МАТЕМАТИКАНЫ ОҚЫТУДЫҢ ЕҢ ТИІМДІ ТЕХНОЛОГИЯСЫ: МҰҒАЛІМ МІНБЕРІ

Уақыты: 13.04.2021
Оқылды: 1144
Бөлім: РУХАНИЯТ

Бүгінгі жас ұрпаққа білім беруде алға қойылып отырған басты мақсат – уақыт ағымына бейімделе алатын, өз жолын дұрыс таңдай білетін, түрлі жағдаятта оң шешім қабылдайтын, сыни тұрғыдан ойлай білетін тұлға тәрбиелеу. Осы орайда ұстаз алдындағы зор міндет – дүниежүзілік озық тәжірибелерге сүйене отырып, жаңаша білім беру, әр баланың жеке қабілетін тани отырып дамыту.

Жаңаша білім беру дегенде оқытудың түрлі әдіс-тәсіліне сүйенеміз. Оның ішінде сындарлы оқыту ең тиімді әдіс болып табылады. Сындарлы оқыту оқушының пәнді терең түсіну қабілетін дамытып, алған білімдерін кез келген ортада тиімді пайдалана білуін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, сапалы білімге жол ашады.

Сындарлы оқытуда оқушыны сын тұрғысынан ойлауға үйрету көзделеді. Мұндай сабақтар оқушыларға өз білімдері мен ұстанымдары жайында ойланып, сұрақтар қойып, білімін толықтырып, белгілі бір тақырыпты оқып білу кезеңінде өз түсінігін өзгертуге мүмкіндік береді. Мұғалім қызметіндегі маңызды мәселе – жекелеген оқушылардың тақырыпты қабылдау ерекшеліктерін, түсінігін жетілдіру немесе оны жақсарту мақсатында жұмыс жүргізу.

Сындарлы оқыту теориясының түпкі негізі - түсіне білуде. Бұл істеп жатқан ісімізді, белгілі бір түсінік-дәрежемізді, ойымызды, бір-бірімізге деген көзқарасымызды өзгерту. Осы тұрғыда өтетін сабақтардың мақсаты – барлық жастағы оқушыларға сабақ барысындағы кез келген мазмұнға сыни тұрғыдан қарап, екі ұйғарым, бір пікірдің біреуін таңдауда саналы шешім шығаруға үйрету.

Сабағында жаңа әдіс-тәсілдерді тиімді қолданылып, дұрыс нәтижеге жетсе, мұғалім мақсатының орындалғаны. Мен өз сабақтарымда, яғни, математика пәнін өту барысында сабақ мақсаты мен міндеттерінің сабақтаса қойылуына үлкен мән беремін. Сондай-ақ, берілетін білімнің көлемі мен сынып оқушыларының білім деңгейі де ескерілуі қажеттігін ескеремін.

Өйткені, математика – күрделі пән. Бір оқушының қабілеті жеткенмен екінші оқушының білім деңгейі төмендеу болуы мүмкін. Мақсат – екі оқушымен мүмкіндіне сай жұмыс істеп, математика білімін меңгертіп, олардың сабақ тақырыбын түсінуіне, одан ой қорытуына мүмкіндік ашу. Осы орайда оқытудың тиімді технологияларын пайдалана отырып, сабақты қызықты, тартымды, мазмұнды өткізу – бүгінгі уақыт талабы, ұстаздар алдындағы зор міндет.

Бегзат ИСКАКОВА,

Б.Сырттанов атындағы №25 орта мектептің математика пәні мұғалімі

Талдықорған қаласы

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан