ЕҢ БАҚЫТТЫ АДАМ ДЕП КІМДІ АЙТАМЫЗ? МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫНЫҢ МАҚАЛАСЫ

Уақыты: 04.06.2021
Оқылды: 2703
Бөлім: РУХАНИЯТ

Адалдық – адам бойындағы таза ниет, бағалы қасиет, адамның сана-сезімі мен ар-ұжданына қайшы келмейтін әрекет. Қазақ пайымында адам бойында адалдық пәктік, ар-ұждан, жан тазалығы тәрізді қасиеттер қалыптасқан нормаға сай болуы керек. Қазақтың адалдық жайында өзіндік пайым-түсінігі туралы ұлы Абай: «Алдау қоспай, адал еңбегін сатқан, қолы өнерлісі - қазақтың әулиесі сол», - деген екен.

Қандай қоғам, қандай мемлекет болмасын өз азаматтарынан адалдықты талап ететіндігін біз бүгінгі күні естіп те, көріп те жүрміз. Өйткені, өз істеріне жауапкершілікпен қарап, өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен атқаруы үшін адамның бойында адалдық қасиет болуы тиіс. Адалдық жоқ жерде ешқандай биік мақсаттар мен кемел заңдар өз орнын алмайды. Сондықтан, қоғамда, мемлекетте біздей азаматтар мен азаматшалардың адал еңбектеріне бүгінде біз мұқтажбыз.

Қандай мемлекет болмасын өз азаматтарының бойында адалдық қасиетін дамытуға мүдделі деп санаймын. Тек адал жандар ғана заңды берік ұстанып, мемлекетті шынайы тәртіппен қамтамасыз ететін болады. Адалдық деген біз үшін «Өз елінің нағыз патриоты» болуы. Өйткені нағыз патриот – ол ең алдымен өзінің жасап отырған жұмысын адал атқаруы керек. Жұмысқа деген адалдық деп білемін. Ал жұмысын дұрыс атқарған азамат ол мемлекет алдында өз борышын атқарады деп ойлаймын.

Бұрындары бір газеттен оқығаным бар. Дінмұхамед Қонаевтан бір журналист интервью алыпты. Интервью кезінде мынадай сұрақ қойылыпты: "Сіз патриот деген сөзді қалай түсінесіз?" - депті журналист. Сонда Дінмұхамед Ахметұлы: "Патриот деген сөзді мен Отанын сүю және Отаныңа адал қызмет жасау үшін күнделікті атқарған жұмысыңды өте жақсы орындау, адал қызмет ету деп түсінемін", - деген екен. Бүгінгі қоғамда да бұл өзекті, сондықтан әр азамат патриот болу үшін, адал қызмет ету керекпіз.

Адалдық адам жандүниесінде алатын орны өте зор. Халықта «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ол үлкен өскен уақытта көмектесе алмайсың» деген ұғым бар. Сондықтан да халқымыз ерте кезден-ақ балаларының бойына адамгершілік құнды қасиеттерді сіңірген. Абай атамыз «Адамның адамшылдығы – ақыл, ғылым, жақсы ата-ана, жақсы құрбы, ұстаздан болады» деп бекер айтпаған. Өйткені, осы барлық келтірілген факторлар адамның адамшылдығын көтеретін факторлар.

Осы тұрғыда Сарыөзек орта мектебінде жоспарлы түрде көптеген іс-шара өткізілуде. Тұңғыш Президент, Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: "Құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді", - деген болатын. Өткен жылдан бері құндылықтарға негізделген білім беруді жоба ретінде мектептің оқу-тәрбие жоспарының тәрбие саласына, ата-аналармен жұмыс, педагогтармен жұмыс бөлімдеріне кіргізген едік.

Құндылықтарға не жатады дейтін болсақ, олар: ең бірінші - патриотизм, екіншісі - құрмет, үшіншісі - әдептілік, төртіншісі - ынтымақтастық, бесіншісі - жауапкершілік, алтыншысы - адалдық, жетіншісі - еңбекқорлық, сегізіншісі - кішіпейілділік, тоғызыншысы - әділдік, оныншысы - денсаулық, он біріншісі - батылдық, он екіншісі - жомарттық, он үшіншісі - табандылық, он төртіншісі - махаббат, он бесіншісі - эмпатия, он алтыншысы - тазалық.

Осы аталған құндылықтар - патриотизм, адалдық пен әділдік туралы сөз қозғағым келіп отыр. Патриотизм, адалдық, әділдік құндылықтары бір-бірімен үйлесім тауып төмендегі жұмыстарда іске асырылуда. Атап айтқанда, мектепте оқушыларға тәрбие сағаттарында «біреудің ала жібін аттамау», «қарапайымдылық, еңбексүйгіштік пен өзгеге көмек көрсетуге дайын болу», «салт дәстүрге адалдық, үлкенге құрмет, кішіге-ізет», «Отанға деген сүйіспеншілік, патриотизмге тәрбиелеу» бойынша тәрбие берілуде. Әр ата-ана жиналысында «Балаларыңызды адалдыққа баулу - тәрбиенің басы», «Мұғалім еңбегіне құрметпен қарау», «Адалдық жүрген жерде адамдық жүреді» деген сөздер айтылады. Педагогтармен өткізілетін кеңестерде, ұжыммен өткізілетін жиналыстарда да құндылықтарды насихаттау бойынша үнемі сөз қозғалады.

Атап айтқанда, ұстаздар «педагог» атына заты сай, тәрбиелі, білімді, үлгілі болуы күнделікті талап етіледі. Адамгершілік ұжымдық ортада бойына сіңірген тәрбиесіне, біліміне, адал еңбектенуіне байланысты қалыптасып, адамның жеке басы мен моральдық тұлғасын сипаттайды. Мектеп басшысы ретінде осы құндылықтарға байланысты атқаратын рөлім - мектеп ауызбіршілігін нығайту. Бүгінде Сарыөзек орта мектебін ауызбіршілігі жақсы, қалыптасқан, құндылықтарды білім алушыларға сіңіре білетін педагогикалық ұжым деп айтуға болады.

Мектепте оқушылармен адам болу, адал болу туралы осы құндылықтарды шынай өмірде қолдану бойынша «Өзін-өзі басқару» ұйымы, «Жас қыран» (1-4 сыныптар), «Жас ұлан» (5-10 сыныптар) ұйымдары, «Жас сарбаз», «Болашақ» дебат клубы құрылып, жоспарлы түрде жұмыстарын атқаруда. «Балаңды адалдыққа баулу - тәрбиенің басы» демекші, аталған ұйымдағы, клубтағы балалар адалдық, әділдік бойынша тәрбиеленуде. Бауыржан Момышұлының мынадай бір өлең жолдары бар екен:

Ұра берсен, ұлың сенің жасқанады,

Жасқаншақты басынады басқалары.

Қол көтермей тәрбиелесең ақыл айтып,

Ақылымен, ертең елді басқарады.

Ала білсін, өмірінен бар тынысты.

Үйрете түс, сабыр, шыдам талпынысты.

Ең бастысы иманына көңіл бөлгін,

Өссін десең өз ұрпағың жарқын, күшті.

Еңбегімен жүрсін ұлың баға алып,

Ақыл-оймен өзгелерден дараланып.

Көтерілсе өзіңдейді бағалайды,

Отырмайды: пара беріп, пара алып, - деген екен батыр атамыз.

Бауыржан атамыздың осы өлең жолдарында көп мағына жатыр. Сондықтан, бүгін біз, педагогтар болашақ ұрпағымыз - бүгінгі білім алушы балалырымыздың бойына күнделікті әр сабақта, әр тәрбие сағатында, түрлі іс-шараларда адал бол, адам бол деп құнды қасиеттерімізді сіңіру керекпіз. Әділ болу деген - өзінің де, өзгенің де сөзін қорғай білу. Әділетті болу деген ешкімнің сөзіне еліктемей, шындыққа сүйене отырып, ешқандай жағдайларға қарамастан, дұрыс, адал көзқараста болу деп ойлаймын.

Адамдардың ең бақыттысы - жүрегі таза, сабырлы, қолындағы барға қанағат етушілер деп білемін. Сондықтан білім алушыға да, мектепте оқу-тәрбие беретін педагогқа да, басшылық қызметтегі әріптестеріме де адам болу, адал болу үшін ең бірінші өзіңнің жүрегін таза, ниетін дұрыс, қолыңнан келгенше көмек беру, жәрдемдесу, үйрету, атқарған жұмысына қарай дұрыс әділ баға беру жайын ұғыну маңызды екенін айтқым келеді. Өйткені адалдық адамдықтың белгісі деп білемін.

Салтанат ИМУХАНБЕТОВА,

«Сарыөзек орта мектебі мектепке дейінгі шағын орталығымен» КММ директоры

Кербұлақ ауданы

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан