ҒЫЛЫМ МЕН ТЕХНОЛОГИЯНЫ ИГЕРУДЕ АҒЫЛШЫН ТІЛІНІҢ МАҢЫЗЫ ЗОР

Уақыты: 16.08.2021
Оқылды: 1850
Бөлім: РУХАНИЯТ

Шет тілін білу – жастардың білім кеңістігінде еркін самғап, әлемдік ғылым құпияларына терең үңілуге жол ашатын бірден-бір мүмкіндік. Бұл бүгінгі таңдағы ең басты қажеттілік десек те болады. Осы ретте үш тілде білім беру – уақыт талабы.

Ондағы мақсат – бірнеше тілді еркін меңгерген, жан-жақты білімді, мәдениетті, бәсекеге қабілетті тұлғаны қалыптастыру болып табылады. Үштілдік туралы Елбасы Н.Назарбаев білім және ғылым саласы қызметкерлерінің III съезінде сөйлеген сөзінде: «Ағылшын тілінің қажеттілігі әлемге тән қажеттілік, бүгінгі күн талабы. Ал орыс тілін жақсы білу – біздің байлығымыз», – деген болатын. Әрине, бұл сөздің жаны бар. Әлемдік экономикаға кірігіп, ғылым мен технологияның жетістіктерін меңгеруде ағылшын тілінің алар орны зор. Ал, орыс халқымен біздің өткен тарихымыз, мәдениетіміз, әдебиетіміз байланысты. Сондықтан да орыс тілінен алшақ кете алмаймыз.

Оқушыларға ағылшын тілін тереңірек меңгерту мақсатында бастауыш сыныптан бастап осы пән енгізіліп, химия, биология сынды сабақтар ағылшын тілінде өтілуде, Бұл балалардың ағылшын тіліне бала жастан тереңірек бойлауына мүмкіндік береді.

Ағылшын тілі пәні мұғалімі ретінде менің де мақсатым – оқушылардың осы пәнді сүйіп оқып, әлемдік тілді кедергісіз меңгеруіне жол ашу. Өйткені, бүгінгі қоғамның талабы – жаратылыстану-математикалық, химия-биологиялық пәндер бойынша ғылыми дайындықтың жоғары деңгейін қамтамасыз ету. Ол жас ұрпаққа ағылшын тілін меңгерту арқылы жүзеге асатын іс.

Мемлекетіміздің шет елдермен байланысы күннен-күнге нығая түсуде. Соны ары қарай өз деңгейінде жүзеге асыру үшін де шет тілін білетін мамандар қажет. Сондықтан шет тілін меңгерген жастардың болашағы зор деп білемін. Мектептерде көптілді білім бере отырып, тілдерді терең меңгерген, бірнеше тілде еркін сөйлей білетін, өздері сынды білімді, заманауи шетелдік жастармен қиындықсыз қарым-қатынас жасай алатын шәкірттер тәрбиелеп шығамыз.

Ағылшын тілі – ғылым мен технология тілі. Сондықтан оны білу шарт. Еліміз өркениетті елдердің көш басынан орын алсын десек, бірінші туған тілімізді қастерлеп, қадіріне жетіп, шет тілдерді де үйреніп, білім мен ғылымның, техниканың дамуына әрбіріміз үлес қосайық дегім келеді.

Назым ТАСБОЛАТОВА,

«М.Жұмабаев атындағы №19 мектеп-гимназиясы МДШО» КММ-нің ағылшын тілі пәні мұғалімі

Талдықорған қаласы,

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан