Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ЖЕТІСУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТТЕРІ МҰҚАҒАЛИ ӨЛЕҢДЕРІН ОҚЫДЫ

Уақыты: 23.11.2021
Оқылды: 683
Бөлім: РУХАНИЯТ

Жазиралы жыр мекен Жетісу өлкесіндегі қасиетті білім шаңырағы қара өлеңмен қауышты. Жыр Құлагері Ілияс ақын атындағы жоғары білім ордасында жүректі тебірентіп, тылсым сезім сыйлаған кеш – Мұқағали ақынның 90 жылдығына білімгерлердің тартуы еді.

Ерек қоңыр даусымен «Есіңе мені алғайсың» деп шырқағанда сонау өткен күнге саяхат жасағандай күй кешеді екенсің. Нағыз ер жігітке тән зор үн кешегі өткен Ескендір Хасанғалиев, Ермек Серкебаев сынды танымал тұлғаларды көз алдыңа әкелгендей-ақ. Осындай күйге бөлеген Мерей Жастаев сынды болашақ күміскөмей әнші болатын.

Жас ұрпақтың поэзияға деген шексіз, шынайы құмарлығы олардың Мұқаңмен құрдас, сырлас екендігінің бірден-бір дәлелі. Жалынды жастар ақынның қаламынан тамған ғажап пен азап, өкініш пен өтініш, оқ пен шоқтың тізгінін тең ұстаған өлеңдерін оқып, тыңдарман қауымның ыстық ықыласына бөленді.

«Екі ішектің бірін қатты, бірін сәл-пәл кем бұра, қазақ нағыз қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра!» – деп Қадыр Мырза Әлі бекер жазбаса керек. Бұлбұл көмей әнші Айдана Бекберген Мұқағалидың жерлесі Хасенәлі Саматыровтың «Қарасазым» әнін қара домбырамен шырқағанда Қарасаздың баурайынан бір-ақ шықтық.

Тау ұлының асыл өнерін насихаттау мақсатында 2005 жылдан бері университетте «Мұқағалитану» курсы жұмыс істеп келеді. Бұл бастама жасөспірімнің рухани құндылықтарды бойына сіңіріп, әдеби әлемге қадам басуына ықпал еткені анық. Ілиястанушы ғалым Мұратбек Мұбаракханұлы айтқандай, осындай ұрпағы барда мұзбалақ ақын қазағымен бірге жасай беретіні анық.

Мұз өмірде музасын іздеп, ғашықтық жайлы қалам тербемеген ақын жоқ шығар, сірә?! Бақыттың кілті еш уақытта ит тірліктің азуында кетпеуі керек. Мұзбалақ шайырдың қаламынан туған туындысынан осыны аңғарамыз. «Жас түлек» студенттер театры көрерменге «Қош, махаббат» пьесасынан үзінді ұсынды. Марат Еламанның жетекшілігіндегі қойылым тобы үміт күттірері хақ. Қаны тасып тұратұғын от буын – киелі сахнаның келешек майталманы.

Мұқаметқали Сүлейменұлының ізін қуған, талай тұман тұмшаласа да адаспай артынан ерген шайырлар бар бұл өңірде. Солардың бірі кеш қонақтары Жұматай Оспанұлы мен Жангелді Немеребай ақынның жырын оқып, жүрекжарды лебіздерін білдірді.

«Қараша келген шақтарда, құлазып тұрған бақтарда, жапырақ жайрап жатқанда, қурайлар сыңси қаққанда, есіңе мені алғайсың». Қарашаның қара бұлты тұнжырағанда ақ маңдайлы бекзатты есті ұрпақтың есіне салдық.

«Естідің бе аспанның күрсінгенін? Сол менің саған деген тылсым демім. Ұйықтап жатса оянсын, ояу болса, күңіренген жанымды білсін дедім. Мен деп ойла самалды есiп өткен, мен деп ойла нөсердi есi кеткен», – деп жыр еткендей, сағынышқа оранған сары күзде ойда болсын ойлы адам. Міне, осы әнмен шараны Әділ Құттыбаев тамамдады.

Алтынай МАХИМОВА

Алматы облысы