.

Қазақ дейтін жауынгер халықтың тегіне біте-қайнасқан үлкен қасиеттің бірі – қайсарлық пен батырлық емес пе?! Ауырдым деп жатпай Ауған жеріне қайта оралады. Бұл жолы қолына қару алып, бауырлас елдің тыныштығын күзетеді. Ұрыс майданында шайқасқан жас жауынгердің ерлігін, еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін, достыққа адалдығын майдандас досы Мырзабек Ерғапанов айттып берді.

1962 жылы 10 наурызда Қаратал ауданы, Кәлпе ауылында туған Мырзабек 1981 жылы 5 сәуірде әскерге шақырылып, 1983 жылы 10 шілдеде қайтып келген.

– 1982 жылы желтоқсан айында сарыауру болып Түрікменстанның Небедаг қаласына түстім. Наурыз айында Ауған жеріне келдім. Батальонға келсем, Қуат рейдке жиналып жатыр екен. Мен де баратынымды айттым. Сонда Қуат: «Сен бүгінше көрінбе. Жаңа келдің ғой. Әлі талай рейдке шығып үлгересің», – деді.

«Әр қазақ менің жалғызым» деп өскен бауырмал жігіттің айтқанына көнбей жолға дайындалып, қару-жарағымды асынып бірге кеттім. Тагап шатқалына бардық. Он күндей сонда жаттық. Тау-тауды кезіп, Тагаптан шығып, Черкасскқа келдік. Үй-үйді аралайтын болып жан-жаққа бөліндік. Командир соңында: «Тасжолға қарай шығыңдар, бәріміз бір жерге жиналамыз», – деп ескертті, – дей келе Мырзабек Базарбекұлы Қуатты жоғалтқан қанды қырғын жайлы айтты.

9 наурыз. Әскерлер ел тыныштығын бақылау мақсатында екіге бөлініп үйлерді аралай бастайды. Шамамен төрттің кезінде Қуат пен Мырзабек бастаған взвод бір үйге келеді. Үй иесінен мұнда дұшмандар бар ма деп сұрайды. Әлгі жігіт жоқ деп жауап қатады. Есік алдында әйелі, бала-шағалары жүрген соң жауынгерлер сеніп, келесі үйге кіреді. Сөйтсе, іші толған дұшмандар екен. Әскерилерді көре сала олар қолдарына қару алып, оқты қарша боратады. Сөйтіп, қанды қырғын басталып кетеді. Кеңес әскерлері атыса шегініп, көрші үйге кіріп үлгереді. Атыс кезінде жарақат алған ресейлік жігітті құтқармақшы болып Қуат жанұшыра жүгіреді. Қалғандары жас жауынгерді қорғау үшін амалсыздан көрші үйдің есік-терезесін атқылай бастайды. Ұрыс майданында ештеңеден тайсалмай, майдандас досы үшін өмірін қатерге тіккен Қуат жаралы сарбазды сүйреп, лапастың астына кіргізіп, жарасын таңады. Қорғану мақсатында үйдегі бір жауынгерге екі қабатты үйдің астына барып, шатырдың үстін күзету тапсырылады. Екіншісі қақпаны күзетеді. Мырзабек шатырдың төбесінде екінші қабаттан бақылап тұрады. Сөйтіп, жүріп кеш те батады.

Бір мезетте дұшмандар тыныштала қалады. Бірақ ұзаққа созылмайды. Түнгі сағат екілер шамасында дұшмандар қабырғаны ұрғылай бастайды. Жаралы сарбаздың қасында болған Қуат жүгіріп келіп: «Есік жақты бақылай тұршы, мен жаралы жауынгерді жоғары қабатқа шығарып жіберейін», – дейді. Мұса «жақсы» деп үн қатады. Жан-жақтан тарсылдаған дауыс күшейіп келеді. Қуат жаралы жауынгердің біреуін төбеге шығырып, қалғандарына қарай жүгіре жөнеледі. Осы кезде Мұса: «Менің қасымда болшы, не болса да бірге көрейік», – деп айқай салады. Бірақ Қуаттың бар ойы жаралы сарбазды құтқару еді.

Ерліктің ерен үлгісін көрсетіп жүрген батыр «қазір» деп үйден шығып, қалған жігіттерге қарай жүгіреді. Осы сәтте гүрс етіп мина жарылады. Қара жердің шаңы көкке көтеріледі. Кеңес әскерлері орналасқан үйдің бір бөлмесінің жартысын жоқ қылып жібереді. Сол сәтте лапастың астында тұрған офицердің жағына минаның сынығы тиеді. Жаралы жауынгерді шығарамын деп Қуат лапасқа кірген кезде дұшмандар оны ұстап алып кетеді.

– Жүрегім зу ете түсті. Көзім қарауытып кетті. Досымды жоғалтқанымды сездім. Айқайладым, шақырдым, бірақ жауап қатпады. Бір кезде дұшмандардың дауысы шыға бастады. Біреуі: «Аман-сау қалғыларың келсе, беріліңдер», – деп айқайлап тұр. Психологиялық шабуыл жасағысы келді ме, шаңның ортасынан шаммен келе жатқан екі дұшманды көрдім. Беріледі деп ойлады. Жоқ, Қуатты құтқару мен үшін бәрінен маңызды еді. Екеуін де атып құлаттым. Шаң басыла бергенде шатырдың төбесінен тағы екеуін атып, сұлатып түсірдім. Осы сәтте қақпа жақтан гранатомет жарылды. Қақпа маңында тұрған сарбаздың дымы қалмапты. Жарылыс болған жақтан тағы екі дұшман жүгірді. Ол екеуін де атып тастадым. Жалғыз ештеңе істей алмайтынымды біліп, клетте тығылып жатқан әскерилерге бардым. Осы сәтте үшінші мина жарылды. Клеттің бір бұрышын құлатты. Жүгіріп үйге кірдім.  Кенет төбеден бізге қарай оқ жаудырып жатқан дұшманды байқадым. Оны да атып тастадым, – деді Ауған соғысының ардагері.

Таң ата айналада қайта тыныштық орнайды. Төрт-бес шамасы. Осы сәтте төбеден тікұшақ ұшады. Бұл Кеңес әскерлері еді. Тікұшақты көрген дұшмандар соңынан қуып ата жөнеледі. Осы сәтті пайдаланған Кеңес сарбаздары қашып құтылады.

– 10 наурыз күні қашып шықтық. Өмірге қайта келгендей болдым. Бірақ  жан досымды жоғалтқан кезім есіме түссе, жүрегім қанжылайды. Қанды қырғыннан соң штабтан шығып жолда келе жатсақ, алдымыздан үлкен кісілер шықты. Ішіндегі бір тәжіктен тұтқынға түскендерді көрдің ба деп сұрадым. Олар Қуатты Паншер жаққа алып бара жатқанын айтты. Содан бері хабар келмеді. Ауған жерінде жоғалған қазақтың қайсар баласы табылса екен деймін. Менің ендігі арманым – жастығы отқа оранып, он сегізінде от кешкен досымның тірідей, қаза тапса сүйегінің Отанына оралғанын көру. Өйткені, ол қазақтың нағыз батыры, – деп тебірене сөйлеген Мырзабек Ерғапанов көзіне жас алды. 

Жамбыл аудандық Ауған соғысы ардагерлері ұйымының төрағасы Бақыт Жақыпбеков: «Біз 1981 жылы сәуір айында әскерге шақырылдық. Ауған жеріне барғанда Мұса екеуміз бір батальонға түстік. Мұса 8 ротада, мен гранатомет взводына бардым. Қуатпен 7-8 ай бірге жүрдік. Бізбен бірге Нұрадин Шарафадинов, Нұрлан Танашев, Ермек Закиров, Бақыт Шойынжанов, Қайрат Сейсенбеков, Болат Жақсыбеков сынды жауынгерлер болды. Қуат жоғалған кезде мен басқа топқа түстім. Мұса мен Қуат бірге кетті. Күні бойы үй-үйді араладық. Ертесінде сағат 10-дар шамасында жаралы болғандарды сүйреп, штабқа Мұсалар келіп қосылды. Мені көре сала Мұса: «Қуаттан айрылып қалдым», – деп жылап жіберді. Елім, жерім, қазағым десе жанын беретін, қарағайға қарсы, еменге иір біткен нағыз нарқасқа жігіттен айрылғанымыз біздің ғана емес, Ауған жеріндегі барлық сарбаз үшін ауыр қайғы болды. Содан 39 жыл болды, қиян-кескі ұрыста ерлік көрсеткен Қуаттан бір хабар келмеген еді», – деп майдандас досы жайлы жылы естеліктер айтып, жуырда ресейлік азаматтан «Қуатпен тұтқында болдым» деген хабар келгенін жеткізді.

Ресей азаматы «Пәкістанда Қуатпен бірге тұтқында болдық, суретін танып отырмын» деп жазыпты. Қуаттың қаншама жылдар бойы қиындық көргенін айтыпты. Түрмеде Қуаттармен бірге Пәкістанның да сарбазы жатыпты. Пәкістандық шығар кезде ресейлік жігіт одан темекінің қағазына қызыл әскер екенін, туған жері, аты-жөнін жазып Пәкістандағы Ресей Елшілігіне берші деп өтініпті. Кейін «Қызыл крест» арқылы бостандық алыпты.

Бауырлас елдің тыныштығы үшін оқтан қаймықпаған жандардың жанқиярлық ісі бәрімізге өшпес өнеге. Сондықтан, Ауған жерінде ерлігімен танылған Қуат Бекболатовтың табылуына көмек көрсетілсе, қазақтың нарқасқа жігіті еліне оралса дейміз. Бұл біздің ғана емес, Ауған соғысы ардагерлерінің арман, тілегі.

Айдар ҚАЛИЕВ

Алматы облысы