РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАЙҚАУДА БІРІНШІ ОРЫН ИЕЛЕНГЕН ТӘЛІМГЕР: ҰСТАЗ БИІГІ

Уақыты: 20.04.2021
Оқылды: 1851
Бөлім: РУХАНИЯТ

Еркін ауылындағы №26 орта мектептің орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Жанна Смағұлова ширек ғасыр ұстаздық етіп келе жатқан жан. Аталмыш мектепте төрт жылдан бері жас ұрпаққа білім беруде.

Ұстаздың атап айтарлық ерекшелігі – өзі сабақ беретін пәндерін толық меңгерген, оқытудың жаңа технологияларын жетік біледі. Мектептегі озық тәжірибелі, жаңашыл, ізденімпаз ұстаз. Сынып жетекшісі ретіндегі жинаған тәжірибесі мол, қазір  6 «б» сыныбына жетекшілік етуде.

Жанна Тұрарбекқызы жұмыс барысында тұлғалық бағдар тәсілін қолданып, оқушыларды оқу-танымдық, шығармашылық іс-әрекетке ынталандырады, оқыту мен тәрбиелеудің тиімді тәсілі мен әдістерін қолданады, әр оқушының нәтижеге жетуі үшін жағдай жасайды. Жалпыға міндетті негізгі орта білім берудің мемлекеттік стандарттарымен анықталған оқушылардың оқуға деген білім мен дағдыларын, іс-әрекет тәсілдерін жүйелі түрде қалыптастырады. Мұғалім мен оқушы, оқушы мен ата-ана, ата-ана мен мұғалім арасындағы тығыз қарым-қатынас орнату мақсатында еңбектенуде.

Жанна Тұрарбекқызының оқушылары республикалық КИО, қалалық олимпиадаларда және ғылыми жобалар байқауында жүлделі орындар иеленуде. Қазіргі жағдайға байланысты «Қашықтықтан өткізілген пәндік олимпиадада» 9-сынып оқушысы А.Мекежанова І орын иегері атанса, өз сыныбының оқушысы Қ.Қабденов 5-6 сынып оқушылары арасындағы республикалық пәндік олимпиадада ІІ орын иеленді.

Мұғалімнің білім саласында қол жеткен жетістіктері де айтарлықтай. 2017 жылы республикалық «Ұлағатты ұстаз» төсбелгісінің иегері атанды. Былтыр республикалық «Білім беру ісінің үздік педагогы – 2020» онлайн байқауына қатысып, «Сынып жетекшілерінің үздік тәжірибесі» бөлімі бойынша жүлделі І орын иеленіп, дипломмен марапатталды.

Ұстаз қашықтан оқыту кезінде оқушылардың үнемі сабаққа қатысу тәртібін, үлгерімін, пән мұғалімдерімен арасындағы байланыстың жақсы болуын, ата-аналар мен оқушылардың арасындағы психологиялық ахуалдың дұрыстығын қадағалап, мектептің педагог-психологымен тығыз байланыста жұмыс істейді.

Жанна Тұрарбекқызы тәжірибелі педагог, шебер сынып жетекшісі ретінде өз іс-тәжірибесін қала, облыс деңгейінде тарату, жас ұрпаққа лайықты білім, тәрбие беру мақсатында еңбек етуде. Ұстаздың әлі асар биігі алда.

Мейрамбай АБДИСОВ,

№26 орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары

Еркін ауылы,

Талдықорған қаласы

Алматы облысы