1986 ЖЫЛҒЫ ЖЕЛТОҚСАН КӨТЕРІЛІСІН ҒЫЛЫМИ ТҰРҒЫДА ЖҮЙЕЛЕУ ҚАЖЕТ

Уақыты: 17.12.2021
Оқылды: 2080
Бөлім: РУХАНИЯТ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әділетті қоғам мен тиімді мемлекет құрудың мақсат-міндеттерін көрсеткен және Қазақстан тарихына барынша көңіл бөлген «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласын жариялап, Желтоқсан көтерілісіне 35 жыл толғанын атап өткені белгілі. Бұл орайда Желтоқсан көтерілісін ғылыми тұрғыда жүйелеп, арнайы оқу құралын жазу міндеті туындап отыр.

Желтоқсан қозғалысын жүйелеуде ең алдымен деректерді жан-жаққа шашыратпай, ешкімді шырылдатпай, ешкімге күмәнданбай, тарихи оқулық түріндегі кітапқа айналдырудың маңызы зор. Бәріміз білетіндей, кез келген оқулық оқушылардың тарихи санасын көтеру үшін жазылады. Онда ұзын-сонар әңгіменің керегі жоқ. Мәселе, нақты және тиянақты да тұжырымды болуы шарт. Сол сияқты Желтоқсан көтерілісі туралы оқулық та дәл осы қалыптасқан стандарт бойынша жазылуы керек. Онда көтеріліске қатысқандардың жалпы сандық мөлшері айтылып, белсенділікке келгенде, қайтыс болғандар мен тергеуге түсіп сотталғандардың сөзіне арқа сүйеген жөн.

Желтоқсан күндері  қазақ  жастары бірыңғай  өздері ғана болған жоқ. Мұны елдегі тұрақтылық пен татулықты сақтау үшін оқулықта міндетті түрде көрсету керек. Мысалы, ұсталып, милицияға әкелінген 2400 адамның ішінде  25 орыс,  18 ұйғыр,  10 татар, 7 қырғыз бары белгілі. Олар көтеріліске кездейсоқ қатысса да бәрібір, Желтоқсан идеясына сенген Қазақстан халықтарының өкілі болатын. Немесе, әкесі орыс, шешесі қазақ болып келетін суретші Вадим Сидоркиннің дүбірлі оқиғадан кейін салған Желтоқсан көтерілісі кезіндегі орыс шовинизмін жан-жақты бейнелейтін суреті бар. Егер оқулыққа осы суретті кіргізіп, суретшінің ойын  шынайы суреттей алсақ, сол сияқты алаңға барған Қазақстан халықтарының қазақтан басқа өкілдерінің алаңға барғандағы ішкі ойын дұрыс жеткізе білсек, кітапта Қазақстандағы ұлт мәселесінің тұрақтылығына да белгілі дәрежеде үлес қосамыз.

Желтоқсан көтерілісінің тарихын жүйелеудің тағы бір тұсы шығарылатын оқулықтағы тақырып мәтіндерінің қоғамдық өмірмен байланысының нақты болып, тақырыптан ауытқымай, мәнді деген мәселелер төңірегінде тартымды баяндалуына барынша назар аудару керек. Бүгінде барша халық «Желтоқсан көтерілісі» оқулығынан мынандай мәселелердің жауабын күтеді:

Социализм мен коммунизмді қалай түсінеміз? Жеке басқа табыну зардаптары, жылымық, «бос жатқан» жер, тоқырау, әкімшіл-әміршіл басқару әдісі дегеніміз не? Көлеңкелі экономика, КСРО деген қандай қоғам болды және оның дүркін-дүркін түр өзгертуін немен түсіндіреміз? Демократия, жариялылық, В.Ленин және ұлт саясаты, Желтоқсанды ұйымдастырушылар, қозғаушы күші, кезеңдері, диалог, жеңіл қарулы әскерлер мен жасақтар, жастар мен интеллигенция белсенділігі, ұлттық және жігіттік намыс, қазақ қыздарының қайсарлығы, халықтың алғашқы түсінігі, «бұзақылық», «нашақорлық», арандату, шовинизмнің көріністері, қазақтан басқа ұлттардың алаңда болуының себебі, заңсыздық, кемсіту, қудалау, қорлау, қамау, тергеу, соттау секілді мәселелерді нақты деректерден алынған шындықпен байланыстыра отырып, оларды өзара үйлесімді тұрғыда ашып көрсете алсақ, қазіргі қолданыста жүрген «Қазақстанның қазіргі заман тарихы» пәндерінің олқы тұстары барынша толығар еді.

Желтоқсан көтерілісінің шындығын ашатын тарихнамалық баяндаулар мен деректемелік нұсқаулар жағына келсек, бүгінде ондай мәселелердің жұтаңдығын мойындау керек. Бұл немен байланысты? Бұған себеп көп. Сол кездегі толқуға билік қамқорлығының солғындығынан бастап жалпы тарихшылардың бел шеше зерттеу жасамағандығы да көтерілісті көмескілендіріп жіберді. Тіпті, кейінгі мемлекеттік мәні бар «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру» сияқты бағдарламаларда да әйгілі көтеріліске қатысты нақты нұсқау мен ауқымды бағыт көрсетілмеді. Қысқасы, бүгінде тура осы мәселеде суырылып алға шыққан тарихшы болмай тұр. Әйтсе де, шындықтың бетін ашатын құнды құжат пен тартымды кітаптарды мүлде жоққа шығара алмаймыз.

Мысалы, доцент Әркен Уақтың Мәскеуден шыққан «Геноцид против казахского народа» деген кітабын құнды құжаттар жинағына жатқызуға болады. Мұндай еңбектердің қатарына Б.Тілегенов пен Т.Сәукетаевтың романдарын да жатқызамыз. Егер көтеріліс туралы көркем шығарма жазғандар санаулы болса, солардың бірі – Нұржан Қуантайұлы дер едім. Оның көтеріліске қатысқандармен сұхбаттаса жүріп және алаңдағы қанды операциялар туралы естеліктерге сүйеніп, 2001 жылы жазған «Қараөзек» романының алғашқы тарауында түрме мен лагерьлерде болып келген жастардың қасіретке толы қилы да қияметті тағдырлары суреттелген. Желтоқсан көтерілісіне бастан-аяқ қатысқан публицист-жазушы Қайым-Мұнар Табеевтің «Қазақтың Желтоқсаны» деп аталатын тарихи-деректік және жылнама тұрғысындағы кітабы зерттеушіні өзінің нақты деректерге сүйеніп жазылуымен тәнті етеді. Бұдан өзге де ғалымдар, тарихшылар, журналистер жекелей, жинақ түрінде үздіксіз зерттеулер жасап келеді.

Міне, осындай материал тігінділерін парақтап қарағанда, Желтоқсан көтерілісін паш ететін маңызды деректік мақалалар легі жылдан-жылға көбейіп келе жатқанын байқау қиын емес. Ендігі межемізде Желтоқсан көтерілісінің 35 жылдығында барлық деректерді жүйелеп, Қазақстан тарихы оқулығына енгізіп, жаңаша зерттеулерді топтастыру, жастардың санасына көтерілістің сипатын ұялату маңызды міндет болып қала береді.

Бақдәулет БЕРЛІБАЕВ,

тарих ғылымдарының докторы