АТА ЗАҢ ЖОБАСЫН ТАЛҚЫЛАУҒА МИЛЛИОНДАҒАН ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҚАТЫСҚАН

Уақыты: 30.08.2021
Оқылды: 1300
Бөлім: РУХАНИЯТ

Еліміздің тарихында және халқымыздың тағдырында 1991 жылдың 16 желтоқсаны ерекше орын алады. Бұл күн Қазақстанның дамуының жаңа кезеңіне айналды. Осы күні Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігін жариялаған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңын қабылдады. Онда Қазақстан Республикасының тәуелсіз мемлекет ретінде бүкіл аумақта толық билікке ие екені, өзінің ішкі және сыртқы саясатын дербес айқындайтыны және жүргізетіні ашық жазылған. Мемлекетіміздің қазіргі шегарасының аумағы біртұтас, бөлінбейді және қол сұғылмайды.

Қазақ халқымен тарихи тағдыр біріктірген барлық ұлт өкілдері Қазақстан Республикасында егемендіктің бірден-бір иесі және мемлекеттік биліктің қайнар көзі саналады, мемлекеттік билікті тікелей де, өзі сайлайтын мемлекеттік органдар арқылы да ҚР Конституциясы мен заңдарының негізінде жүзеге асыратын Қазақстанның біртұтас халқын құрайды.

Биыл «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы жылы» деп жарияланғаны белгілі. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы «Egemen Qazaqstan» газетіне жарияланғаны баршаға мәлім. 30 жылдық кезеңді үш онжылдық белеске бөліп, жүзеге асырылған орасан зор шаруаларды атап көрсеткен және алдағы төртінші онжылдықтың бізге жүктейтін міндеттері айқындалған мақала көпшіліктің көңілінен шыққаны анық.

Тарихи өлшем бойынша қысқа ғана мерзімге тең 30 жылдың ішінде Қазақстан ішкі және сыртқы саясатта үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Осы жылдар ішінде еліміздің барлық салаларында реформалар жүргізіліп, серпінді дамып келе жатқан экономика құрылды, халықтың өмір сүру жағдайы жақсарып, президенттік басқару нысаны түпкілікті қалыптасты, көптеген мемлекеттермен қарым-қатынас жолға қойылды. Бұған өзінің жоғары тиімділігін көрсеткен, бейбітшілікті, келісім мен өркендеуді, елдің қарышты дамуын, қазақстандықтардың әл-ауқатының артуын, жас және болашаққа ұмтылған мемлекетке деген сенім мен құрметтің артуын қамтамасыз еткен Қазақстан Республикасының қолданыстағы Конституциясы ықпал етті дер едім.

Еліміздің қолданыстағы Негізгі Заңы көп жылғы ұжымдық еңбектің нәтижесі, оның бастауында тоқсаныншы жылдардағы күрделі кезеңде миллиондаған қазақстандықты айналасына топтастырып, Конституция жобасын әзірлеу кезінде идеялардың бастамашысы болған ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тұр.

Негізгі Заң жобасын дайындау барысында ел Президенті әлемнің түрлі елдерінің 20-дан астам Конституциясын жеке-дара зерттеді. Жобаны талқылауға 3 миллионнан астам қазақстандық қатысты. Бүкілхалықтық дауыс беру (референдум) нәтижесінде 1995 жылғы 30 тамызда Қазақстан Республикасының қолданыстағы Конституциясы қабылданды. Өткен 2020 жылы біз оның 25 жылдығын кеңінен атап өттік.

Елімізде Конституцияның қабылдануымен қазақстандық мемлекеттілікті заңды түрде ресімдеу процесі аяқталды және нәтижелері бүгінгі күні көпшілікті таң қалдыратын жаппай қайта құрулардың бастамасы қаланды. Конституцияның мәтініне енгізілген прогрессивті құқықтық қағидаттар елдің тәуелсіз даму жолына біртіндеп көшуін қамтамасыз етті.

Конституциялық құндылықтарды іске асыруды қамтамасыз ету қажеттігі конституциялық бақылау органын қалыптастыруға себепші болып, 1995 жылғы қолданыстағы Конституция жаңа органды – Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесін құруға септігін тигізді. Конституциялық Кеңестің басты мақсаты – республиканың бүкіл аумағында Конституцияның үстемдігін қамтамасыз ету. Сот жүйесіне кірмейтін, дербес және тәуелсіз мемлекеттік орган саналатын Конституциялық Кеңес 1996 жылы ақпан айында құрылды.

Конституциялық Кеңес жеті мүшеден тұрады. Кеңестің төрағасы мен екі мүшесін республика Президенті тағайындайды, екі мүшеден тиісінше Парламент Сенаты және Мәжілісі алты жыл мерзімге тағайындайды. Кеңес мүшелерінің жартысы әр үш жыл сайын жаңартылып отырады. Бұдан басқа, республиканың экс-Президенттері құқығы бойынша ғұмыр бойы Конституциялық Кеңеске мүше бола алады.

Конституцияның 72-бабында айтылған Конституциялық Кеңестің өкілеттігі оның басты мақсатын іске асыру үшін қызмет етеді. Конституциялық Кеңес Парламент қабылдаған заңдарға Президент қол қойғанға дейін Конституцияға сәйкестігін, сондай-ақ, Республиканың халықаралық шарттарын ратификациялауға дайындығын қарастырып, заңдардың республика Конституциясына сәйкестігін қамтамасыз етеді. Соттардың өтініші бойынша қолданыстағы заңдар мен өзге де нормативтік-құқықтық актілердің конституциялығын тексере отырып, Кеңес мемлекеттің қолданыстағы құқығынан азаматтардың конституциялық құқықтарына қысым жасайтын нормаларды алып тастайды.

Конституциялық Кеңес конституциялық нормаларға ресми түсіндірме беріп, олардың әлеуетін, Конституцияның принциптерінде, нормалары мен ережелерінде қамтылған жасырын мағынасын ашады. Бұдан бөлек, 2017 жылғы конституциялық реформамен Конституциялық Кеңестің құзыретіне:

– адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін, егемендігі мен тұтастығын қамтамасыз ету мүддесінде күшіне енген заңның немесе өзге де құқықтық актінің конституциялығын тексеру туралы республика Президентінің өтінішін қарау;

– Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың Негізгі Заңның 91-бабының 2-тармағында белгіленген талаптарға олар республикалық референдумға немесе Парламенттің қарауына шығарылғанға дейін сәйкестігі туралы қорытынды беру сынды қосымша міндеттер берілді.

Конституциялық іс жүргізу Қазақстан Республикасы Президентінің, Парламент Палаталары Төрағаларының, Парламент депутаттарының жалпы санының кемінде бестен бірінің, Премьер-Министрдің және соттардың өтініштері бойынша қозғалуы мүмкін.

Конституциялық Кеңеске өтініш берген субъектілердің қатарына Қазақстан азаматтары кірмейді. Олардың конституциялық құқықтары мен бостандықтары жалпы юрисдикция соттарында, ал Конституциялық Кеңесте Конституцияның 78-бабында белгіленген жағдайларда және тәртіппен қорғалуы мүмкін. Осы бапқа сәйкес, егер сот қолданылуға тиісті заң немесе басқа да нормативтік- құқықтық акт Конституциямен бекітілген Адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіреді деп тапса, ол іс жүргізуді тоқтата тұруға және осы актіні конституциялық емес деп тану туралы ұсыныспен Конституциялық Кеңеске жүгінуге міндетті.

Конституциялық Кеңестің маңызды шешімі жыл сайын республика Парламентіне жолданатын еліміздегі конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы жолдауы. Онда Конституциялық Кеңес заңнаманың жай-күйін, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының қорғалу деңгейін, сондай-ақ, өзінің қорытынды қаулыларының орындалуын талдайды.

1996 жылғы қаңтар айынан бүгінге дейін Конституциялық Кеңеске 200-ден астам өтініш, соның ішінде, Мемлекет басшысынан 28, Парламент Палаталарының төрағалары мен оның депутаттарынан 77, Премьер-Министрден 27, соттардан 71 өтініш келіп түсті. Шамамен 30 заң және халықаралық шарт толықтай немесе ішінара конституциялық емес деп танылды. Конституциялық бақылау практикасын қорыту нәтижесі бойынша Парламентке елдегі конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы жыл сайынғы 26 жолдау жіберілді. Онда адамның құқықтарын қорғау, заң шығармашылық қызметті жетілдіру, заңнамаларды Конституцияға сәйкес келтіру туралы, сот құрылымы және сот ісін жүргізу, жүргізіліп жатқан әкімшілік реформалар және конституциялық реттеудің басқа да аясы туралы мәселелер көтерілді.

Осы кезең ішінде Конституциялық Кеңес Конституцияның нормаларын ресми түсіндіру туралы 100-ден астам өтінішті қарады, олар бойынша 80-нен астам нормативтік қаулы қабылданды. Конституцияның нормаларын ресми түсіндіру туралы қаулыларда Конституциялық Кеңес адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын іске асыру және қорғау, Қазақстан Республикасының азаматтығы, республика Президентінің мәртебесі мен өкілеттіктерінің сайлау жүйесі, Парламенттің құзыреті, қызметін ұйымдастыру және оның депутаттарының мәртебесі, заңнамалық үдерістің, биліктің заң шығарушы және атқарушы тармақтарының өзара қарым-қатынасы, Үкіметтің, соттардың және өзге де мемлекеттік органдардың құзыреті мен қызметі мәселелері секілді аса өзекті тақырыптарды қарады.

Былтыр 27 тамызда Конституциялық Кеңес ұйымдастырған, Конституцияның 25 жылдығына арналған «XXI ғасырдың Конституциясы – құқық үстемдігі, адамның құндылығы және мемлекеттің тиімділігі» тақырыбындағы Азиялық Конституциялық соттар және оған теңестірілген институттар қауымдастығының (Халықаралық конференция) онлайн IV Конгресінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ата Заңымыз қабылданған ширек ғасыр ішінде үш конституциялық реформа жасалды. Бұл жұмысқа азаматтық қоғам кең көлемде атсалысты. Дегенмен, Конституцияның жасампаздық әлеуеті әлі де зор. Әсіресе, қоғам тарапынан туындаған әлеуметтік-экономикалық және саяси сипаттағы талап-тілектерге толыққанды жауап беретіндей мүмкіндіктері мол екені сөзсіз. Ата Заңның ережелерін жүзеге асыру ісінде Конституциялық Кеңестің маңызы ерекше. Кеңес Ата Заңның ел аумағында үстемдік етуін қамтамасыз етіп, конституциялық талаптардың мән-мазмұнын түсіндіру тұрғысынан орасан зор жұмыс атқарады», – деп атап өткен болатын.

Сөзімді ҚР Президентінің айтулы мақаласындағы: «Тәуелсіз ел болу оны жариялаумен немесе мемлекеттің іргетасын қалаумен шектелмейді. Тәуелсіздік үшін нағыз күрес күнделікті еңбекпен, үздіксіз әрі дәйекті елдік саясатпен мәңгі жалғасады. Біз қуатты тәуелсіз мемлекетімізбен ғана ұлт ретінде жер бетінде сақталамыз. Осы айнымас ақиқатты берік ұстануымыз қажет. «Тәуелсіздік бәрінен қымбат!» деген бірауыз сөз мәңгі ұранымыз болуға тиіс», - деген ұранды сөзбен қорытындылағым келеді.

Манон БАДАЛИЕВ,

ҚР Конституциялық Кеңесі аппараты құқықтық қамтамасыз ету және халықаралық ынтымақтастық бөлімінің меңгерушісі