ПАНДЕМИЯ КЕЗІНДЕ БАЛАЛАРДЫҢ БІЛІМІН АҚСАТЫП АЛМАУЫМЫЗ ҚАЖЕТ

Уақыты: 23.08.2021
Оқылды: 1475
Бөлім: РУХАНИЯТ

Мектеп – балалардың болашағына жол ашатын, оларды өмірге бейімдейтін нұрлы шаңырақ. Мұндағы мұғалімдердің басты міндеті – сапалы білім мен саналы тәрбие беру, шәкірттердің бүгінгі өмір талабына сай қалыптасуына ықпал ету. Міне, сондай киелі шаңырақтың бірі – М.Жұмабаев атындағы №19 орта мектеп-гимназиясы.

Білім ошағы жаңа оқу жылына сақадай-сай, дайын. Өткен оқу жылында көбіне қашықтан білім берілгендіктен ұстаздар да, оқушылар да мектептерін сағынып қалғаны анық. Оны «Қашан сабақ басталады?» деп жанталасқан балалардың әрекетінен көруге болады. Біз өз тарапымыздан балаларға білімнің нәрін сеуіп, тәрбиенің тұнығын сіңіруді мақсат тұтамыз. Бұл ретте ұлттық тәрбиені тірек ете отырып, уақыт талабына сай білім беруді басты мақсат санаймыз.

Оқу мен тәрбие негізі – сабақ. Онда жаңа әдістерді пайдалану – бүгінгі күннің талабы. Сабақтың өз деңгейінде тартымды, қызықты, сапалы өтуі ұстаздың кәсіби шеберлігіне байланысты. Осы орайда әрбір мұғалім оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін сабағымызда кеңінен қолданып, мейлінше түрлендіріп өткізуге тырысамыз. Оқушылар сабақ оқудан жалықпаса екен, білім алуға деген ынтасы арта түссе екен дейміз.

Еліміздің көркейіп, өркениетті мемлекеттердің көш басынан орын алуы бүгінгі жас ұрпақтың алған білімі мен тәлім-тәрбиесіне байланысты екені сөзсіз. Бұған бірінші кезекте атсалысатын – ұстаздар қауымы. Ертеңгі болашағымыз жарқын болсын десек, бүгін аянбай тер төгуіміз қажет. Ол еңбектену мен ізденістің нәтижесінде ғана мүмкін болатын іс. Сондықтан, ұстаздар қауымына артылар жауапкершілік зор. Егемен елдің ертеңін тәрбиелеу, бүгінгідей пандемия кезінде балалардың білімін ақсатпай алып жүру – алдымызда тұрған зор міндет. Осы міндетті атқаруда ұстаздарға талмас талап, қажыр-қайрат тілеймін. Жаңа оқу жылы жақсылығымен келіп, балаларымыздың дені сау, білім алуға деген құлшынысы зор болсын дегім келеді.

Салтанат ШАРИПОВА,

М.Жұмабаев атындағы орта мектептің орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

Талдықорған қаласы

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан