ЕРЛІК ЕШҚАШАН ҰМЫТЫЛМАЙДЫ. ҚОС МАЙДАНГЕР ОБЛЫСТЫҚ КІТАПХАНАҒА КЕЛДІ

Уақыты: 21.05.2022
Оқылды: 1229
Бөлім: РУХАНИЯТ

С.Сейфуллин атындағы Алматы облыстық әмбебап кітапханасының ұйымдастыруымен «Сарбаздар жыры» атты мерекелік кеш өтті.

Аталмыш жиынның шымылдығы №7 орта мектебі «Жетісу тарландары» тобының еліміздің көк байрағын салтанатты түрде алып шығуымен ашылды. Шараның алғашқы құттықтау сөзін С.Сейфуллин атындағы облыстық әмбебап кітапханасының директоры Ғалия Тоқабаева алды. Ол: "Аға буын мен жас ұрпақтың Отанымызды қорғап, қызметке айтулы үлес қосқандарын біз әрқашан мақтан тұтамыз. Еліміздің өркендеу жолында атқарып жатқан игі қызметтеріңізге табыс, отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық, мол бақыт және бейбіт ғұмыр тілеймін", - деп өзінің ақжарма тілегін білдірді.

Кеште өнерпаз Бауыржан Түркістанұлының орындауында «Қазақстан» әні шырқалды. Сонымен қатар, Талдықорған гарнизонының әскери прокуроры, әділет подполковнигі Ғалымжан Төребаев, қорғаныс істер жөніндегі басқарма бастығы, полковник Ерен Мейірбеков, Талдықорған қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әділет Рымтайұлы сөз алып, өз ой-пікірімен бөлісті.

Шарада Талдықорған гарнизоны әскери прокуротурасының атынан ардагерлерге сыйлықтар табысталып, құрмет көрсетілді. Сондай-ақ, қорғаныс істер жөніндегі басқарма басшысының атынан кітапхана директорына Алғыс хат және ардагерлерге арнайы гүл шоқтары мен сыйлықтар ұсынылды. Қазақстан Қарулы Күштерінің 30 жылдығына орай ҚР Қорғаныс министрінің жедел хаты 23 ардагерге табысталды. Жиналған қауымға Отан соғысының ардагері Қаңтарбай ата ақ батасын берді. Артынша Отан соғысының ардагері Төлеубай Шектібаев сөз алып, өзінің соғыстағы естеліктері жайлы әңгіме өрбітті.

Жиында №4 орта мектеп бүлдіршіндері ерлікке үндейтін өлең шумақтарын жатқа оқыды. Оқушылар сарайының мың бұралған бишілері би билеп, «Үміт» мүмкіндігі шектеулі орталығының өнерпаздары мен Қ.Байсейітов атындағы саз колледжінің білімгерлері өнер көрсетті. Мерекелік шара полиция сержанты Ғабит Маратұлының орындауындағы «Көк Тудың желбірегені» әнімен түйінделді.

Кәмилла ТҰЯҚОВА

Алматы облысы