ЖАМБЫЛДЫҢ 175 ЖЫЛДЫҒЫНА ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ЖАС РЭПЕРЛЕР ҮН ҚОСТЫ

Уақыты: 20.11.2021
Оқылды: 1219
Бөлім: РУХАНИЯТ

Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына арналған «Жыр алыбы – Жамбыл» атты жаңа фестиваль басталды. Бұл – жастарға арналған заманауи жоба. Музыкалық фестиваль отандық хип-хоп индустриясының ең үздік талантты өкілдерін бір шығармашылық алаңда тоғыстырып, үлкен форматта өткізіліп жатыр. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі хабарлады.

Жоба Алматы қаласындағы Жамбыл ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімінен бастау алды. Мұнда өнер жолына енді қадам басқан фестивальдің қатысушылары мен есімі көпшілікке танылған жас әртістер келді. Олардың қатарында Kyle Ruh, Ziruza, Ray, Neutron, Madi Rymbaev, Soulbirkez, Esko бар.

Игі шара одан кейін Алматы облысы Жамбыл ауданындағы Қарақыстақ және Жамбыл ауылдарына сапармен жалғасты. Фестиваль қатысушылары аталған елді мекендердегі Сүйінбай мен Жамбыл музейлеріне келіп, екі ұлы ақынның рухына тағзым етіп, ондағы құнды жәдігерлермен танысты. Осында әнші Зирузаны әңгімеге тартқанымызда, бұл іс-шараның рухани құндылығы жоғары екенін айтты.

- Қарақыстақ және Жамбыл ауылдарындағы бұл музейлерге алғаш келуім. Жамбыл ақын мен оның ұстазы Сүйінбайдың бай мұраларына қатысты көптеген жаңа мәлімет алдым. Біз сияқты жас буын үшін бұл нағыз өнегесі мол іс-шара болды, - деді жас әнші.

Жас өнерпаздардың айтуынша, Жамбыл жырлаған өзекті тақырыптарды бүгінде қазақстандық жас рэперлер көтеріп, жаңа форматта ұсынуда. Сондықтан, ақынның туындылары әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтқан жоқ. Іс-шара аясында жас әртістер Қарақыстақ ауылының ардагерлер ансамблінің өнерін тамашалады.

«Жыр алыбы – Жамбыл» фестиваліне өнер жолына енді ғана қадам басқан жас музыканттар қатысады. Қатысушылар Instagram, YouTube, Facebook әлеуметтік желілері арқылы іріктелді. Іріктеу кезінде қатысушылардың әртістік шеберлігіне, сөз саптауына, мәтін идеясының ерекшелігіне, вокалдық қабілеттеріне баса мән берілді. Қатысушылар арасында Қазақстан халқы Ассамблеясының этномәдени бірлестік өкілдері, орыс, белорус, өзбек, ұйғыр және басқа этностар бар.

Фестиваль Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен өтуде. Жаңа фестивальдің мақсаты – Жамбыл мұрасын насихаттай отырып, жас таланттарды қолдау, Қазақстан аймақтары арасында кәсіби-шығармашылық байланысты нығайту.

Фестивальдің гала-концерті 20 қараша күні сағат 18:00-де Алматы қаласындағы Ө.Жолдасбеков атындағы студенттер сарайында өтеді.

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Жамбыл ауданы

Алматы облысы