ОРЫС ЖӘНЕ АҒЫЛШЫН ТІЛДЕРІН ЖЫЛДАМ МЕҢГЕРУ: МҰҒАЛІМ ҰСЫНҒАН ӘДІС

Уақыты: 20.08.2021
Оқылды: 1079
Бөлім: РУХАНИЯТ

Бүгінгі таңда тіл білу – әрбір адамға қажет, уақыт сұранысындағы маңызды іс. Қай тілді болмасын меңгеру арқылы адам өзінің білімін, сауаттылық деңгейін, мәдениеттілігін арттырады. Өмірге жаңаша көзқарас қалыптастырады. Бүгінгі таңда қоғамда ана тілімізбен қатар ағылшын, орыс, басқа да шет тілдерін білу маңызды. Тілдерді тезірек меңгеру үшін не істеу керек? Қазақ сыныптарына орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін ұстаз ретінде төмендегі кеңестерді ұсынамын.

Тілді меңгеру үшін біріншіден, тіл үйренуге деген талпыныс болу керек. Ынта мен жігер қандай дабір алға қойған мақсаттарға жеткізеді. Бұл ретте өзіңіз үйренуге талпынып жүрген тіл, ол тілдің иесі – халқы туралы мәліметтерді оқып, қызығушылығыңызды арттыра түсіңіз.

Сөздікпен жұмыс істеп, әр сөзді жаттап қана қоймай, оның мағынасын да тереңірек зерттеп, түсінген дұрыс. Тіліңізді жаттықтыру үшін сол тілдегі мәтіндерді жиі тыңдау қажет. Сонымен қатар, мәтіндерді ауызша көп оқып, дайындалу керек. Әрі оқыған дауысыңызды өзіңіз тыңдап, мәтінді қайталауда қандай кемшіліктер бар, соны анықтағаныңыз абзал. Және сол кемшіліктермен жұмыс істеген дұрыс. Ал сөздік қорыңызды байыту үшін классикалық туындыларды тыңдау қажет.

Өзіңіз үйреніп жатқан тілде күнделікті істеген ісіңізді қарапайым тілмен жазуды әдетке айналдырып отырсаңыз, мұның өзі тіл үйренуде көп көмек. Оның көлемі маңызды емес. Бастысы – сіздің күн сайын жазу арқылы сол тілде жаттығып отырғаныңыз.

Орыс немесе ағылшын тілді достарыңызбен көбірек сөйлесіңіз. Тілді толық меңгеріп алғанша үйде де, мейлінше, осы тілде сөйлеңіз.

Орыс тілі бізге таңсық емес. Оны әрбіріміз білеміз. Бірақ, көп адам орысша сөйлегенде ойындағысын жеткізе алмай қалады. Бұл орысша ауызекі сөйлесуде тәжірибенің жоқтығынан. Сондықтан, сөздерді қате айтып қоямын деп үрейленбей, мейлінше көп сөйлеп жаттыққан дұрыс. Сөйлегенде еш қымсынбай, ойыңызды еркін жеткізуге тырысыңыз. Егер қате сөйлеп қоямын деп күмәндансаңыз, ойыңыз шашырап, айтар сөзіңізден жаңылып қаласыз. Осы кеңестерді бұлжытпай орындасаңыз, тіл үйренуде ешқандай қиындыққа тап болмайсыз.

Феруза ШАВКАТБЕКҚЫЗЫ,

М.Жұмабаев атындағы №19 орта мектеп-гимназиясының орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

Талдықорған қаласы

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды