БІЛІМ БЕРУДЕГІ АҚПАРАТТЫҚ ТЕХНОЛОГИЯ: МАҢЫЗЫ МЕН ТИІМДІЛІГІ НЕДЕ?

Уақыты: 23.04.2021
Оқылды: 1641
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қазіргі білім беру жүйесінің мақсаты - бәсекеге қабілетті маман дайындау. Ізденімпаз мұғалімнің шығармашылығындағы ерекше тұс - оның сабақты түрлендіріп, тұлғаның жүрегіне жол таба білуі.

Ұстаз өз кәсібін, өз пәнін, барлық шәкіртін, мектебін шексіз сүйетін адам. Өзгермелі қоғамдағы жаңа формация мұғалімі - педагогикалық құралдардың барлығын меңгерген, тұрақты өзін-өзі жетілдіруге талпынған, рухани дамыған, толысқан шығармашыл тұлға құзыреті. Жаңа формация мұғалімі табысы, біліктері арқылы қалыптасады, дамиды.

Егеменді еліміздің ең басты мақсаты - өркениетті елдер қатарына көтерілу болса, ол өркениетке жетуде жан-жақты дамыған, рухани бай тұлғаның алатын орны ерекше.

Қазіргі білім берудің басты мақсаты да жан-жақты дамыған, рухани бай, жеке тұлға қалыптастыру болып табылады. Сондықтан да заман талабына сай оқыту үрдісін жетілдіре отырып, қоғам сұранысына сай жеке тұлға қалыптастыру мәселесі бойынша оқушыларға ақпараттық-коммуникациялық технологияларды сабақта көптеп қолдану тиімділігі артып отыр.

Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар дегеніміз не? «Білім берудегі АКТ» ұғымы «оқытудың жаңа ақпараттық технологиялары», «қазіргі ақпараттық оқыту технологиялары», «компьютерлік оқыту технологиялары» және басқа тіркестермен тығыз байланысты. Ақпараттық-коммуникациялық технология электрондық есептеуіш техникасымен жұмыс істеуге, оқу барысында компьютерді пайдалануға, модельдеуге, электрондық оқулықтарды, интерактивті тақтаны қолдануға, ғаламтор желісінде жұмыс істеуге, компьютерлік оқыту бағдарламаларына негізделеді.

Мұғалімдердің тәжірибесі көрсеткендей, дәстүрлі емес сабақтарды ұйымдастыру оқушылардың сабаққа деген ынтасын арттырады. Бүгінгі күнде мұғалімдер оқушылардың жемісті және тиімді іс-әрекетін ұйымдастыру үшін белсенді түрде дәстүрлі емес сабақтарды пайдалануда. Дәстүрлі емес сабақ түрлеріне бейнесабақтар, ғаламтор сабағы, сахналық-сабақ, саяхат-сабақ және басқаларын жатқызуға болады.

Қорыта айтқанда, білім беру үрдісінде жаңа ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану өзекті мәселелердің қатарынан орын алуда. Ақпараттық-коммуникациялық технологияларды сабақта қолдану - бұл оның нәтижесіне қолайлы жағдайды жасаудың бірден-бір жолы, ал ол өз кезегінде бірлесе жұмыс жасауға, адами қарым-қатынастарға себепкер болады.

Ерікжан КӘРІМОВ,

Ш.Уәлиханов атындағы №10 орта мектеп-гимназиясының тарих және қоғамдық пәндер мұғалімі

Талдықорған қаласы

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан