АҚСУДА ТЫЛ АРДАГЕРІНЕ АРНАЛҒАН СЫНЫПТЫҢ АШЫЛУ САЛТАНАТЫ ӨТТІ

Уақыты: 19.04.2021
Оқылды: 1780
Бөлім: РУХАНИЯТ

Көлтабан негізгі орта мектебінде жайдарман жаңалық болды. Мұнда музей-кабинет ашылды.

Шара Елбасы Н.Назарбаевтың "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында жүзеге асты. Тыл ардагері, ұлағатты ұстаз, ауылдың құрметті ақсақалы болған Сансызбай Жетпісбаев атамызға арналған «Бастауыш сынып» музей-кабинетінің ашылу салтанаты әйгілі адамның өткен өмірі мен еңбегін соңынан ерген ұрпақтарына насихаттау мақсатында ұйымдастырылды. Бұл игі іс – ауыл тұрғындары үшін мақтаныш.

Ашылу салтанатына атамыздың ұрпақтары, қызметтестері, қолына қалам ұстатқан шәкірттері, Ақсу ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Амантай Айтбайұлы және аудандық білім бөлімінің әдіскері Мұхтар Лебекұлы келді.

Ауылда С.Жетпісбаевтың өмірі мен еңбек жолына арналған ғылыми конференция өтті. Кабинет меңгерушісі, бастауыш сынып мұғалімі Алмагүл Саркулова баяндама жасады. Сансызбай ата туралы "Жетісу" телеарнасында түсірілген «Сұхбат» бағдарламасы көрсетілді.

Музей-кабинеттің ашылу салтанатында алғашқы құттықтау сөз алған мектеп директоры Жамбы Біржанова атамыздың еңбек жолына тоқталып, осы мектептің салуына себепкер болғандығын, іргетасын қалаушы алғашқы ұстаз екендігін мақтанышпен жеткізді. Келесі құттықтау сөз кезегінде бірге қызметтес болған, бүгінде зейнеткер Қарлыға Құсмолдина Сансызбай ата туралы тың деректерімен бөлісті. Сансызбай атаның алғаш мектепке келгенде қолына қалам ұстатып, әріп танытқан шәкірттері бүгінде алпысты еңсерген салиқалы апалар мен аталар. Олар ұстазы Сансызбай ата туралы естеліктерін естеріне түсіріп, осындай азамат болып қалыптасуда, ұстазының еңбегі ерен екендігін айтып, жанарларын жасқа толтырды.

Ата ұрпақтары мектеп ұжымына алғысын білдірді. Құттықтау кезегінен кейін 4-сынып оқушыларымен дайындалған «Ұстаз – ұлы есім» атты әдеби монтаж тыңдалып, Сансызбай атаға арнау оқылып, жырдан шашу шашылды.

Сансызбай Жетпісбаев атындағы бастауыш сынып кабинетінің лентасын салтанатты түрде қию рәсімі Ақсу ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Амантай Айтбайұлы және аудандық білім бөлімінің әдіскері Мұхтар Лебекұлына берілді. Атаның шәкірттері Н.Сарқұлова, Ж.Рысбекова, Қ.Бекова шашу шашты. Мектептің бастауыш сынып мұғалімі Алмагүл Таирқызы қонақтарға кабинетке қойылған жәдігерлермен таныстырды. Онда Сансызбай атаның еңбек жолында алынған марапаттары мен медальдары туралы түсіндіріп өтті. Ашылу салтанатынан кейін «Гүлжан» кафесінде ас беріліп, атаның рухына арнайы құран бағышталды.

Мектеп ұжымы осы іс-шараны ұйымдастырғанда кабинеттің жабдықталуына демеушілік жасап, қолдау көрсеткен атаның ұрпақтарына және қалам ұстатып, осы өмірде өз жолдарын табуына ықпал еткен шәкірттеріне ризашылығын білдірді. Мұражайға ардагердің әр жылдарда алған медаль-төсбелгілері, Алғыс хаттары, Құрмет грамоталары қойылды.

Гүлжан ТҰРСЫН

Ақсу ауданы

Алматы облысы