ӘР БАЛА - ӨЗ АЛДЫНА БІР ӘЛЕМ: ЖАС ҰРПАҚТЫ ДҰРЫС ТӘРБИЕЛЕП ЖҮРМІЗ БЕ?

Уақыты: 15.04.2021
Оқылды: 1536
Бөлім: РУХАНИЯТ

Тәрбие – адам өмірінде ерекше орын алатын тәлім жүйесі. Ол отбасында басталып, білім беру ұйымдарында жалғасын табады. Тәлім негізі отбасында қаланатындықтан онда тәрбиенің алғашқы қазығы қағылады. Сондықтан да бала өмірінде ата-ана тәлімінің маңызы зор. Одан кейін балабақша, мектепте бала көпшілік ортада өзін ұстауды меңгереді, тәртіпке үйренеді. Сонда бүлдіршіннің отбасында алған тәрбиесі айқын көрініс табады.

Бастауыш сынып мұғалімі ретінде мектеп табалдырығын имене аттап, бір жақтан жүрегін үрей билеп, екінші тұстан үміт отын арқалап келген бүлдіршіндерді бауырымызға басып, жақсы үлгі-өнегеге баулу парызымыз. Ұлы ақын Абай Құнанбайұлы: «Балаға, көбінесе, үш алуан адамнан мінез жұғады. Біріншісі – ата-анадан, екіншісі – ұстазынан, үшіншісі – құрбысынан. Осылардың ішінен бала қайсысын жақсы көрсе, сонысынан жұғады», - деуінде үлкен тәрбиелік мән жатыр. Демек, ата-ана барлық істе үлгі тұтарлық жан болып, дұрыс бағыт берсе, бала да сол жолмен жүреді. Ұстазы ұлағатты болса, мұғалімнен жақсы үлгі-өнегені бойына тоқиды. Ұстазына еліктеп өседі.

Бүгінгі тәрбиеде бала жанын ұғып, олармен сырлас, дос бола білудің маңызы зор. Бала жанын түсіне білсек, онымен жұмыс істеу де қиындық туғызбайды. Өйткені, күнделікті жан-жақтан келіп жатқан ақпараттар, бүгінгі таңдағы әлеуметтік желі, ғаламтордың ықпалы жас ұрпақтың санасына дендеп еніп, басқаша ойлап, өзгеше ой қорытуға себеп болып отырғаны – өмір шындығы.

Қазіргі бала – өте сауатты, түрлі ақпаратқа қанық. Өз құқықтары мен міндеттерін жақсы біледі. Солай десек те, баланың аты – бала. Түрлі ақпараттардан кейде теріс ой, пікір қалыптастыруы да мүмкін. Осындай сәтте баламен жете жұмыс істеп, олардың ой қорытуын, түсінік дәрежесін дұрыс арнаға бағыттап отыру ата-анаға да, ұстаздарға да артылар үлкен міндет.

Сынып жетекші ретінде әр бастауыш балдырғанының бүгінгі заман талабына сай терең білім, тағылымды тәрбие алуына үлес қосу – мақсатым. Осы орайда ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, жаңаша ойлай білетін, бәсекеге қабілетті жас ұрпақты тәрбиелеп шығару жолында талмай еңбектеніп келемін.

Әр  бала – өз алдына бір әлем. Осы әлемді жете танығанда ғана баланың жұлдызын жағамыз. Балдырғандарымыздың жолы ашық, жұлдызы әрдайым биік болсын!

Алуа ДАУЫТБАЕВА,

“М.Жұмабаев атындағы №19 орта мектеп-гимназиясы мектепке дейінгі шағын орталығымен” КММ бастауыш сынып мұғалімі

Талдықорған қаласы,

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан