ҮМБЕТӘЛІ КӘРІБАЕВ МЕКТЕБІНІҢ ОҚУШЫЛАРЫ ЖЕТІСУ ЖАУҺАРЛАРЫМЕН ТАНЫСТЫ

Уақыты: 11.08.2022
Оқылды: 1626
Бөлім: РУХАНИЯТ

Балалар жылы аясында Ү.Кәрібаев атындағы орта мектептің оқушылары Талдықорған қаласындағы музейлер мен галереяны аралап қайтты.

Ү.Кәрібаев әдеби-мемориалды музейі мен М.Тынышпаев атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейі бірігіп ұйымдастырған шара балаларға ерекше әсер етті. Жетісу жерінің көрікті де киелі жерлерінен өздеріне рухани азық алды.

М.Тынышпаев атындағы облыстық музейді аралау қызықты болды. Музейде өлкеден шыққан атақты тұлғалардан бастап, тәуелсіз ел тарихына дейінгі деректер қойылған. Сол сияқты, Жетісу өңірінің аң-құстары, өсімдіктеріне арналған бөлім де жастардың қызығушылығын тудырды.

Ілияс Жансүгіров әдеби-мемориалды музейінде Үмбетәлі мен құлагер ақынның шығармашылық байланыста болғаны жайлы айтылды.

«Өлеңге Жамбыл жүйрік, әнге Кенен,
Су жорға Үмбетәлі қара дөнен»,
– деген Ілияс ақынның жыры оқылды.

Өз кезегінде оқушылар облыстық көркемсурет галереясына ат басын бұрды. Аталған галереяда Қазақстанға танымал көптеген қылқалам шеберлерінің туындылары көрмеге қойылған. Галерея қызметкерлері оқушыларды қарсы алып, әрбір туындының тарихымен таныстырды. 

А.ИСКАКОВА,

Ү.Кәрібаев әдеби-мемориалды музейінің қызметкері

Жамбыл ауданы,

Алматы облысы