ҚОНАЕВ ҚАЛАСЫНА МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРІ КЕЛДІ. ХАЛЫҚПЕН КЕЗДЕСУ

Уақыты: 19.08.2022
Оқылды: 1693
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қонаев қаласындағы Мәдениет үйінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Дәурен АБАЕВ Алматы облысының тұрғындарымен кездесті. Жиынға облыстық, аудандық деңгейдегі атқарушы органдардың басшылары, мәслихат депутаттары, қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және мәдениет, спорт, туризм салаларының қызметкерлері қатысты.

"Қазіргі кезде халықты ақпараттандыру, мемлекеттік органдардың тұрғындар алдындағы жауапкершілігін арттыру мақсатында Үкімет мүшелері аймақтарға шығып, олардың мұң-мұқтажына құлақ асып, есепті кездесулер өткізуде. Сол мақсатты бетке алып, біз сіздермен жүздесіп отырмыз", – деген Дәурен Әскербекұлы баяндамасында мәдениет, спорт, туризм салалары бойынша алдағы уақытта іске асырылуға тиіс шараларға тоқталды.

Айтуынша, министрлік тарапынан көптеген ірі жобалар қолға алынуда.Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында республикалық мәдениет мекемелері, мұрағаттар және құжаттама қызметкерлерінің жалақысы 50 пайызға көтерілген. Осы сала қызметкерлерінің жалақысы 2025 жылға дейін тағы өспек. Сондай-ақ, министрлік әдебиет саласын өркендетуге де ден қойып отыр. Осы ретте қаламгерлер мен баспагерлерді Мемлекет тарапынан ынталандыру мақсатында биылдан бастап бірқатар әдеби сыйлықтар тағайындалады. Бұл бағытта қазір конкурс жүргізілуде.

Тағы бір жағымды жаңалықтың бірі – таяуда мәдениет пен өнер қайраткерлерінің шығармашылығын қолдау мақсатында «Ұмай» ұлттық сыйлығы жарияланбақ. Сыйлықтың жалпы жүлде қоры 54 миллион теңгені құрайды. Қомақты қаржының басым бөлігі 19 аталым бойынша: театр, музыка, хореография, сәндік-қолданбалы және бейнелеу өнері үздіктеріне үлестіріледі. Сонымен бірге, ұлттық мәдениет саясатына қатысты үлкен тұжырымдама жасалатын болады. Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» акционерлік қоғамы жанынан «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігін құру жоспарлануда.

Министр «Артспорт» жобасын жүзеге асыру барысында туындаған қаржыландыру мәселесін шешу жолдарын түсіндірді. Биыл сабақтан тыс спорттық жаттығулар жүргізетін мамандардың еңбекақысы 100 пайызға көтерілгенін және дене шынықтыру мен спорт саласындағы мамандандырылған мектептер мен колледждер қызметкерлерінің еңбекақысы келесі жылға дейін өсетінін, жаттықтырушылар мен төрешілердің материалдық жағдайын жақсарту мәселесі де назардан тыс қалмайтынын айтты.

Бұдан бөлек, министр Алматы облысындағы спорттық секцияларда 60 мыңға жуық адам спортпен шұғылданатынын, таяуда ұлттық спортты, оның ішінде ат спорты мен ат туризмін жаңғырту мақсатында «Ұлы дала жорығы» атты жаңа жоба қолға алынып жатқанын мәлім етті. Сонымен бірге туризм саласы жақсарып, елімізге келетін туристер санының өткен жылмен салыстырғанда біршама өскенін мәлім етті.

Соңында Дәурен Әскербекұлы облыс орталығы мен өңір тұрғындарының сұрағына жауап берді.

Футболда разряд алу нормативтерін өзгертуді ұсынған Қонаев қаласы тұрғынының айтуынша, бұл күрделі. Д.Абаев бұл мәселе бақылауда екенін, ол бойынша талдау жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты.

Гидтер қауымдастығының өкілі олардың санының жеткіліксіздігін, осы мамандық бойынша оқу орталығын ашуды ұсынды. Ол тургидтерге қаржыландыру, гранттар, субсидиялар ұсынылмайтынына қынжылыс білдірді. Дәурен Әскербекұлы ұсыныстың орынды екенін айтып, оны жазбаша түрде баяндауды сұрады. Туристік-ақпараттық орталықтар бірнеше облыста гид мамандығы бойынша оқытады. Гидтердің қызметін заңнамалық реттеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл мәселе шешімін тапса, гидтердің жыл бойы жұмыс істеуге мүмкіндігі бар. Өйткені, Қазақстанда туристерге жыл бойы қызмет көрсетуге болады.

Этноауылдың өкілі туристерге қызықты болатын ұлттық ойындарды көрсетуге кеңес берді. Ұлттық спорт түрлерінің қауымдастығы жұмыс істейді, келесі жылдан бастап Ұлттық спорт түрлерін қолдау орталығы қызмет көрсете бастайды. Сондықтан айтылған ұсыныс іске асырылып, этноауылдың аталған ұйымдармен ынтымақтастығы жолға қойылады. Бұл туралы ведомство басшысы хабарлады.Демалысты ұйымдастыруға маманданған кооператив басшысы электр энергиясы, ауыз су, қоғамдық көлікпен қамтамасыз ету мәселесін шешуді сұрады.

Жиын соңында жеке қабылдау өткізіліп, азаматтар министрге өздерін толғандырған сауалдарын қойды.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Фото - Жұмабай МҰСАБЕКОВ

Алматы облысы