ҰЗЫНАҒАШ АУЫЛЫНДАҒЫ МЕКТЕП МҰҒАЛІМІ АҚШ УНИВЕРСИТЕТІНЕ ОҚУҒА ТҮСТІ

Уақыты: 19.08.2022
Оқылды: 2340
Бөлім: РУХАНИЯТ

Ұзынағаш ауылындағы Т.Рысқұлов атындағы орта мектептің математика пәні мұғалімі Гүлзия Құрманқұл Оңтүстік Флорида штатындағы университеттің магистратурасына «Болашақ» бағдарламасы арқылы грант жеңіп алды. Бұл жайында біз Гүлзия Құрманқұлдың өзінен сұрап, сұхбаттасқан едік.

– Гүлзия,  сіздің ағылшын тілін меңгергеніңізге қанша болды? АҚШ-қа оқуға түсуге тілді жетік меңгергеніңіз септігін тигізді ме?

– Бәріміз ауылда мектеп қабырғасында ағылшын пәнін белгілі бір деңгейде оқыдық қой. Мектепті тәмамдаған соң университетте неміс тілін үйрендім. Бірақ мектепте сабақ бергендіктен өз шәкірттерімнің халықаралық олимпиадаларда жеңімпаз болуын армандайтынмын. Ол үшін алдымен, әрине, тіл білуің керек. Тілдің ішінде де сұранысқа ие болған ағылшын тілін білу өте маңызды. Сол үшін мен алдымен өз білімімді жетілдіруге тырыстым.

– АҚШ университетіне қалай түстіңіз?

– Өз білімімді жетілдіру үшін көптеген ұстаздардың сабақтарын қарастырдым. Солардың ішіндегі ең тиімдісі әрі оңайы Диас Жорабеков атты ұстаздың сабақтары болды. Оның оқуының ақысы да қолжетімді әрі өзі – «Болашақ» бағдарламасының екі дүркін стипендиаты атанған. Алғашында мен Диас Жорабековтың сабақтарын ютуб желісі арқылы қарап дайындала бастадым. Күніне 5-6  сағат уақытымды жұмсадым. Басында бәрі қиын болды. Ағылшынша сөйлемек тұрмақ, дұрыс оқи да алмайтын едім. Сөйтіп бірнеше ай қиналып жүріп, тілім жаттықты, сөздік қорым көбейді.

– Ағылшын тілін қанша уақытта меңгердіңіз?

– Бір жарым жыл уақытым кетті. Содан кейін IELTS тестін тапсырдым. Ең жоғары балл жинап, «Болашақ» бағдарламасы арқылы АҚШ-тың грантын ұтып алдым.

– АҚШ-қа  оқуға қашан аттанбақсыз?

– Қазіргі таңда виза рәсімдеп жатырмын. Арман орындалатынына көзім жетті. Тек сол арман орындалуы үшін талмай еңбек ету керек. Сонда ғана нәтижеге жетуге болады. АҚШ-тан білімімді шыңдап, еліміздің өркендеуіне өз үлесімді қоссам деймін.

Сұхбаттасқан - Елдар ЖАҚЫПБЕКОВ

Ұзынағаш ауылы,

Алматы облысы