ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗҰУ ЮНЕСКО-НЫҢ ЖАҺАНДЫҚ ФОРУМЫНА ҚАТЫСТЫ

Уақыты: 24.10.2021
Оқылды: 1061
Бөлім: РУХАНИЯТ

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың мәдени антропологтары ЮНЕСКО-ның IV жаһандық кеңес-форумына қатысты.

Алматы қаласында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі ЮНЕСКО қамқорлығындағы Халықаралық мәдениеттерді жақындастыру орталығы  ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Философия, саясаттану және дінтану институтымен бірлесіп, Мәдениеттерді жақындастырудың халықаралық онжылдығы (2013-2023) аясында ЮНЕСКО-ның іс-жоспарын тиімді іске асыру мақсатында Еуразия мәдениеттерін жақындастыру бойынша «Ортақ этостың қалыптасуы: саналы өзара тәуелділік дәуіріне аяқ басу» атты IV жаһандық кеңес өткізді.

Форумның мақсаты – адамзаттың бейбіт қатар өмір сүру мәселелерін шешу жолында жаңа дәлелдер ұсына отырып планетарлық сананы қалыптастыруға қолдау білдіру, сонымен қатар, бүгінгі және келешек ұрпаққа тиімді коммуникациялар мен ынтымақтастық үшін білім мен дағдыларды игеруге жол көрсетіп, оларды әлемнің жауапты азаматтары болуға тәрбиелеу.

Жаһандық кеңес бірнеше секциядан тұрды. «Білім беру және БАҚ арқылы жалпы этостық және мәдениетаралық диалог қағидалары мен құндылықтарын тарату» атты секцияда мәдениеттердің шынайы  жақындасуына қолдау білдірудегі білім беру, БАҚ және әлеуметтік желілердің рөліне арналып, сондай-ақ, мәдениетаралық диалогқа және ортақ этосты қалыптастыруға кедергі келтіретін факторларды зерттеуге және оларды еңсерудің ықтимал жолдарын қарастыруға бағытталды.

Осы секция мәжілісінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті дінтану және мәдениеттану кафедрасының профессоры, философия ғылымдарының докторы Тұрсын Ғабитов «Әлем мәдениетінің этникалық құндылықтары» атты баяндама жасаса, аталмыш кафедраның PhD докторанты Елдос Өсербаев «Қазақ мәдениеті контекстіндегі гуманистік этика құндылықтары» тақырыбында сөз сөйледі.

Әлемдегі және еліміздегі күрделі эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, Еуразия мәдениеттерін жақындастыру жөніндегі төртінші жаһандық кеңес шетелдік және басқа қалалардан келген қатысушылар үшін онлайн, ал Алматы қаласы өкілдері үшін аралас форматта өткізілді.

Серғазы ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ дінтану және мәдениеттану кафедрасының оқытушысы

мәдениеттану магистрі, PhD докторанты