ТАЛДЫҚОРҒАНДА ТӘУЕЛСІЗДІК ПЕН ЖЕЛТОҚСАНҒА АРНАЛҒАН ШАРА ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Уақыты: 19.08.2021
Оқылды: 1362
Бөлім: РУХАНИЯТ

Талдықорғанда ардагерлер мен жастар арасында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына және Желтоқсан оқиғасының 35 жылдығына арналған «Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!» атты кездесу өтті. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі хабарлады.

Шараға жиналған қауым алдымен «Тәуелсіздік – мәңгілік елдің тұғыры» атты кітап көрмесімен танысты. Одан кейін егемен елдің қалыптасу жылдарына арналған бейнеүзіндіні тамашалады.

Басқосу барысында сөз алған Алматы облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі Болат Тұрысбеков тәуелсіздік ұғымының маңыздылығына тоқталып,  «Тәуелсіздік тұғыры» тақырыбында баяндама жасады. Осыдан кейін сөз алған облыстық ардагер әжелер ұйымының мүшесі Жамал Дәркенбаева:

– Биыл қастерлі тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Бұл қайта жаңғырған қазақ мемлекеттігінің, ата-бабаларымыз аңсаған азаттық тұғырының нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес. Отыз жыл ішінде еліміз етек-жеңін жиып, шегарасын бекітіп, өз алдына дербес зайырлы ел болды. Бұл атадан жалғасып келе жатқан ұлы жеңістің жемісі, – деп отыз жылда жеткен жетістіктерді саралап, болашақ жастарға тәуелсіздіктің қасиетті ұғым екен түсіндірді.

Жиында «Жетісулық желтоқсандықтар» қоғамдық қорының мүшесі Қайырбек Сасықбаев Желтоқсан оқиғасына кеңінен тоқталып, «Желтоқсан желі – ызғарлы» тақырыбында баяндама оқыды. Өз кезегінде тәуелсіздік құрдастары да батыр бабалардың ерлігін ешқашан ұмытпайтынын айтты.

Тағылымды кездесудің соңы Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясы әншілерінің әуезді әндерімен қорытындыланды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"