ҚАНДАЙ ҚИЫН ЖАҒДАЙДА ДА ОҚУШЫЛАРҒА БІЛІМ БЕРУ ІСІ ТОҚТАМАЙДЫ

Уақыты: 12.04.2021
Оқылды: 1046
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қазіргі әлемді жайлаған пандемия кезінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды және телекоммуникациялық құралдарды қолдана отырып, қашықтан оқыту тиімді жүйе болып отыр.

Қашықтан оқыту технологиясы бойынша оқытушының негізгі міндеті білім алушының өз бетінше жұмыс жасауын басқару болып табылады. Бұл ретте туындайтын мәселелерді қарастыру, мақсат пен міндет қою, білім мен тәжірибе беру, ұйымдастыру қызметін жүзеге асыру, білім алушылардың арасында өзара байланысты ұйымдастыру, оқу процесін бақылау талап етіледі.

Білім беру жүйесінде ақпараттық және телекоммуникациялық технологияны дамытудың тиімді құрылымы – білім порталдары болып табылады. Порталдың негізгі міндеті жоғары технологиялы оқу процесінің қолдауы арқылы бірыңғай білімді ақпараттандыру ортасының дамуына өз үлесін қосу. Десек те, қазіргі күрделі жағдайға қарап, білім беруді  кейінге қалдыруға болмайтыны анық.

Білім және ғылым министрлігі ата-аналар мен мұғалімдердің көкейіндегі сауалы көп сұрақтың шешімін тауып берді. Оңтайлы платформаларды електен өткізу мақсатында сынама сабақтар өткізілді. Осы өткізілген сынама сабақтар еліміздің онлайн білім беру жүйесіне көшу үшін әлі біраз дайындық жұмыстары керектігіне көз жеткізді.

Қазіргі таңда «Күнделік. Kz» – ең басты құралымыз. Бұл платформа – ешкімге жаңалық емес, оффлайн білім алу кезінде де күнделікті қолданылған жүйе. Бұлардан бөлек, WhatsApp, Telegram арқылы тапсырманы жіберу, қабылдау тиімді. Видеосабақтар сілтемесін де осы мессенджерлерге жіберуге болады.

Бүгінгі оқушы – кемел келешегіміздің тірегі. Ал сол оқушыларымызды қандай қиын жағдайда болсақ та біліммен қаруландыру – біздің міндетіміз. Қай заманда да ұстаздар қауымы қоғамның шамшырағы болған. Жаңартылған білім жүйесіне де үйрендік, электронды журналға да төселдік. Ендігі кезекте шәкірттерді қашықтан оқытуда барымызды салуға тиіспіз. Оффлайн сабақ беріп дағдыланған ұстаздар үшін бұл оңайға түсіп жатпағаны белгілі. Жаңа жүйеге төселуге тура келеді. Тек ниет болса болғаны.

Шәкірт тағдырына, ел болашағына бейжай қарамайтын ұстаздар қауымының бұл қиындықты да еңсеретініне кәміл сенімдімін. Өйткені, ұстаздар – мықтылардың мықтысы.

Оразгүл НҰРҒАЛИЕВА,

№2 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

Талдықорған қаласы

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан