ТӘУЕЛСІЗДІК - 30: ТЕАТР САЛЫНДЫ, КІТАПХАНАЛАР АШЫЛДЫ, ТҰЛҒАЛАР ДӘРІПТЕЛДІ

Уақыты: 26.10.2021
Оқылды: 1263
Бөлім: РУХАНИЯТ

«Ғылым мен мәдениет барлық дүниенің алтын алқасы болып отыр», – деп өткен ғасырда классик жазушымыз Мұхтар Әуезов үн қатқан. Ұлылардың өзге де тағылым сөзінен тамыр тартпасақ та,  көзі ашық адамға мәдениеттің адам өмірінде, халық құндылығында қаншалықты маңызды орынға ие екені белгілі дүние. Біз егемендік жолдың отыз жылын тарих дәргейіне тастадық. Сол жолда зерлі ізіміз, ілкімді ісіміз жарқырап жатыр. Бұл – Тәуелсіздіктің жемісі!

Азаттықтың арай таңына кеудесін тосқан ұлы ел мәдениеті сонау ғасырлардан бері саф болмысын сақтап, асылын әлемге ұсынып келді. Тіпті, бір ғана саз өнеріне қаншама шетел зерттеушілері, өнер майталмандары таңдай қақты, бағасын берді?! Қазақ әнін зерттеген Александр Затаевич «Бүкіл қазақ сахарасы ән салып тұрғандай» деп таңдайының суын жұтып, пікірін уылжытып өрнектесе, сан мың тарихи тұлға ділмар елдің тебінді тірлігінің текті ұстанымына ұлы ойларын айшықтап өтті. Міне, осындай мәдениетіміздің арнасы Тәуелсіздік жылдарында кеңейіп, өрістей түсті.

Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Мәдениет – елдің ең басты рухани байлығы, асыл мұрасы. Қай елдің мәдениеті мықты дамыса, сол елдің еңсесі де биік болады», – деген болатын. Елімізде мәдениет пен өнерді насихаттауға қолдау жасалып, мемлекеттік бағдарламалар аясында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған биылғы Жолдауында үлкен міндеттер қойылды. Халықтың экономикалық және әлеуметтік жағдайының жылдан-жылға артуына, мәдени-рухани дамуына ерекше көңіл бөлініп келе жатқаны көңіл қуантады.

Бүгінгі таңда облысымызда архивтер мен мәдениет мекемелерінің саны 585 нысанды құрап отырса, биыл 4 ауылдық Мәдениет үйі, 3 кітапхана салтанатты түрде ашылып, ел игілігіне берілді. Сонымен қатар, 9 мамыр Жеңіс күні қарсаңында Қарасай ауданында «Анаға құрмет» атты сурет галереясы ашылды. Облыста мәдениет, өнер бағытында жаңа форматтағы бірнеше жаңа жобалар іске асырылып, халыққа ұсынылған.

Тіпті, соңғы бес жыл бедеріне көз тастайтын болсақ, аймақтың ажарына ажар қосып, руханиятына серпін берген бірегей нысандар бой көтеріп, өнер адамдары, талант иелері мәдени қызметке кірісті. Сол нысандарды атап айтсақ, ең әуелі облыс орталығында Б.Римова атындағы Талдықорған драма театрының жаңа ғимаратын атап өтер едік. Аталмыш театрдың жаңа ғимараты 2018 жылдың 31 қазанында ашылды. Ашылу салтанаты VII "Қазақстан – Еуразия жүрегі" Орталық Азия халықтары театрының фестивалімен орайластырылды. Жергілікті ұжым ұлы жазушы М.Әуезовтің «Айман-Шолпан» қойылымын сахналады.

Осы ретте айта кетуі керек, театрдың жаңа ғимараты екі қабаттан тұрады. Жалпы аумағы – 10 538 шаршы метр. Залдағы орын 510 көрерменге арналған. Осынау Орта Азияда теңдесі жоқ театр ғимаратында қызмет істеп жатқан актерлар ерекше шабытпен руханиятқа үлес қосып келеді. Мәселен, соңғы бірнеше жыл көлемінде аталған ұжым әлемдік классикадан У. Шекспирдің «Ромео-Джульетта» қойылымын премьераласа, «Хақ жолы» әлеуметтік драмасын, «Орақты батыр», «Құстар фестивалі» балаларға арналған ертегі қойылымы сынды бірқатар тың туындыны көрермен назарына ұсынды. Жеңістің 75 жылдығына арнайы шақырылған Б.Шамбетовтың режиссерлығымен сахналанған, 45-маусымның шымылдығын ашқан Нобель сыйлығының иегері С.Алексиевичтің «Соғыстың сұрқы әйелге жат» реквиемі көрерменнің көңілін көкжиекпен астастырғандай болды.

Қазақ театрларының ішінде алғаш рет Шығыстың ұлы ойшылы, ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай «Аққан жұлдыз құласа» тарихи драмасының премьерасы өткізілді. Ал Абай бабамыздың 175 жылдығына орай Мұхтар Әуезовтің «Абай» қойылымы Қ. Қасымовтың режиссерлығымен жаңаша бағытта сахналанды. Міне, осының өзі бір ғана театр ұжымының мәдени өмірімізге қосқан таудай үлесі десек артық айтпағанымыз.

Өткен жылы бірқатар халық театры өз жұмысын жандандырды. Солардың ішінде, Нарынқол, Кеген, Сарқан аудандарындағы өнер отауларымен қатар Ұйғыр ауданындағы «Қарадала» театры облыс орталығына келіп, ұлы ақын Абай Құнанбаевтың мерейтойына орай қойылымдарын көрермен назарына ұсынды.

2018 жылы Астана қаласының 20 жылдық мерейтойын ел болып атап өттік. Айтулы шараға орай, Жетісу жұртшылығы бас қалада «Жетісу» саябағын жаңғыртты. Жетісу өңірінде саябақтар, бірқатар өндіріс орындары бой көтерсе, Талдықорған қаласында Астана даңғылы салтанатты түрде ашылды. Облыс орталығында, аймақта соңғы жылдары ашылған мәдени нысандар қатарында «Жастар» мәдениет және демалыс саябағы, Музыка мектебі, Рухани жаңғыру орталығы, Қаратал жағалауы, облыс орталығындағы жеті бірдей су бұрқағы сынды көптеген нысандар, ұлыларға ескерткіш, ескерткіш тақталар мен бюстер орнатылды. Бұл – мәдениет ұлттың мәйегі деген жетісулықтардың атқарған ілкімді ісінің бір көрінісі.

Аймақ мәдениетін көтеру мақсатында жыл сайын дәстүрлі түрде Мәдениет күндері аталып өтеді. Өткен жылы «Рухани қазына» республикалық фестивалінде С.Сейфуллин атындағы облыстық кітапханасы мен Қапшағай қалалық Мәдениет үйі жүлделі орындарға ие болды. Сондай-ақ, «Сәлем, Елорда!» республикалық телевизиялық концертте облыс өнерпаздары сәтті өнер көрсетіп, соңғы үш жылда Мәскеу, Тайланд, Түркия елдерінде қазақ өнерін паш етті.«Жұмыспен қамтудың Жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша 12 Мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтсе, биыл жаңадан ашылған Мәдениет үйлері, архивтер мен халық театрлары 125 штаттық бірлікпен толықтырылды. 481 млн.теңгеге мекемелердің материалдық-техникалық базасы жаңартылды.

Өңірдің мәдениетін көтеру мақсатында жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан байқаудың биылғы қорытындысында облыс әкімі Амандық Баталов сөз алып, жетістіктерімізді санамалады. Сол салтанатты шарада ол «Үздік облыстық мәдениет мекемесі» деп танылған«Алатау әуендері» МКҚК-на су жаңа жеңіл автокөліктің кілтін табыс етті. Бұл үрдіс бірқатар жыл жемісті жалғасын тауып, жыл сайын озық шыққан мәдени мекемелер қомақты жүлдеге кенеліп келеді. Сондай-ақ, биыл Жамбыл аудандық Мәдениет үйі «Үздік Мәдениет үйі» деп танылса, Текелі қалалық кітапханасы «Үздік кітапхана», Ж.Жабаев атындағы әдеби-мемориалды музейі «Үздік музей», Іле ауданы Үлгілі «Элегия» вокалдық ансамблі «Үздік халықтық, үлгілі атағы бар ұжым» жеңімпазы деп танылып, 200 мың теңгелік сертификатпен марапатталған болатын.

Кешегі күн жылнамаларына көз салсақ, Алматы облысының мемлекеттік жүйеге қарасты мәдениет мекемелерінің 1991 жылғы саны 1538 құраған-ды. Оның ішінде 422 Мәдениет үйі мен клуб, 793 кітапхана, 12 музей, 194 кино театр мен киноқондырғылар бар. Бұл деректер қатарына, әрине, қазақ музыка өнеріне өлшеусіз үлес қосып, ән салтанатын жалғастырушы Сүйінбай атындағы облыстық филармониясы кіреді. Оған қоса, Б. Римова атындағы драма театры, халық шығармашылығы орталығы, 84 автоклуб, 12 қызыл отау, 22 саяжайлар кірген. Дегенмен, еліміздегі дағдарысқа байланысты бұл көрсеткіштер анағұрлым төмендеп, 2000 жылы барлығы 117 мәдениет нысаны ғана қалған болатын. Автоклубтар, саяжайлар, қызыл отаулар, киноқондырғылар қысқартуға түскен. Осы жылдары облысымыздағы Мәдениет үйінің саны 42-ге дейін, кітапхана саны 54-ке дейін қысқарды. Елбасының экономиканы көтеру, халқымыздың әлеуметтік деңгейін жоғарылату жөніндегі сарабдал саясатының арқасында бүгінгі күнде облысымызда барлығы 585 мәдениет нысаны халыққа қызмет көрсетеді. Тәуелсіздік жылдары республикада теңдесі жоқ «Анаға құрмет» мемориалды кешені, «Атамекен» тарихи-мәдени орталығы, «Жаңалық» музейі, жоғарыда атап өткен Б.Римова атындағы драма театры, өткен жылы 4 Мәдениет үйі мен 3 кітапхана қолданысқа берілді.

Бүгінгі күнде 251 Мәдениет үйі, 281 кітапхана, 26 музей, 20 архив, 5 облыстық мекеме халыққа сапалы мәдени қызмет көрсетіп келеді. Жас жеткіншектерді өнерге баулу мақсатында мыңнан астам түрлі балалар үйірмесі жұмыс жасауда. Биыл мемлекеттік тапсырыспен шығармашылық үйірмелерді дамыту мақсатында облыс бюджетінен 850 млн.теңге қаржы бөлінген. Мәдениет пен әдебиеттегі өнер адамдарын қолдау мақсатында жыл сайын әкім степендиясы бөлініп отырса, жергілікті авторлардың жыл сайын кітабы аймақ әкімінің қолдауымен үздіксіз жарық көріп келеді.

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының 2021 жылғы бюджеті 12 млрд.528 млн.теңгені құрап отыр. Осы жылы 5 нысаның құрылыс жұмыстарына 1 млрд.747 млн.теңге, 7 нысанның күрделі жөндеу жұмыстарына 2 млрд.360 млн. теңге, 46 нысанның ағымдағы жөндеуіне 475,3 млн.теңге, 14 нысанға жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге 160,5 млн. теңге қарастырылды.

Айта кету керек, биыл облыстық Сүйінбай атындағы филармония қабырғасынан құрылған М.Төлебаев атындағы халық аспаптар оркестрінің құрылғанына 30 жыл толып отыр. Тәуелсіздігімізбен құрдас аймақтағы оркестр осы уақыттар ішінде біраз биіктерден көрініп, талай белестерден асып үлгерді. Айталық, Астана қаласында өткен «Серпер» Халықаралық фестивалінің жеңімпазы атанды, 2007 жылы Болгария елінде өткен «Софиялық көктем – 2008» Халықаралық фестивалінің лауреаты атанып, «Алтын» медалімен марапатталды. Ақтөбе қаласында «Жұбанов көктемі – 2010» Халықаралық фестивалінде І орын иегері атанды. Оркестр М.Төлебаевтың туған жері Лепсі кентінде ғұлама композитордың туған күніне орай жыл сайын концерт беруді дәстүрге айналдырып, жалғасын тауып келеді.

Ұлт руханиятының ұйытқысы болған дауылпаз ақындарымыз бен ділмарларымыз, ғұламаларымыз бен батырларымыздың мерейтойы салтанатты жалғасын тауып келеді. Мәселен, Сүйінбай Аронұлының 200 жылдығына орай Түркияның Анкара қаласында ақын атындағы саяжай ашылып, ескерткіші орнатылса, саябаққа жақын көшеге жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың аты берілген болатын. Биыл ақиық ақын Мұқағали Мақатаев туған топырақта, Нарынқол ауылының орталығына ақын ескерткіші бой көтеріп, 90 жылдығы ел көлемінде дүбірлеп өтті. Осы іспетті рухани шаралар барысында ұлт перзенттерінің мерейтойлары аймақта бірде-бір рет қалыс қалып көрген емес-ті!

«Тәуелсіздік – Тәңір берген тәтті сый», – деп ақындарымыз жырға қосқандай, біз осынау егеменді отыз жыл ішінде көптеген жетістікке қол жеткіздік. Арғысынан тамыр тартып мысал келтірмегеннің өзінде, бергісі – қазақтың азаттығыман құрдас Димаш Құдайбергеновтей мақтанышымыз әлемдік сахнаға атойлап шықты. Әлемнің алпауыт елдерінің самаладай сахнасында қазақ әнін асқақтатып, Алаштың музыка өнерінің құдіретін танытты. Сонымен қатар, биыл өткен «Славиян базары – 2021» халықаралық байқауында жерлесіміз, талдықорғандық Рухия Байдүкенова Гран-при еншіледі. Осының өзі-ақ қазақ халқының мәдениетінің бай, өнерпаздарының талантты екенін аңғартса, жоғарыда аталған азғантай деректен мәдениет саласының жемісті жұмысын аңдауға болады.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Алматы облысы