ҮШТӨБЕДЕ "ҚАЙРАН, ӨЛЕҢ" АТТЫ СУ ЖАҢА КІТАПТЫҢ ТҰСАУЫ КЕСІЛДІ

Уақыты: 21.08.2021
Оқылды: 1434
Бөлім: РУХАНИЯТ

Үштөбедегі Мәдениет үйінде қараталдық ақын Тұрсынбек Дүйсенбековтің «Қайран, өлең» атты кітабының тұсауы кесілді. Аталмыш рухани-әдеби жыр кеші ҚР тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай Жетісу өңірінің жергілікті ақын-жазушыларын насихаттау мақсатында өткізілді.

Туабітті қабілетінің арқасында күйшілік пен суырыпсалма ақындықты тізгіндеген Тұрсынбек Дүйсенбеков шығармашылығы Қаратал жұртшылығына етене таныс. Адал еңбегінің, арда өнерінің арқасында елге сыйлы болды. Мәдениет саласында мәуелі жемістей болып, күйшілік пен ақындық сынды қосөрім өнерді өмірімен ұштастырған тұлғаның әдемі әзілдері, тауып айтқан семсер сөздері ел жадында. «Ел-жұртым ардақ тұтып мәпелейді, бұл сөзім болар мүмкін қате мейлі. Ұлдарым «әке» демей, аға десе, Ұлдарымның достары «әке» дейді. «Әке» дейді тағы да келіндерім, Ел-жұртымның қашан да төріндемін. Соншама қастерлейтін мен кім едім, Ақтаймын ба солардың сенімдерін?!» – дейді ақын «Мен бақыттымын» атты өлеңінде.

Салтанатты шарада ақынның ұлы Аманжол Тұрсынбекұлы әкесі жайында сыр суыртпақтап, көптен күткен қуанышты күнге де жеткенін әңгімеледі. «Әке көрген оқ жанар» демекші, әкесінің шығарып, ақ қағазға түсірген, ел аузында жүрген өлеңдерін жинақтап, кітап қылып басып шығарғандарын тілге тиек етті. Бұл кітап – Алланың пәрменімен 2021 жылдың сәуірінде 71 жасында келместің кемесіне мініп кеткен, Жылыбұлақ ауылының теріскейіндегі төбешіктен топырақ бұйырған ақынға қойылған мәңгілік ескерткіш.

– Мен оқып жүргенде әкем «Қайран шешем», «Аман бол, шешем, аман бол» күйлерін жиі сұрайтын. Бұл күйлерді неге тыңдай береді десем, шешесін жалғыз тастағысы келмегендіктен тағдырдың жазуына көндіккен екен ғой. Шешем деп оқуға да бармай қалды, – деп ағынан жарылған Аманжол жиналған жұртқа әкесінің бір өлеңін оқып берді.

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, қаламгер-өлкетанушы Қараша Қараман Тұрсынбек ақынмен кейінірек, Назар ақын арқылы танысқанын айтып, мінезі біртоға, қарапайым жан болғанын айтты.

– Тұрсынбек өзін ақынмын деп жарияламайтын, бірақ жазғаны бар, өзін күйшімін деп айта алмайтын, бірақ күйшілігі бар. Бұл – халықтың ортасынан шыққан ақын. «Сананы тұрмыс билейді» дегендей, Тұрсекең анасының қамымен шопанның таяғын ұстап кеткен. Сырқат шешесін тастап қалай оқиды? Мұндай қазақ ұғымында жоқ. Егер ұстазының жол сілтеуімен өнер саласына оқуға түскенде, күйшілігі Әбдімомын Желдібаев, Генерал Асқаров, Төлеген Момбековтердің деңгейіне жетер ме еді? Тұрсынбек халықтың ортасындағы ақын болды, – деп бағасын берді Қараша Қонысұлы. Ол Тұрсынбек суырып салып айтқандықтан, көп өлеңі қағазға түспей, тасада қалып қойғанын айтты. Сөзінің соңында Қ. Қараман ақын өлеңдерін насихаттап, аудан көлемінде мүшәйра өткізілсе деген ұсынысын білдірді.

Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, қаламгер, журналист Жексенбек Сұлтанбеков ақын өлеңдерінде азаматтық үн, өзіндік ой байқалатынын айтса, ақынның құрдасы Кенжеғұл Өтежанов марқұм досының адамгершілігі, әр іске жауапкершілікпен қарап, шақырған жерге дәл уақытында келетін қасиетін әңгіме өзегіне айналдырды.

«Мен қалған бір атадан теберік ем, танылдым ел-жұртыма өнеріммен. Үлкеннің өнегесін жинап өстім, өмірден аларым көп берерімнен» деп жырлаған Тұрсынбек Дүйсенбеков 1950 жылы Қытай Халық Республикасының Қараой ауылында дүниеге келген. Тағдырдың жазуымен он жасында әкесі Дүйсенбектен айырылады. 1962 жылы анасы Зағипа және туыстарымен Қазақстанға қоныс аударады. Әуелі Жамбыл ауданының Үмбетәлі ауылына табан тірейді. Тұрмыс тауқыметін ерте татқан Тұрсынбек жастайынан туысына ілесіп, қой бағады. 1963 жылы мектепке барып, араб үлгісіндегі төте жазуға машықтанған ол кирилицаны да оңай еңсеріп кетеді.  Сегіз жылдық мектепті үздік бітіріп, анасына қолғанат болуға жарап қалады.

«Сабақты ине сәтімен» демекші, 1966 жылы Алматыдан атақты музыка зерттеушісі, шертпе күйдің шебері, мұғалім Уәли Бекенов Тұрсынбек білім алып жүрген мектепке келіп, ауылда бұғып жатқан таланттың көзін ашады. Ән мен күйден сабақ беретін ұстаз өнерлі оқушылар мен ауыл жастарын жиып, көркемөнерпаздар үйірмесінің ашылуына ұйытқы болады. Көп ұзамай мамыражай ауыл іші әсем ән мен күмбірлеген күйге тұнып, жұрт айызы қанғанша концерт тамашалайтын болды.

Әлбетте, домбыраға құмар Тұрсынбек үйірменің белді мүшесі атанып, қағылездігі мен құймақұлақ қасиетінің, еңбекқорлығының арқасында Құрманғазы мен Дина секілді дәулескер күйшілердің жиырмаға тарта күйін меңгереді. Уәли ұстазы дарынды балаға сенім артып, өнер жолына бағыт сілтеп, Алматыдағы музыкалық училищесіне түсуіне көмектеспекші болады. Алайда сырқат анасын тастап кетуге қимай, асқақ арманымен қош айтысады. Ол 1970 жылы Қаратал ауданына қоныс аударып, «Новый мир» (қазіргі Жылыбұлақ) кеңшарына шопанның көмекшісі болып еңбекке араласады. Үш жылдай аға шопан Иманқожа жездесінен білгенін үйреніп, жеке отар алып, шопан атанады. Құдай қосқан қосағы Тұрымханмен шаңырақ құрып, үбірлі-шүбірлі болады. 1994 жылға дейін мемлекеттің, кейін жекеменшіктің қойын бағады. Ел ішінде ақындық, күйшілігімен көзге түсіп, абыройы артады. Қой бағып жүріп, жылдың төрт мезгілінде, малшылар бас қосатын той-думанда қос ішекті домбырамен күмбіретіп күй тартып, әуелете ән шырқайды. Суырыпсалма ақын дүбірлі айтыста жарқырай көрінеді. Тоқсаныншы жылдары нарық жұрт қыспағына түскенде кетпен ұстап, егін де салады. Кейін аудандық Мәдениет үйінде жиырма жыл еңбек етіп, құрметті зейнеткерлікке шығады.

Салтанатты шарада Қараша Қараман мен Жексенбек Сұлтанбеков кітаптың тұсауын кесіп, оқырман жүрегіне жол табуына тілектестік білдірді. Кітаптың жарық көруіне Тұрсынбектің нағашысы Назар ақынның ұлы Айдар да атсалысқанын айта кеткен ләзім.

Шарада ақынның немересі Әділет күйден шашу шашып, ата жолын қуған өнерлі өрен екенін байқатты. Ақын Тұрсынбек Дүйсенбековтің сөзіне жазылған Жангелді Немеребайдың «Қараталым» әнін күміскөмей әнші, ақынның келіні Шынар нақышына келтіре орындады. Кеш соңында жұртшылық ақын Тұрсынбек Дүйсенбековтің «Қайран, өлең» атты кітабымен етене танысып, естелік суретке түсті.

Асхат ӨМІРБАЕВ

Қаратал ауданы

Алматы облысы