ТАРАЗДА ӨТКЕН БАЙҚАУДА "ҚҰЛАНСАЗ" АНСАМБЛІ БАС БӘЙГЕНІ ЕНШІЛЕДІ

Уақыты: 26.10.2021
Оқылды: 1415
Бөлім: РУХАНИЯТ

Көңілдің киелі пернесін дөп басып, жан сарайын жадырататын саз өнерінің сиқырына жиі елтіп кетесің. Қанша уақыт тіршілік тепеңімен жүрсең де бабалардың өміршең туындылары көкейіңде күмбірлеп қоя береді. «Құлансаз» фольклорлы-этнографиялық ансамблінің сахнада бебеулеткен, тамылжытқан мөлдір туындылары, сол бір асқақ рухты күйлері жадыңда жаңғырса, жер-әлемге сыймайтындай күйге түсесің. Сонда барып аталмыш ансамбль ұжымының талантты өнерпаздарына деген ішкі сезімің беки түсетіндей.

Шындығында «Құлансаз» ансамблінің репертуарындағы әрбір туындыны толқи тыңдамау мүмкін емес. Аттың шабысы, судың ағысынан бастап қазақы қанды тасытар небір сазды өн бойына жинаған ұлы күйлер мен асқақ музыкаларды жоғары деңгейде орындайтын «құлансаздықтар» бүгінге дейін талай асуды бағындырып, шығармашылықтың жемісті жолын тарихи сүрдекке айналдырды. Олар жуырда ғана Тараз қаласында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай өткен «Көне Тараз күмбірі» атты II Республикалық этно-фольклорлы ансамбльдер арасындағы байқауда бас жүлдені жеңіп алды.

Жеңіс туын желбіреткен өнер ұжымының қуанышына орай аталмыш ансамбльді Тараз төріне бастап барған «Алатау әуендері» концерттік бірлестігі музыкалық топтарының көркемдік жетекшісі Қайрат Байгенженовпен тілдестік. Байқаудың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын, Ж. Баласағұн атындағы Орталық концерт залында өткен ұлттық музыка өнерінің додасына 18 ансамбль қатысқанын айтқан ол:

– Байқау ережесі бойынша әр фольклорлы-этнографиялық ансамбль үш шығарма орындауы қажет болды. «Көне Тараз күмбірі» байқауы бірінші рет өткізілгенде әр өңірден жиналған қатысушылардың барлығы Әулиеата жеріне арналған жаңа күй шығарып, ол партитуралық жинақ болып басылып, тұсауы кесілген болатын. Осы жолы сол жинақтан бір күй ойнау міндеттелді. Біз Шолпан Қорғанбектің «Қасиетті Тараз» күйін дайындап апардық. Өз кезегінде, Жамбыл облысында туған танымал күйші, композиторлардың бір туындысын орындау талабы бойынша Ықылас Дүкенұлының «Кертолғау» күйін күмбірлеттік. Сонымен қатар, Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы мен Ж.Жабаевтың 175 жылдығына орай Жамбыл репертуарынан немесе жаңа ән орындау шеберлігі талап етілді. Ақын Рәтбек Терлікбаевтың сөзіне жазылған Жолдасхан Құрамысовтың «Жамбыл ата елі» әнін Әділет Жексембі орындап, тыңдарманын тәнті етті, – деп жалпы байқау туралы айшықтап өтті.

Күллі қазақ тыңдармандарының сүйіспеншілігіне, құрмет-қошеметіне бөленіп жүрген «Құлансаздың» қазақ музыка өнерінде өзіндік орны бар. Аталған өнер ұжымы 1979 жылы атақты композитор, Қазақстанның Халық әртісі Әсет Бейсеуовтің бастамасымен құрылған. Кейіннен, 2011 жылы Алматы облысы әкімінің қолдауымен «Алатау әуендері» концерттік бірлестігінің «Құлансаз» фольклорлы-этнографиялық ансамблі болып қайта жасақталған болатын.

Ұлт құндылықтарын ұлықтап, қазақ халқының музыка өнерін кеңінен дәріптеп жүрген ансамбль бүгінге дейін талай сахнаны сазға бөлеп, қазақ сахарасын күймен күмбірлетті. Еліміздің әр өңірінде концерт қойып, төл тыңдармандарының көңілін көкжиекпен астастырғандай күйге бөлеп келеді. Тіпті, Оңтүстік Корея, Қытай, Ресей, Америка Құрама Штаттары, Германия, Польша сияқты елдерде де қазақ халқының асқақ күйлерін, әсем саздарын кеңінен насихаттады. Өнер ұжымы өз кезегінде XVI халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің «Халық музыкасы» аталымы бойынша 1-орын жүлдегері атанған.

«Көне Тараз күмбірі» байқауына облысымыздың атынан барып бас жүлдеге ие болған «Құлансаз» фольклорлы-этнографиялық ансамблінің жеңісімен барша жетісулық өнерсүйер қауымды құттықтаймыз.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Алматы облысы