АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ПӘНДІК ОЛИМПИАДА ӨТІП ЖАТЫР

Уақыты: 28.04.2021
Оқылды: 1685
Бөлім: РУХАНИЯТ

Алматы облысында республикалық олимпиада бастау алды. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Кіл жүйріктер бәсекесінің өтуіне өңір бойынша «Жетісу дарыны» КММ мұрындық болуда. Білім додасы толықтай 30 сәуірде аяқталады. Қатысушылар 14 пән бойынша сынақ тапсырады.

Республикалық олимпиада ҚР Білім және ғылым министірлігінің №99 бұйрығына сәйкес ұйымдастырылуда. Жыл сайын өтетін сайыстың биылғы ерекшелігі, «Ustudy»  орталықтарының  базасында өткізілуі.

Бүгінгі күні білім сайысына ел аумағынан 1582 бала қатысып, бағын сынауда, соның ішінде, Алматы облысынан 81 оқушы үздік шығуға күресіп бақпақ.

Оқушылар, қоғамдық гуманитарлық және жаратылыстану бағыты бойынша білім деңгейлерін байқап көрмек. 33 бала гуманитарлық, 48 оқушы жаратылыстану бағытында сынақ тапсырады. Айта кетейік, олимпиадаға 9-11 сынып оқушылары қатысуда.

- Жалпы білім беретін пәндер негізінде жасақталған жарыс 4 кезеңнен тұрады. Олар мектепішілік, аудандық, облыстық, республикалық. Мұнда өз саласында топ жарған жас дарындар бақ сынап жатыр. Тестілеу екі күнге жалғасады. 29 сәуір күні барлық қорытынды шығып, қатысушылар нәтижелерін білетін болады. Олимпиаданың жеңімпаздары халықаралық деңгейдегі жарыстарға қатысуға мүмкіндік алады, - дейді «Жетісу дарыны» КММ басшысы Алишер Башаров.

Олимпиада "бір қатысушы – бір компьютер – бір камера" қағидасы мен прокторинг жүйесін қолдану арқылы өтуде. Сынақ тапсырмалары "Дарын" РҒПО интернет ресурсы арқылы әр турдың басына бір уақытта ұсынылады және әрбір қатысушының алдын ала берілген жеке қол жеткізу коды болады. Тур аяқталғаннан кейін қатысушылардың сканерленген жұмыстары шифрланады және қазылар алқасының мүшелеріне тексеруге жіберіледі. Тапсырмалар бойынша дұрыс жауаптар және турлардың нәтижелері бар хаттамалар да "Дарын" РҒПО сайтында жарияланады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"