МЫНАУЫҢ ДҰРЫС, МЫНАУЫҢ БҰРЫС ДЕП АЙТАТЫН ҚАРИЯЛАР КӨП БОЛСА ҒОЙ

Уақыты: 17.08.2021
Оқылды: 1758
Бөлім: РУХАНИЯТ

Шілде айы өзінің ми қайнатар ыстық күндерімен ерекшеленетіні белгілі. Халқымыздың бұған қатысты «шілденің шіліңгір ыстығы» деген сөзі бар. Мұндайда күн де ерте шығып, кешке ұясына әзер батады ғой. Қып-қызыл реңге боялып, күнбатыс тұс әдемілікке көмкерілгенімен аптап ыстық қайтпай тұрады. Күннің қызғаны соншалық, далаға шығып жүруге қауқарың болмай қалады.

Азанда ерте тұрып, қаланың орталығына қарай құрбыммен жүздесуге шықтым. Арбаттың бойында кездесейік деп келісіп, екеуміз екі жақтан автобусқа отырдық. Мен орталыққа жеткен соң құрбыма хабарластым. Оның әлі жолда екенін естіп, тізіліп тұрған орындыққа отырайын деп шештім.

Таңғы салқын ауамен тамсанып отырған сәтте жаныма бір қария келіп жайғасты. Қолында бір кітабы бар. Менің сәлемімді жымия қабыл алып, өзінің замандастарын күтіп отырғанын айтты. Мен кішкентайымнан не ата, не әженің ыстық мейірімін көрген емеспін. Себебі мен дүниеге келген кезде ол кісілер болмады. Есесіне, ата-анамның ыстық ықыласына бөленіп, еркелеп өстім. Маған сол бір атаның қараған көзқарасы тым ыстық көрінді. Атасының немересіне қараған көзқарасындай десем, қателеспеймін.

Қариялар күнделікті Арбат маңына жиналады екен. «Таңертең ерте тұрамын, есік алдындағы гүлдерді суғарып, кемпірімнің шайын іше салысымен осы жаққа жол тартамын», – дейді. Барлық қариялар бас қосып, өздерінің жас кездегі қызықты әңгімелерін айтады.

Қастарында отырған мен ол кісілерге қарап риза болдым. Неге десеңіздер, олар күнделікті бір-бірін іздеп тұрады екен. Іштерінде бір адам келмей қалса, уайымдап, күтіп отырады. Міне, сыйластық деген қайда жатыр?! Қазақта: «Сыйлағанның суын іш» деп бекер айтпаған шығар, сірә?!  Өздері ғана әңгіме айтып отыра бермей, қасына таяған жастарға да ақылдарын айтып, мынау дұрыс, мынау дұрыс емес деп, ақ пен қараны ажыратып береді екен. Осындай көненің көздері қалғанына, біздердей өскелең ұрпаққа айтары көп болғанына қуандым. Риза кейіпте сол кісілердің жанында отыра бергім келді. Осылайша жастарға тағылымы мол әңгімелер көп айтылса ғой деген ойға шомдым.

Ғаламтордың торына байланып, не кітап оқымайтын, тіпті, бір-бірімен сөйлесіп, ойнаудан қалған жас ұрпаққа, бұл кісілердің айтқан сөздері сәуле болып ұялар ма еді, кім білсін?! Кенеттен шыр еткен қоңырау үнінен кету керек екенімді сездім. Орнымнан тұрып, қариялармен қош айтысып, құрбыма қарай жөнелдім. Болған оқиғаның барлығын құрбыма баяндап бердім. Ол жай ғана жымиды да: «Қарттарым – асыл қазыналарым деген осы», – деді. 

Арайлым НҰРЖАПАР,

І.Жансүгіров атындағы ЖУ-дің студенті

Алматы облысы