ЖЕТІСУДЫҢ ЖАУҚАЗЫНЫ ЗЫЛИХА ТАМШЫБАЕВА ТІРІ БОЛСА, БИЫЛ 85-КЕ ТОЛАР ЕДІ

Уақыты: 22.08.2021
Оқылды: 1953
Бөлім: РУХАНИЯТ

Биыл қазан айында тірі болса хан қызындай Жетісудың Зылихасы 85 жасқа толатын еді. Көңілі көгілдір көктемдей, жаны жадыраған жаздай, өмірі өнегелі, еңбегі берекелі болып, ел тарихында есімі мәңгі жазылып қалған Зылиха Жанболатқызының асыл бейнесі – халықтың жүрегінде, жадында.

Жетісу өңірінің ғана емес, бүкіл қазақ елінің мақтанышына айналған Зылиха Тамшыбаеваның өмірден көшкеніне де он шақты жылдың жүзі болды. «Тау алыстаған сайын биіктей түседі» деген рас екен. Күн өткен сайын есімі аңызға айналған Зылиха Жанболатқызының бейнесі бізден алыстап биікке көтеріліп, халқына сіңірген еңбегі ел тарихының парақтарында алтын әріптермен жазылып қалды.

Кемеңгер ана есімін кейінгі ұрпақ жадында сақтау үшін өңірде біраз шаруалар жасалды. Қазіргі кезде туған ауылында еңселі ескерткіші жарқырап тұр. Амангелді ауылының орта мектебіне есімі берілсе, Талдықорған қаласының бір даңғылы Зылиха атымен аталады. Бұдан бес жыл бұрын ел анасының 80 жылдық тойы Жетісу жерінде аталып, талай тәлім-тәрбиелік іс-шаралар өткізілді.

Қазақтың жарық жұлдызы болған ана туралы қаншама шығармалар, мақала, очерктер, жалынды жырлар, әндер жазылды. Соған қарамастан әлі де болса еліміздің маңдайына біткен дара жұлдызы туралы жылы лебіз, ой-пікірімізді айту – бізге парыз.

Қызы едің Жанболаттың
            жалғыз талы,
Үміті едің, күмісі едің, болған бағы.
Ерте есейіп, тартып күйін
            тіршіліктің,
Болмысыңнан өр болдың,
               жайсаң жаны,
– деп сол жылдары жыр шумақтарын өріппін.

Мен 1968 жылы Зылиха Жанболатқызын Киров аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып сайланған сәтте көрдім. Ажар-көркі жарасқан, байсалды, небәрі 32 жастағы қазақ қызы бірден аудан жұртшылығына ұнаған еді. Сол кезде төрт баланың анасы бола тұра ауданның қоғамдық жұмыстарына белсене араласты. Облыс, ауданда жиын-шара деген жетерлік. Соның барлығына қатысып, құзыретіндегі мәселелерді шешіп жүрді. Ешбір артық ауыз сөзі жоқ, қарапайым әйелдің жайдары мінезінен, жүріс-тұрысынан ерекше бір мәдениеттілік, инабаттылық сезіліп тұратын. Аудандық газеттің қызметкері болғандықтан ара-тұра атком отырыстарына қатысып жүрдім.

Арада көп уақыт өтпей-ақ: «Зылиха Жанболатқызы ыдырауға тақап қалған «Еңбекші» кеңшарына партия ұйымының хатшысы болып сайланыпты» деген хабар алдық. Ол кезде күндей күркіреген партияның бір бұтағы – бастауыш ұйымының хатшысы болу қазақ қыздарының арасында сирек кездесетін құбылыс еді. Сол уақыттан бастап өмірден озғанынша осы бір аяулы жанның бүкіл ғұмыры көз алдымда өткені – мен үшін үлкен үлгі-өнеге, мақтаныш.

Зықаң нағыз қазақтың қайсар, алғыр қызы десем артық емес. Шаруасы қожырап, кім көрінген табысын жеп, сиырлары қысыр қалып, еккен қант қызылшасы көктемей, шыққаны шөптелмей жатқан шаруашылықты аяғынан тік тұрғызу үшін Зықаңның қаншама тер төккені бір өзіне ғана аян. Құлдырауға ұшыраған шаруашылықтың басшысы болып тізгінін қолға алған алғашқы күннен бастап Зылиха Жанболатқызының бір жайбарақат жүрген кезін көрмеппін. Күні-түні шапқылап, тәтті тамыр өсірудің небір озық технологиясын дала төсіне әкелген білімді де білгір басшы әйел бірнеше жыл ішінде қант қызылшасының әр гектарынан алынатын өнімді жоғарылатып, рекордты жаңартты. 

Маман-кадрлар басымдыққа ие дақылдар қатарына жататын және күтімді қажет ететін қызылшаның бейнеті жетерлік екенін жақсы біледі. Оның себебі, бұл дақылды өсіруде көбісі қол еңбегіне сүйенеді. Көп қиыншылықтарға қарамастан шаруашылықтың ауыр зіл батпан жүгін көтеріп, Зылиха апамыз ақыл-ой кемелдігімен, алғырлығымен Жетісу жұртшылығының абыройына ие болды. 1979 жылы «Еңбекші» кеңшары қант зауытына 78 мың тонна қант қызылшасын өткізіпті. Қызылша алқабының әр гектарынан 600 центнерден өнім алған звено жетекшісі Закария Сейітованың өңіріне «Алтын жұлдыз» қадалып, Социалистік Еңбек Ері атағы берілді.

Сол жылдары Еңбекшінің келбеті адам танымастай өзгерді. Жаңа ақшаңқан жүздеген үй, Мәдениет сарайы, жаңа мектеп, балабақша, сауда-саттық орталығы, ауылдық дәрігерлік пункттер салынып, көшелерге асфальт төселді. Жүздеген ағаш өсіріліп, бау-бақша гүлдеді. Тұрмыстық-әлеуметтік обьектілер қайта күрделі жөнделіп, пайдалануға берілді. Шаруашылықтың бүкіл жерді өңдеп, күтетін техника шеберханасы толық жаңартылды.

Зықаңның табиғат берген ерекше бір қасиеті – оның ұйымдастырушылық қабілеті еді. Төрт бөлімше қарайтын «Еңбекші»  кеңшарының 3,5 мыңнан астам сан ұлтты халқын бір отбасының баласындай етіп тәрбиелеу, еңбекке жұмылдыру кез келген басшының қолынан келе бермейді. Ағайынды ауызбірлікке, татулыққа, жастарды тірлікке шақырып, күш-жігерін халықтың әл-ауқатын көтеруге жұмсады.

Жылдар өте келе Зылиха Жанболатқызы шаруашылыққа қарасты әрбір отбасының мұң-мұқтажын, қиындығы мен қуанышын күнбе-күн біліп, қол ұшын беріп отыратын тұлғаға айналды. Жеке отбасының қуанышына қатысып, көмек беру осы қазақ қызының ауылға алып келген тың жаңалықтарының бірі болды. Қазақы дәстүрлерді берік ұстап, ауыл, көше тойларын өткізуді ұйымдастырды. Бұл шараларда ұмыт қала бастаған сәбиді бесікке бөлеу, тұсау кесу, қонақ шақыру, құда-жегжат күту және тағы басқа ұлттық дәстүрлер қамтылып, нағыз қазақтың мейрамына айналдырды. Ең бастысы, Зыкаң үлкен ақсақалдардың ақылын тыңдап, батасын алып, жалпы халықтың ой-пікірімен санасып отырды. Қаншама игілікті іс-шаралар шаруашылық басшысының қолдауымен өткізілгенін бүгін көнекөз қариялар жыр қылып айтады.

Өзінің атқарған еңбегінен ләззат алған Зылиха Жанболатқызының жан-сезімінің тереңдігі, адамгершілігі, өткен тарихқа деген тағзымы өте ерекше болды. Сол кеңес дәуірі жылдары-ақ Жетісудің үш әулие бабалары Ескелді, Балпық және Қабан жырау кесенесіне барып, тәу етіп, құран бағыштап отырған. Ешкімге айтып, дабыра қылмай-ақ бабалардың басында өткізілетін іс-шараларға өзінің үлесін қосып келген.

Жылдан-жылға атағы жер жарған «Еңбекші» кеңшарының көрсеткіші жақсарып, абыройы Жетісу өңірі ғана емес, ел бойынша асқақтай берді. Әлі есімде, 1981 жылдың бір мамыражай күні Киров (Көксу) аудандық партия комитетінің активі өтіп жатқан еді. Мен кезекші ретінде қабылдау бөлмесінде отырдым. Ашық тұрған зал есігінен активте қаралып жатқан мәселеге құлақ түріп, тыңдап отырғанмын. Бір кезде алдымдағы телефон шыр ете қалды. Көтерсем ар жақтан бір дауыс: «Зылиха Тамшыбаева қайда?» – дейді.

– Осында жиналысында отыр, – деп едім: «Телефонға шақыра аласыз ба? Ол кісіге Еңбек Ері атағын беру туралы Жарлыққа қол қойылды», – дейді ар жақтағы адам қуанышы қойнына сыймай.

Игілікті хабардан менің де жүрегім алып-ұшып:

– Жақсы болған екен. Қазір шақырамын, шақырамын, – деп Президиумға шығатын есік көзіне барғанымда, неге екенін қайдам, маған жалт қараған Зықаңа: «Шығып кетіңізші», – деп белгі бердім. Ол кісі лезде бері шықты.

– Зылиха Жанболатқызы, сүйінші, – деппін.

Зықаң бірден білді ғой деймін, күліп жіберіп, телефон тұтқасын алып, қатты қуанғанын жасыра алмай, ар жақтағы адамға абдырап алғысын айтып жатты. Осы кезде біздің қуанышты жүзімізді есіктен көрді ме, жоқ әлде алдын ала хабардар ма екен, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Төлеген Ахшанов активке жиналғандарға:

– «Еңбекші» ұжымының директоры Зылиха Жанболатқызы Тамшыбаеваға Социалистік Еңбек Ері атағы берілді, – деп жариялап жіберді. Мұндай халықтың дүбірлі қуанышын бірінші рет көруім еді. Тек қана Зықаңды ғана емес, жиналғандар бір-бірін құттықтап, абыр-сабыр болып кеттік. Бүкіл ауыл емес, аудан, Жетісу болып тойладық. Республиканың барлық басылымдары, теледидар, радиосы бұл жақсы хабарды тоқтаусыз таратты. Осылайша Ленин, Еңбек Қызыл Ту, Октябрь революциясы, «Парасат», «Құрмет» ордендерімен марапатталған Зылиха Тамшыбаеваның өңірінде енді «Алтын жұлдыз» жарқырап, аяулы ананың мәртебесі арта түсті.

Адамдардың ең бір бай қасиеттерінің түп-тамыры адал ниет, кіршіксіз көңіл, жалпы халыққа деген сүйіспеншілік пен сыйласымдылық па деймін. Әлі күнге дейін Зылиха Жанболатқызының өмірде, қызмет бабында жасаған шаруалары кез келген адамға үлгі-өнеге болады. Ол кісінің еңбекқорлығы, тындырымдылығы, қамқорлығы, атқарылатын іске деген жауапкершілігімен қатар мол байлық мұрасы – жайдары мінезі еді. Үлкенді үлкен, кішіні кіші, баланы бала, ананы ана деп сыйлай білетін осындай кең пейілді адамды өмірімде сирек кездестірдім.

Осы бір қарапайым әйелдің жайлау көңіліне, жұдырықтай жүрегіне осыншама даналық, мейірімділік, қайырымдылық қалай сыйып жүргеніне әлі күнге дейін таңым бар. Зықаң өзіне де, өзгеге де талап қоя білетін ер мінезді адам еді. Кез келген азаматтың қолынан келе бермейтін шаруаны тиянақты атқарып, бүкіл халықтың көңілінен шығып жүретін. Кез келген шешуші сәтте бәріміз «Зықаң не дер екен?» деп осы бір дана әйелдің жүзіне қарап алаңдап отыратынбыз.
Ақын Күләш Ахметова:

Таңданам кеңдігіне даламыздың,
Айналған арқауына ән-аңыздың.
Туғызған қазақ деген жомарт халық,
Бірісің ғасырдағы дана қыздың,
– деп жүрек толғанысын білдірсе:

Тамшыбайдың тамшыдай немересі,
Өзгелерден оқ бойы ой-өресі.
Зер сияқты зерленген алтын апам,
Бұл күнде бір аймақтың керегесі,
– деп ақын Ахмет Кендірбекұлы өлең шумақтарын арнады.

Әсіресе, Кеңес одағы және Қазақстан компартиясының бірнеше съездеріне делегат, республика жоғарғы Кеңесінің төрт мәрте депутаты болып сайлануының өзі Зылиха Жанболатқызының орасан еңбегіне көрсетілген құрмет, берілген әділ баға еді. Күні кешегі қазақтың қарапайым қызы елдің қамын ойлайтын ірі қоғам қайраткеріне айналды. Сол жылдары ол кісінің атына толассыз келіп жатқан хат-хабар мен өтініштердің ұзын санын ешкім санап көрмеген. Өзім жақсы білетін бір жайтты айтқым келеді. Бір отбасының қызы Алматыда жоғары оқу орнында оқып жүріп, оғаш заңсыз іс-әрекетке ұрынып қалып, қамауға алыныпты. Ата-анасының бармаған жері, баспаған тауы қалмаған соң Еңбекші ауылына келіп, Зықаңа жағдайын айтып кірген екен.

Жақсылық жасауға жаны құмар Зылиха Жанболатқызы істің әділ шешілуіне атсалысып, осы отбасының жалғыз қызын сотта ақтатып, бостандыққа шығарды. Мұндай жағдайлардың аз болмағаны белгілі. Қаншама ауылдың қыз-жігіттері осы кісінің қолдауымен оқуға түсіп, білім алып, ұлттық кадрлар қатарына қосылып, өмірден өз жолдарын тапты. Қаншама жас мамандар «Еңбекші» кеңшарында еңбек жолын бастап, жақсы маман, басшы болды. Олардың қатарында Жанайдар Егінбаев, Аманбек Рахымбаев, Болат Тоқсанбаев, Ақжолтай Көлбаев және тағы басқалары бар.

Алдына келген адамдарды бөліп-жармай, барлығына бірдей қарайтын Зықаңның ерекше қасиеті кез келген пенденің бойынан табыла бермейді. Сондықтан халық ол кісіні сыйлады, құрметтеді, абырой-беделін көтерді, хан қызындай көрді.

– Зықаңның тағы бір айта  кететін қасиеті – поэзияға, прозаға, әнге, жырға деген құмарлығы еді. Оның қазақ қыздарына өшпес өнеге болатын ғажап тұлғасын прототип етіп алған Қуандық Шаңғытбаев пен Қанабек Байсейітовтың «Беу, қыздар-ай» пьесасы, Еркеғали Рахмадиевтың «Жетісудың қыздары-ай» әндері абыройын асқақтатты.

Комсомол ұйымының жетекшісі болып жүрген кезінен-ақ әдеби шығармаларды жақсы көріп оқитын Зықаң көптеген белгілі ақын-жазушылармен тығыз қарым-қатынаста болды. Атақты ақындар Фариза Оңғарсынова, Марфуға Айтқожина, Күләш Ахметова, Зайда Елғондинова, Әбен Дәуренбеков, Ахмет Кендірбекұлы және басқалары Зықаңа жалынды жырларын арнаса, сазгер Әли Алпысбаев, Мэлс Керейбаев, Темірбек Мизамбекұлы әннен шашу шашты.

Зылиха апай проза саласында қалам тартып жүрген менің шығармашылығыма да қатты қызығушылық танытты. Сәті келген уақытта менімен әңгіме-дүкен құрып, талай шығармаларым осы бір ғажап әйел, ана, сыршыл жанның айтқан сюжеттері желісімен жазылғанын бүгін айтқым келеді. Дана әйел әрбір жарық көрген жинақ кітабымды уақыт тауып оқып, кездесу кештерінде жылы лебіздерін білдіріп жүрді. Әсіресе «Ел анасы болу – абырой» тақырыбында «Жетісу» газетіне жарияланған мақалам Зықаңның көңілінен шыққан болу керек. Дереу «Жетісудың жұлдызы» атты өзі туралы әр жылдары газет-журналдарда жарық көрген мақала-очерктер, көптеген ел азаматтарының ой-пікірлері туралы жинақты маған сыйға тартты.

Осы мақаланы жазу барысында қолтаңбасын оқып, көзіме еріксіз жас келді. «Құрметті Нұрила Дантайқызы! Мені шығармаларыңызға енгізгеніңіз үшін сізге басымды иіп рахмет айтамын», – деп қол қойыпты. Неткен дана әйел! Осындай өмірге екі айналып келмейтін жан алдында мен басымды июге тиіспін. Ол кісінің қымбат бейнесі өзінің таза болмысымен, көкке өрілген ақ қайыңдай сыршыл, аппақ жібектей көңілімен, сұлу ғажап көркімен ел жадында мәңгі қалыпты.

Әне-міне дегенше уақыт өте береді екен. Зейнеткерлікке шығатын болдым. Ауданға жаңа әкім келді. Біресе аудандық газетке редактор бол деді, біресе болма деді. Әйтеуір басшыға жақын жүретін бір жігіт ағасы бар еді. Сол қолымдағы лицензиямды алып кетті. 40 жыл бір мекемеде қызмет атқарып, азды-көпті сіңірген еңбегімді ешкім көзіне де ілмегені қабырғама батты. Бір шоқ гүл ұсынып, қолымнан алып алғыс айтып шығарып салатын азаматты көре алмадым. Шындық осы. Содан енді не бөгеліс деп Алматыға кетіп қалдым. Арада ай өткенде ауылға қайта оралсам сіңлім: «Зылиха Жанболатқызы сені бірнеше рет іздеді», – деді. 

Хабарласып едім, ол кісі балаша қуанып қалды. 

– Сені біреулер ренжіп кетті деп жатыр. Сол рас па? Сен оларға көңіл аударма, деңгейлері сол болса не істерсің? Ертең ауданда Наурыз мерекесі болады, соған кел, мен де барамын. Ешкімге жасаған қылдай қиянатың жоқ қой, ел-жұртқа жарқын жүзіңді көрсет, олардың жазығы жоқ. Бәрі дұрыс болады, – деді.

Осындай сыйлы адамның сөзін қалай жерге тастаймын, ертеңіне Наурыз мерекесіне бардым, шынында қарапайым жұртшылық құрмет көрсетіп, мені қуана қарсы алды. Олардың риясыз ақ ниеттеріне риза болдым. Кейіннен бәрі реттелді, республикалық газеттен жұмыс та табылды. Қолым тигендіктен шығармашылықпен айналыстым, бірнеше кітаптарым жарық көрді. Ойға алған істерімді жүзеге асыра бастадым.

Бір күні мақала жазып отырсам, ұялы байланысым әндетіп қоя бергені. Қарасам, Зылиха апай екен. «Мен машинамды жіберемін, келіп тамақ ішіп кет» деген ұсынысына, шынымды айтсам, сасып қалдым. Келістім. Өйткені маған бір нәрсе айтатындай көрінді. Сөйтіп келіні дайындап қойған ас мәзірінен дәм таттым.

– Саған көп сыр айтқым келіп еді. Бүгін шаршаңқырап отырғаным-ай, – деді сөз арасында. Сол кезде ол кісінің қатты науқас екенін түсіндім. Қиналғаны жаныма батқандықтан:

– Зылиха тәте, кейін айтарсыз, – дедім.

– Кейін уақыт бола ма? – деді жабырқап.

– Болады, тәте. Әлі сексен-тоқсанға келесіз, – деп уатқандай болдым. Ол кісі маған ойлана қарады да қойды. Кетерімде:

– Мен ем алу үшін жол жүремін. Саған менен естелік болсын, – деп иығыма асыл тастармен зерделенген орамал салды. Ыңғайсызданып алмайын деп едім:

– Мені ұмытпай жүр. Аман бол. Өзіңді-өзің сыйлап жүрген бір қызсың ғой, – деді.

Бұл Зылиха тәтемен соңғы кездесуім еді. Ол кісінің менімен осылайша қоштасып тұрғанын сезбей қалдым ғой.

Әлі есімде, Зылиха Жанболатқызы 2010 жылдың 12 қарашасы күні кешкілік Астана қаласында өмірден озды. Дәл қай уақытта екенін де айта аламын. Өйткені сол сәтте менің құлағыма сыбызғыдай сызылған бір қаралы әуен келді. Бұл ненің белгісі екенін түсінгенім жоқ. Әйтеуір жайсыз жайт болғанын жан-дүнием сезді. Көңілім қожырап, көзімнен жас ытқып кетті. Арада 15-20 минут өтпей-ақ қаралы хабар алдым. Бүкіл әлем жылап жатқандай әсер құшағына ендім. Орны да, жөні де бөлек бір қазақтың аяулы қызы еді. Көп жылдарға шейін орны ойсырап қалды. Ол орынды ешкім толтыра алмайтынын сездім. Өйткені, Зылихадай жан өмірге екі айналып келмейді.

2016 жылдың қазан айында Зылиха Тамшыбаеваның 80 жылдығы қарсаңында республикалық «Қазақстан Заман» газетінде көлемді мақалам жарияланды. Сол мақала билікте жүрген бірталай  азаматтарға ой, қозғау салып, Зықаңның 80 жылдық тойы Жетісу өңірінде дүрілдеп аталып өтті. Ол кісінің абыройын асқақтатып, көптеген іс-шаралар жүзеге асырылды. Жас ұрпақ күні кеше қант қызылшасын өсірудегі озық тәжірибесін өндіріске енгізіп, мол өнімінің іргесін қалап, жолын көрсетіп кеткен Зылиха Тамшыбаеваның кім екенін білді. Бағалы дақылмен аты шыққан Жетісу өңірінің қызылшашылары өнім көлемін 14 мың гектарға жеткізіп, облысты сапалы қантпен қамтамасыз ету мәселесін шешуге бетбұрды.

Бүкіл саналы ғұмырын елі мен жерін көгертуге арнаған, бақытын еңбектен тапқан Зылиха Тамшыбаеваны тағы бір еске алудың сәті келе жатқан сияқты. Биыл 5 қазан күні қазақтың дара жұлдызы Зылиха Тамшыбаева 85 жасқа толар еді. Жетісу өңірінде өшпес із қалдырып өмірден көшкен адамның рухына бағыштап іс-шара өткізу көзін көрген, үзеңгілес болып бірге жүрген, соңында қалған ар-ожданы бар азаматтардың парызы болатын шығар деген пікірдемін.

Нұрила БЕКТЕМІРОВА,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі