ТӘУЕЛСІЗДІК МЕРЕКЕСІНЕ ОРАЙ БІРНЕШЕ ЖУРНАЛИСТ МЕДАЛЬ ТАҚТЫ

Уақыты: 17.12.2021
Оқылды: 1922
Бөлім: РУХАНИЯТ

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, жақсылығын жеткізіп жүрген қалам иелерінің еңбегі де ескерусіз қалмады. Журналистер үйінде өткен салтанатты шарада Алматы облысы әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов ішкі саясат басқармасының қызметкерлері мен бұқаралық ақпарат саласының өкілдерін марапаттады. 

– Баршаңызды Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын! Отыз жылда тәуелсіз еліміз нық қадам басып, өркендеп келеді. Облысымыз Тәуелсіздік мерекесін толайым табыс пен жемісті нәтижелермен қарсы алып отыр. Экономиканың барлық саласында өсу қарқыны сақталды. Осы орайда Жетісу жері мен мемлекетіміздің ақпараттық дамуына зор үлес қосып келесіздер. Халық пен билік арасында алтын көпір болған, ел игілігі жолында еселі еңбек етіп жүрген журналистерге облыс әкімі Қанат Алдабергенұлының атынан зор алғысымды білдіремін, – деді ол.

Келесі кезекте ҚР Президентінің «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы» мерекелік медалімен бірқатар жандар марапатталды. Бұл қатарда журналистика саласының ардагері, ҚР Журналистер одағының мүшесі Тілеуқабыл Мыңжасар, облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Маупашева, аталмыш басқарманың ұйымдастыру бөлімінің басшысы Алтын Жамбылқызы, «Өлке тынысы» ЖШС директоры Мейрам Жанәділов, контент-менеджер Жұмахмет Жайлаубаев, облыстық «Огни Алатау» газеті редакторының орынбасары Забира Сайділдина, осы газеттің аға тілшісі Бейбіт Мамлеев бар. Ал «Жетісу» телеарнасының директоры Серік Сарыбай, аталмыш телеарнаның редакторы Гүлжанат Мақұлжанова, облыстық «Jetіsý» газетінің бөлім меңгерушісі Айгүл Байбосынова, фототілші Жұмабай Мұсабековке «Халық алғысы» медалі табыс етілді.

Өзге де қалам иелері облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұмановтың, «Nur Otan» партиясының, облыстық мәслихаттың Алғыс хаттарымен марапатталды. Шара барысында облыстық мәслихаттың хатшысы Жанболат Жөргенбаев, ішкі саясат басқармасының басшысы Рахмет Есдәулетов сөз алып, мерекелік ізгі тілектерін жеткізді.

Қаламгерлер атынан сөз сөйлеген журналистика саласының ардагері Тілеуқабыл Мыңжасар:

– Осыдан отыз жыл бұрын мемлекеттігімізді жарияланған кезде қандай едік? Бүгінде осындай биік дәрежеге жеттік. Осы отыз жылда елімізде, мемлекеттің үлкен бір аймағы Жетісу өңірінде атқарылған жұмыстарды көрсеттік, елге жеткіздік. 1991 жылы ауылға қайтайын деп тұрғанда тағдыр айдап Алматыда қалып қойып, Түркістанның түлегі бола тұрсам да сіздермен бірге араласып, жұмыс істедім. Еңбегім жанып, көптеген марапатқа ие болдым. Соның көбіне осы Талдықорғанда еңбек еткен жылдары қол жеткізіппін. Сол үшін алғыс айтамын, – деді.

Елі үшін талмай қызмет етіп, еңбегі ескерілген, кеудесі алтын медальмен жарқырап, құшақтары гүлге толған жандардың жүзінен бұл күні тек қуаныштың лебі есті.

Алма ЕСЕНБАЙ

Алматы облысы