МЕКТЕПКЕ БАРДЫҢ, ҚОҢЫРАУ СОҒЫЛДЫ, БӘРІ ЖАҚСЫ ДЕГЕН ЗАМАН ЖОҚ

Уақыты: 28.08.2021
Оқылды: 1567
Бөлім: РУХАНИЯТ

Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ жаңа оқу жылына дайындық барысын саралау мақсатында селекторық жиын өткізді. Оған басқарма басшылары, аудан, қала әкімдері, білім бөлімдерінің басшылары қатысты. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі мәлімдеді.

– Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күн қалды. Соған орай барлық дайындық жұмыстарын аяқтауымыз керек. Мектептер ғана емес, балабақша, колледждер де жаңа оқу жылына сақадай-сай болып, шәкірттерді қабылдауға дайын болуы тиіс, – деді облыс басшысы.

Білім ордаларының жаңа оқу жылына дайындығы барысын облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов баяндап, биыл білім саласының бюджеті 312 млрд. теңгені құрап, былтырғы жылмен салыстырғанда 30 млрд. теңгеге артып отырғанын, бұл облыс бюджетінің 40 пайызын құрайтынын жеткізді. 

– Биыл 41 білім беру нысанында құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жаңа оқу жылында 13 жаңа мектеп пайдалануға беріледі, оның жетеуі үшауысымды мектептердің орнын басады. Және 3 жекеменшік мектеп ашылады.

Осы жылы 21 білім беру нысанында құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Ол үшін 7,7 млрд.теңге бөлінген. Жаңа оқу жылына дейін 12 нысанның құрылыс жұмыстары аяқталады, 9 мектеп келесі жылға қалдырылады.

Пандемия жағдайында білім беру үшін барлық мектептер «Ашық» бағдарламасына қосылған. Оқушылар «Бір сынып – бір кабинет» жүйесі бойынша білім алады. Демек, сыныптан сыныпқа көшіп жүрмейді. 44 531 көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балаларын ыстық тамақ, мектеп формасымен қамтамасыз етуге қосымша 2,6 млрд. теңге қаржы бөлінді. Сонымен қатар, «Мектепке жол» акциясы аясында 12564 оқушыға 47 млн.теңгеге демеушілік көмек көрсетілді.

Мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға 5,5 млрд.теңге бөлінген. Оның 3,8 млрд.теңгесі оқу-әдістемелік кешендерін сатып алуға жұмсалды. Қазіргі уақытта барлық мектеп оқушылары 100% оқулықпен қамтамасыз етілуде. 

Мектептерді қыркүйек-желтоқсан айларында дезинфекциялық құралдармен қамту үшін 435 млн.теңге қарастырылған. Білім ошақтары қажетті дәрежеде қорғаныш құралдарымен қамтылған. Дәрігердің арнайы рұқсаты барлардан басқа мұғалімдер толықтай вакцина алды, – деді Батыржан Құлаймергенұлы.

Бұдан соң аудан-қала әкімдері де есеп беріп, мектептердің, оқушылардың жаңа оқу жылына дайындығын егжей-тегжейлі баяндады. Әсіресе, құрылыс жұмыстары жүріп жатқан мектептердің жайына баса көңіл бөлген облыс басшысы 1 қыркүйекте ашылуы тиіс білім ошақтарының талапқа сай болуына баса мән берді. 

– Балаларға білім беруде ешқандай олқылық орын алмауы тиіс. Пандемия кезінде оқушылардың мектепке барып-келуі, сыныптағы қауіпсіздігі директор мен мұғалімдерден ғана емес, аудан әкімінен бастап, санитарлық-қадағалау басқармасы, басқа да осы салаға жауапты мамандардың барлығынан сұралады. Бұрынғыдай мектепке бардың, қоңырау соғылды, болды, бәрі жақсы деген заман жоқ. Балалардың мектеп ішіндегі қауіпсіздігі, сыныптағы, қоңырау кезіндегі жүріп-тұрулары, бәрі де ойластырылған түрде, бақылауда болуы керек. Тіпті, олардың ата-аналарының базарға немесе тойға барып, вирус жұқтырып келіп, ертең бүкіл мектепке таратуына жол бермеуіміз қажет. Мұның барлығы жергілікті жердегі басшылардың қатаң қадағалауында болуы керек. Осы орайда әр аудан-қалада арнайы мониторингтік топ құрып, мектептердің талапқа сай болуы, оқушылардың қауіпсіздігі мәселесін қадағалауды тапсырамын, – деді Алматы облысының әкімі.

Осы орайда жауапты басшыларға нақты тапсырмалар беріп, балалардың амандығы басты мәселе екендігін, оқу жылында ешқандай олқылықтың орын алмауы қажеттігін қайталай ескертті.

Алма ЕСЕНБАЙ

Алматы облысы